Жаңғыру – жаңа биіктердің бастауы

3056
0
Бөлісу:

Әлемге бітім мен татулық нұрын таратқан Астананың төріндегі Бейбітшілік және келісім сарайында ел Президенті – ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Қазақстан халқы ассамблеясының XXV сессиясы өтті. Бұл жиынға «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбы арқау болды.
Ассамблея сессиясының жұмысына 1500-дей адам қатысты. Олардың арасында ҚХА-ның барлық өңірлерден келген мүшелері мен ардагерлері, рес­публикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы орган­дардың, саяси партиялардың, діни бір­лестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, шет мемлекеттердің еліміз­дегі дипломатиялық миссиялары, ғылы­ми, шығармашыл зиялы қауым өкілдері бар.
Жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде Елбасы 2017 жыл тәуелсіз Қазақстан тарихында еліміз үшін ерекше жыл болып саналатынын атап өтті.
– Жүйелі жаңғыру биыл біздің бүкіл жұмыстарымыздың өзегіне айналды. Біріншіден, экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Екіншіден, саяси жаңғы­руды бастадық. Үшіншіден, рухани жаңғыруға кірістік. Бұған мен «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаламды арнағанымды білесіздер, – деді Мемлекет басшысы.
Президент бағдарламалық мақа­ладағы негізгі міндеттерге назар ауда­рып, Қазақстан қоғамының даму кезең­деріне қатысты ойын ортаға салды.
– Ең алдымен, болашақ қазақстан­дықтың болмысын айқындап, қандай болуы қажеттігін атап өттім. Біріншіден, ол – әлемдік бәсекеге қабілетті жасампаз тұлға. Екіншіден, алдына нақты мақсат­тар қойып, соған ұмтылатын прагматик әрі реалист. Үшіншіден, ұлттық біре­гейлігін нығайтып, ұлтының дамуын тежейтін барлық нәрселерден бас тар­татын адам. Төртіншіден, білімнің сал­та­нат құруын ең маңызды іс санай­тын, жаһандық білімнің шыңына шыққан жан. Бесіншіден, тек эволюциялық даму ғана халқының өсіп-өркендеуіне мүм­кіндік беретінін жақсы түсінетін саналы азамат. Алтыншыдан, ол – түрлі тілдерді игерген, әлемнің үздік тәжірибелерін алуға және заман талаптарына сай өзге­руге қабілетті, сана-сезімі ашық жан, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Елбасы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның рөліне тоқталып, бағдарламалық мақалада көрсетілген жобалардың терең зерттелуінің маңыздылығын айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы ассамблеясының рухани жаңғыруға белсене атсалысатынына сенім білдіріп, ассамблея мүшелеріне өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін бірқатар жобаға тоқталды.

– Бірінші. «Туған жер» жобасы ас­самблея үшін зор мүмкіндіктерге жол ашып береді. Екінші. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына ассамблея тікелей қатысып, басы-қасында жүруі керек. Біздің қаншама замандастарымыз, қаншама ассамблея белсенділері ел игілігі үшін риясыз қызмет етіп жүр. Ұлтына, қай өңірден екеніне, жынысына қара­мастан, біз олардың барлығын елге таныта білуіміз керек. Мұнда қойылатын талап біреу ғана, ол – азаматтың Қазақ­стан дамуына қосқан үлесі. Үшінші, ассамблея «Жаһандағы заманауи қазақ­стандық мәдениет» жобасына табысты атсалыса алады, – деді Қазақстан Прези­денті.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев жастардың сана-сезімін қалыптастыру үшін айрықша маңызы бар «Жаңа гуманитарлық білім» жобасын атап өтті.
– Жоба әлемнің жетекші тілдерінен ең үздік оқулықтарды қазақ тіліне ауда­руды көздейді. Философия, әлеумет­тану, экономика, мәдениеттану, шығыстану салалары бойынша ағылшын, орыс, француз, испан тілдерінде және басқа да тілдерде басылған тамаша оқулықтар бар. Оқу процесіндегі ғылыми айналымға олардың енгізілуі отандық білімді жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы мемлекет пен қоғам алдында тұрған заманауи жаһандық сын-қатер­лерге назар аударып, орталық және жер­гі­лікті мемлекеттік органдарға еліміз­де бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін ерекше шешімдер қарастыруды тап­сырды.
– Тұтас қоғам да, жеке азаматтар да бейбітшіліктің, тұрақтылық пен келі­сімнің өздігінен келе салмайтынын білуге тиіс. Мемлекет ұдайы этносаралық және конфессияаралық процестердің тамырын басып, жіті қадағалап отыр. Ұлттық бірлік­ті нығайта түсу үшін Қа­зақ­стан халқы ассамблеясы мен барлық мемле­кеттік органдар тұрақты, күнде­лікті жұмыс жасауда, – деді Қазақстан Прези­денті.
Нұрсұлтан Назарбаев қабылданып жатқан шаралардың дұрыстығын және өз уақытында атқарылып жатқанын атап өтіп, Қазақстан халқы ассамблеясы мен мемлекеттік органдар алдына жаңа міндеттер қойды.
– Бірінші міндет. Жүйелі жаңғыру­дың мақсаттарына жауап бере алатын қоғам­дық сана-сезім қалыптастыру ке­рек. Бұл процеске мемлекет пен азамат­тық қоғам, білім беру мен әлеуметтік сала, жеке бизнес пен масс-медиа, бәрі де тартылуы қажет, – деп тапсырды Елбасы.
Мемлекет басшысы екінші міндет ретінде азаматтық бірегейлікті нығай­тып, бірлік пен келісімді қамтамасыз ету қа­жеттігін айтты. Осыған орай, Қазақ­стан Президенті бірқатар нақты тапсыр­ма берді.
– Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне облыс әкімдерімен бірлесіп, ассамблеяның барлық деңгей­дегі қоғамдық келісім кеңестерінің діни экстремизмге қарсы тұру жөніндегі 2017-2018 жылдарға арналған жоспарын да­йын­дауды тапсырамын. Сонымен қатар ҚХА қоғамдық келісім кеңестері­нің жұмысын реттеп, олардың қызмет­терінің нақты критерийлерін жасауы керек. Бұдан бөлек, Үкіметке қайырым­дылықты дамыту, оның ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкім­дері ҚХА жұмысының жаңа бағдарын – қоғамдық келісім кеңестері, қайы­рымдылық және медиация жұмыстарын күшейтуі қажет, – деп тапсырма берді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сессия барысында Мемлекет басшы­сы ақпараттық жұмыстарға ерекше мән беріп, 2018 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының көпфункционалды муль­­тимедиалық порталын ашуды, сон­дай-ақ «Қазақстан халқы» интерак­тивті тарихи картасын жасауды тап­сырды.
– Ел иесі – қазақтың мемлекет құраушы ретіндегі айрықша рөлін ескере отырып жасалуы тиіс электронды карта ежелгі қазақ жерінде сан түрлі ұлт өкіл­дерінің ұйысу процесін көрнекі және толық көрсетіп береді. Білім және ғылым министрлігіне ҚХА-мен бірлесіп ғылы­ми негізде осы интерактивті картаны жасап, келесі жылы «Алғыс айту» күніне орай тұсауын кесуді тапсырамын! – деді Елбасы.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті бизнес, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерін «Туған жер» жобасына қатысуға және өз ауылдас­тарын қолдау үшін күш жұмылдыруға шақырды.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды алдағы 1 ма­мыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бейбіт өмір, игілік пен бақ-береке тіледі.

Ынтымақ ұйыған, ырыс құйылған құтты ұя


Сессияда өңірлерден келген деле­гаттар, ҚХА мүше­лері, шетелдік қо­нақ­тар, жұмысшы мамандықтарының, жастар ұйымдарының, азаматтық қоғамның өкілдері және басқалар сөз сөйледі. Олардың арасында сондай-ақ «Ұлттық еріктілер желісі» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы, шаруа қожа­лығының жетекшісі, Росарио қаласының (Аргентина) Қазақстан мәдениеті орталығының директоры, қоғамдық ұйым жетекшісі және басқалары бар.
Алдымен сөз алған Шығыс Қазақ­стан облысы ҚХА ғылыми-са­рап­шылық тобы­ның төрағасы Нелли Краснобаева Елбасын ассам­блея­н­ың XXV ме­рей­­тойлық сес­сия­сымен құттықтады.
– Осы уақыт ішінде Қазақстан халқы ассамблеясы деген сөз достық, сенім, бейбітшілік, бірлік сөздерінің сино­ниміне және болашаққа деген ұмты­лыстың символына айналды. Қазақ­станның да, ассам­блеяның да күн тәртібіндегі басты мәселе – қоғамдық сананы жаңғырту болып отыр. Өз сөзіңізде сіз: «Ассамблея оны жүзеге асыруға барынша белсенді қаты­суы тиіс» деп атап көрсеттіңіз. Сізді сендіргім келеді: біз лайықты және өнімді жұмыс жасайтын боламыз! – деп уәде етті Н.Краснобаева.
Қазақстанның рухани жаңғыруы – білім, дәстүр және инновацияға сүйенген ұлттық код. Сондықтан да Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы – ХХІ ғасырдағы ұлтымыз­дың рухани өркендеуінің жаһандық стратегиясы. Тарихта Жапония, Малай­зия, Индонезия, Түркия секілді әлемдегі әр елде дәстүр мен прогресті үйлестірген төл идеялары болды және солардың арқасында бұл елдер өзгеріп шықты.
Әлемді идеялар билейді. Елбасының бағдарламалық мақаласы дәл осындай жаңа өмірлік мағыналар мен дамудың көкжиектерін ашады.
«100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қа­зақстандағы 100 жаңа есім», «Қазақ­станның киелі жерлерінің географиясы» және басқа да кең ауқымды жобалар сананы жаңа деңгейге көтереді, Ұлттың заманауи рухани діңін қалыптастырады» деген ол сөз соңында Республикалық әлеуметтік-демографиялық даму зерттеу институтын құруды ұсынды. Бұл үшін қажетті кадрлар бар көрінеді. «Болашақ» бағдарламасы аясында Демография мамандығы бойынша ендігі 24 магистр мен 10 ғылым докторы даярланған.
Молдован эт­но­сының өкілі, ең­бек және техника қа­уіпсіздігін қорғау ма­маны Сергей Руссу энергетик­тер­­дің еңбек әу­ле­ті­нен шыққан екен.
– Менің кә­сі­бім – қауіпсіздік техни­касы. Қа­уіп­сіздік техникасы барлық жерде және әрдайым прагматизм мен эволю­ция­лылық қос қағидатқа құрылады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» қауіпсіздік техни­касы, тек ол рухани, әлеуметтік салаға арналған. Сіз «праг­матизм – заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі» деп дұрыс айттыңыз. Олай болмаса, елді құрдымға бастайтын популистік идеоло­гиялар пайда болады. ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы Мол­довадағы этнос­аралық қақтығыстар туралы бізде Қазақстанда көп біле бермейді. Оны өз көзіммен көрдім. Сеніңіз, мұның өте қор­қынышты екені сонша, кез келген этносаралық қақ­тығысты бірден адамзатқа қарсы қылмыс деп жариялауға болады. Мол­дова халқы оның салдар­ларын әлі күнге тартып отыр. Жақсы өмір іздеп, көп­теген молдовалықтар өз Отанын тас­тап, бүкіл әлемге шашылып кетті. Бұл бү­к­іл ұлттың трагедиясы емес пе? – деді С.Руссу.
Ол өз өмірінен мысал келтіре кетті. Әйелі Аурелияны ол Қазақстанға 1998 жылғы дағдарысты жылда алып келген екен. Қазір ол да Қазақстанға бауыр басып, мыңдаған молдовалықтар мен румындар сияқты оны «өз үйіндей» сезінетін болыпты.
Қазақстанда соғысуды емес, өмір сүруді, қарудан атуды емес, құрылыс салу­ды, балаларын майданға аттанды­руды емес, оларға бейбіт күнгі тәрбие-тәлім беруді қалайтын адамдар өмір сүруде.
«Біз қолда барды қадірлеп, оны кейінгі ұрпаққа табыстауға тиіспіз. Осы мақсатта мен Ақсуда «Буковина» атты румын-молдовалық этномәдени бірлестік филиалын ұйымдастырдым, ассамблеяда жұмыс істеймін. Біз үшін бейбітшілік пен келісім – ең прагма­тикалық құнды­лықтар» деген ол Елбасыға қайырылды.
– Құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы! Барша қазақстандықтар біледі: қауіпсіздік пен тұрақтылық дегеніміз – жарық пен жылу, біздің жанымызға ұялаған жайлылық, тыныштық сезімі. Бұл – халқымыздың бірлігі, біз оны күн сайын нығайтатын боламыз. Бүгін өзіңіз айтқаныңыздай, «Бірлік – күн сайын дәлелдеуді қажет ететін формула». Ендеше, біз дамудың заңдылықты кезеңдерінен секіріп өтуге талаптанбай, күрт бетбұрыстарсыз жұмыс жасауға тиіспіз. Энергетикпін, жақсы білемін: сымдағы тоқ кернеуінің күрт көтерілуі жаңа тоңазытқыш сатып алу мақсатында дүкенге барумен аяқталады. Мемлекеттегі кернеудің күрт артуы, сіз айтқандай, зорлық-зомбылықпен және экономи­калық күйреумен аяқталады. Демек, әрбір адам үшін тұлғалық, дара деңгейдегі эволюция аксиома саналады. Бір сәтте байып шыға келу қиын. Бұл үшін жұмыс істеп, көп еңбектену, бәсекеге қабілетті болу керек! – деген ой қосты Сергей Руссу.
Сөзін қорыта келе, ол қазақстан­дықтарды «жерді және ондағы бейбіт­шілікті сақтауы үшін Елбасыға көмектесуге» шақырды.
«Ақтау ха­лықаралық теңіз сауда портының» жүк арту-жүк түсіру кеше­нінің айлақ жұ­мысшысы-меха­низаторы, украин этносының өкілі, 27 жастағы Евгений Галатырь Прези­денттің «Болашақ­қа бағ­дар: рухани жаң­ғыру» мақаласы жас ұрпаққа бағыт­талғанына назар аударды.
– Сіз біздің алдымызға жаңғыру міндетін төтесінен қойдыңыз. Біз бұған дайынбыз! Біз инновацияларға ашықпыз, өнімділікті арттыруға әзірміз. Еңбекқор жастар – сіздің сенімді одақтастарыңыз. Бізге, әсіресе, сіздің прагматизм идея­ларыңыз жақын. Менің түсінуімше, прагматизм – егер адам көңілді, жігерлі жұмыс жасаса, кез келген кәсіп лайықты дегенді білдіреді. Сондықтан да мен – айлақ жұмысшы­сы­мын. Бұл тамаша! Осыдан 25 жыл бұ­рын Қазақстан теңіз державасына айналады деп кім ойлаған? Ешкім де. Президент болса, теңіз айла­ғының маңыздылығын әрда­йым білген. Нәтижесінде, Ақтау жаңа­дан дүниеге келді. Біздің қала кезін­де көліктік тұ­йыққа тірелген. Бүгінде сіздің арқаңызда біз бүкіл әлеммен тікелей байла­нысудамыз, – деп сендірді жас маман.
Оның айтуынша, қазір Ақтау көшелерінен ғаламшардағы барлық тілдерді естуге болатын көрінеді. Айлақ кәсіптері жастар арасында сұранысқа ие екендігі де айтылды.
«Жақында ғана сіз біздің облысқа сапармен келіп қайттыңыз. Жұртшылық оны әлі күнге дейін жыр етуде. Рақмет сізге! Сіз халықтың көңілін көтеріп кет­тіңіз!» деп аяқтады сөзін айлақ жұмыс­кері.
Осыдан кейін белгілі ақын, айтыс өнерінің жана­шы­ры Жүрсін Ер­манға сөз берілді.
– «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты ма­қала жарыққа шық­қанға дейінгі қазақ ұлты­ның көңіл ауаны бір бөлек, жарыққа шыққаннан кейінгі көңіл күйі бір бөлек дер едім, – деп бастады ол сөзін. – Қазақ қоғамының осындай бір түбегейлі өзгеріске зәру екенін әрқайсысымыздың ішіміз сезуші еді. Осындай бір сілкіністі, серпілісті күтетін сияқты едік. Бұл аса күрделі де көреген бағдарлама күтке­німізден де асып түсті. Құр­метті Елбасы, рухани жаңғыру­дың, қазақ қауы­мын түлетудің бар­лық кешенді ша­ра­ларын Сіз со­қырға таяқ ұс­тат­қандай анықтап, қолымызға шырағдан жағып бердіңіз. Бүкіл зиялы қауым осы мақаладағы озық идеяларды қолдап, қоштап отыр деп нық сеніммен айта аламын. Тәуелсіздік ал­ған­нан бергі жылдардағы шешімін тап­пай келе жатқан ең күрделі мәселе осы рухани жаңғыру болса, еліңізді, хал­қыңызды, ұлтыңызды рухани азат­тыққа бастаудың жолын көрсетіп беріп отыр­сыз. Енді осы сындарлы шақта төңі­регіңізден табылып, сізге қолдау көр­сету – ұлттың зиялы қауымына да сын.
Елбасы өз мақаласында «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбе­гендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деген қатал да әділ қағиданы келтіреді.


Ұлы хакім Абай: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам міне­зін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген. Дәл қазір – әр қазақтың түбегейлі өзгеретін, ойын, жан сарайын жаңғыртатын шағы. Уақыттың ұтымды шағында уысымызға түсіп тұрған тарихи мүмкіндікті қос қолы­мызбен қолдап, заман көшіне ілесудің барлық шараларын қамтып қалу керек екенін ең алдымен, шығарма­шылық адамдары жақсы түсінгендері жөн.
Оның үстіне Қазақстан Көшбасшысы рухани жаңғыру үшін ұлттық кодты сақтай білу маңызды екенін атап көрсетті. Бұл – ұлт жанашырларының жүрегіне жететін сөз. Ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей келе жатқан тектілігімізді тану, намы­сымызды ояту, ұлттық қадір-қасиетімізге жүгіну деген сөз. Көк түріктердің қара шаңырағында отырған текті халық өзінің «тамырында бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерін қайта түлетуге» құлшынатын шақ – осы! Осы тұста бір сілкінбесек, бір серпілмесек, халық­тығымызға да, елдігімізге де сын.
– Құрметті Елбасы! – деп жалғады сөзін Ж.Ерман. – Тарихи мақалада белгіленген барлық жаңғыру шаралары ұлтым деп еміренетін әрбір зиялы азаматтың ішін жылытып отырғаны сондықтан. Жазушы болсын, ақын мен артист, сазгер болсын, бүгін үміттің отын үрлеп, сенімнің атына мініп отыр. Әсіресе, латын әліпбиіне көшу туралы шешімді біз толық қолдаймыз. Мем­лекетіміздің тәжірибесінде бұрын да болған латын әліпбиі өркениет әле­міндегі бағдарымызды түбегейлі өзгер­тетінін көріп-біліп отырмыз. Сексен жыл сері­гіміз болған кирил­лицада қағазға түскен мыңдаған әдеби шығарманың ең халыққа қажеттісі ғана кәдеге жарайды! Ұлт мүддесіне жарайтындары ғана көшке ілеседі! Бұл табиғи сұрыптау емес пе! Кириллицаға бауыр басып қалған кертартпалар «орыс мәдениетінен көз жазып қаламыз» деп уайымдамай-ақ қойсын. Тарихи тағдырлас көрші­міздің, орыс елінің Пушкин, Толстой мен Тургенев, Есенин мен Евтушенко секілді алыптары жасаған мәңгілік мәдениет біздің руханиятымыз үшін ешқашан бөтен болмайды. Ең бас­тысы – әлемге ортақ рухани игілікке жүрегіміз ашық!
Ақынның айтуынша, Н.Назарбаев ұсынған «Туған жер» бағдарламасы да зиялы қауымды енжар қалдыра алмайды. Кіндік қанымыз тамған жердің көне тарихын тереңдете жаңаша зерделеу, оның бүгінгі мәдениеті мен салт-дәстү­ріне атсалысу арқылы біздің әрқайсысымыз бабалар алдындағы перзенттік пары­зымызды өтеуге үлес қосуымыз керек.
– Ауылға «аламын» деп, ат мініп, шапан киеміз деп баруды доғаратын кез жетті. Ат жалын тартып мінген шақта ауы­лыма не септігім тиеді деп ойланба­сақ құр санатта болып, саннан табыл­ғанның несі сән? «Қазақстанның 100 жаңа есімі» дегенде, бүгінгі заманның жас ұрпағына үлгі етіп ұсынар елдің ерлері, ұлттың ұстындары анықталар құндылықтардың орны белгіленер деп отырмыз. Үлкенін сыйлау, қариясын құрметтеу – біздің ұлттық дәстүріміз. Сындарлы сәттерде елге тоқтау айтар, басу айтар, өскелең ұрпаққа өнеге болар азаматтарға зәруміз. «Әй» дейтін әжесі, «қой» дейтін қожасы» бар ел азбайды. Соған орай, елдің тәуелсіздігі жолында маңдай терін төккен қайраткерлермен қатар лайықты жастар да қоғамнан дер кезінде өз бағасын алса, бұл елдің көңілін тоғайтады. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын» деп бекер айтылмаған» деді Ж.Ерман.
Елбасымыз ұлт болып ұйысудың сара жолын сілтеп отыр. Ендігі жерде соны жүзеге асыру елдікке де сын, ерлікке де серт. «Ендеше, білек сыбанып іске кірісейік!» деген үндеумен тәмам қылды сөзін ақын.
Осы орайда өз пікірін білдірген Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаев айтыскер ақындар тек қиыннан қиыс­тыра, төтеден төге сөйлейтін тапқыр және суырыпсалма ғана емес, сондай-ақ ел қамын, болашақ мұратын ойлар саналы, ақылды болғаны жөн екеніне назар аудартты:
– Айтыс та рухани жаңғыру страте­гиясына кіреді. Бала кезімізден айтысты жақсы көреміз, ақындардың жанында отырып алып, талай сүйсіне тыңда­ғанбыз. Мені де қинайтыны, телеарнаға шығады да, бүкіл Қазақстан халқының алдында не дұрыстап домбыра тарта алмайды, не сөзінің қисыны да келмейді. Не әуені де жоқ. Ондайды басқа халықтарға көр деп қалай ұсынамыз?! Менің ойымша, іріктеу сынақтары облыс-облыста өтсе, солардан тек үздік шыққандарын, дүлдүлдерін ғана таңдап, республикалық деңгейге көрсет­сек. Оның дауысы, әуені, сөзі бір-біріне сай, үйлесім тауып отыруы керек. Кезінде қазақтың атақты айтыскерлері қырғыз­дармен айтысқан, өзге елдерді ескеру керек. Сүйінбай, Жамбыл және басқа да айтыскерлерімізді алыңыздаршы, қандай керемет! Әні де ғажап, сөздері де терең даналық пен философияға толы, – деп жөн сілтеп, жоба көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Шешен этно­сы­ның өкілі, жур­налист Р.Идрисов «Болашаққа бағ­дар: рухани жаң­ғыру» мақаласына тоқтала келе, мы­сал-үлгі ретінде АҚШ президенті Лин­кольннің елді жаңғыртуға арналған сөзін жә­не оның ке­зінде америкалықтарға ора­сан зор әсер еткенін келтірді.
– Бұл сөздер АҚШ-ты өзгертті, аме­ри­калық ұлттың топтасуына жасалған та­рихи қадамға айналды. Әсіресе, мен сіз­дің ашық сана туралы ойыңыз жақын қабылдадым. Шынында, сіз айтқандай, біздің бұқаралық сана-сезіміміз «отбасы, ошақ қасы» аясында қалмауы қажет. Біз үл­кен әлемде, ғаламшарымыздың басқа бө­лігінде не болып жатқанын нақты білу­­ге тиіспіз. Журналист ретінде мен Си­рияға және Ауғанстанға да сапар жа­садым. Бү­гін сонда жасаған ре­пор­таж­дарыма енбей қалған жайттарды айтқым келеді. Қазақ­стан – Жаратқан иенің өзі берген үлгі, бей­бітшілік пен мейірім­ді­лік­тің ұлы са­бағы деген нақты түсінігім енбей қалды. Жыл басында оператор Қанат Әбділдин екеуміз Сирияның Хомс атты про­вин­циялық қаласында болып қайттық. Қала шайқастар кезінде 90 пайыз­ға қираған екен. Біз кезінде та­бысты бизнесмен бол­ған адамды ке­зік­тірдік. Бүгінде ол бұ­зыл­ған сауда кө­ше­сінде тұрмыстық химия өнім­дерін сатып отыр. Бірақ сатып алу­шылары жоқ. Ол бейбітшілікке, бола­шақ­қа, өмірге деген сенімнің тірі символы ре­тінде отыр. Тартусқа Дамаскіден, Паль­мирадан және Алепподан босқындар жиналған екен. Бұл адамдардың шеккен аза­бын көре оты­рып, біздің бақуатты өмі­рімізді айрық­ша қадір тұта бастайды екен­сің. Репортажға тағы бір сыймай қал­ғаны – Сирияда немесе Ауғанстанда жер­гілікті халықтың Қазақстан туралы айт­қан алғыс сөздері еді. Қарапайым бұқара халық бейбіт Қазақстанда олардың қайғылы жағдайлары туралы білетінін және көмектесуге тырысатынын көзге елестете алмайтындарын айтып, жы­ла­ды» деген журналист олардың Қазақстан жеткізіп жүрген гуманитарлық көмектері үшін алғыстарын Мемлекет басшысына жеткізді.
Петропавлдан кел­ген орыс этно­сы­­­ның өкілі, Сол­түс­­­тік Қазақстан об­­­лысындағы ба­ла­­лар ауруха­на­сы­ның нефрология бө­лі­мі­нің меңгеру­шісі Оль­га Шума­кова да ри­зашылық се­зімін Елбасыға жеткізуге келіпті:
– Біз Қазақстанда 1849 жылдан бері, яғ­ни 168 жыл бойы өмір сүрудеміз. От­басымның барлық ұрпақтары еңбектене жүріп өмір сүруге бой үйреткен. Біз қа­зақстандық жоғарғы оқу орындарында оқы­дық, тіпті күрделі кезеңдерде де біз­дің ешқайсысымыз Қазақстаннан көшіп кет­кен жоқпыз. Бүгінде елімізде ме­дицина өркендеуде. Яғни, бәріміз үшін еңбек – қуаныш. Біздің аурухана – ең үз­діктердің қатарында. Біз алғашқылар­дың бірі бо­лып жүрегінде туабітті ақау­лары бар балаларға операция жасау­ды бастадық. Неврологиялық патологиясы бар балалар үшін сауықтыру бөлімін аштық. Дәрігер ретінде сізге, педиат­риялық факультеттер қайта қалпына келтірілгені үшін алғыс айтқым келеді. Бұл біздің балалары­мыздың денсаулығын сақтаудағы басты буын, – деді ол.
Дәрігер Елбасының рухани жаңғыру концепциясын медициналық тер­мин­дермен түйіп, түсіндіре кетті. «Біздің са­намыз бұқаралық коммерциялық мә­дениетпен уланған. Әлемдік ақпарат ар­наларында, әлеуметтік желілерде жау­лық көзқарас пен жеккөрініштің «қан ұйығы» тұнып тұр. Бүкіл дүниежүзінде экстремизм мен радикализм індеті өрбу­де. Кез келген революция – қоғамның ағ­засындағы қатерлі ісік және бұл жерде жай профилак­тика аздық етеді, мұнда жаппай хирургия ке­рек!» деді О.Шумакова.
Әрине, осы тұста бұл айтылғандардың Елбасы назарға алуды және қабылдауды ұсын­ған «Төртінші технологиялық ре­волюцияға» (The Fourth Industrial Revolution) еш қатысы жоқтығын, қазақ елі өнеркәсіптік революциялық дамудан кері тартпай, керісінше, оған ілесіп, үн қос­қаны жөн екенін де айта кеткен аб­зал.
Қазақстан халқы ассамблеясының мерейтойлық сессиясында сөз сөйлеуге ақтөбелік теолог, консультативтік-сауық­тыру орталығының директоры Асқар Сабдин да шақырылған екен. Бұл қазіргі кезде діни тақырыптың күн тәр­ті­біндегі кө­кей­кес­ті мәселеге ай­налуы­­ның ықпалы болса керек.
А.Саб­дин Түркия­ның Ыс­там­бұлын­дағы «Умрания» медресесінде ис­лам теологиясы оқуын бітіріпті. Қа­зіргі уақытта Алматыдағы «Нұр-Мү­барак» уни­верситетінің магистранты. Бұған дейін Мәскеудегі үлкен мешітте, Мәскеу ислам колледжінде, Ресей аста­насының оңтүстік-шығыс округіндегі «Кәусар» діни қауымында ислам пән­дері­нің оқы­тушысы болған. 2002-2003 жылдары Вол­г­оград орталық мешітінде имам-хатыб болып қызмет атқарыпты.
– Қазіргі таңда діни экстремизм не­гізгі әлемдік дертке айналды, – деді ол. – Ең дамыған елдер лаңкестіктен жапа шегуде. 2011-жылдан осы мәселемен ай­налысамын. Қасиетті Құранда маса мен шыбын нашар мысал ретінде кел­тірілген. Олар ортаны ластап, түрлі ау­руларға себеп болады. Экстремистер де солар сияқты, сананы улап, қоғамды бүл­діреді.
Діни қайраткер Мемлекет бас­шы­сының қоғамдық сананы жаң­ғыр­ту­дың мазмұны жөнінен терең тұғыр­намасын ұсынғанын айтты.
«Дін – адамның сана-сезімінің бір бөлігі. Онда пенде жанының ең қал­тарысты тұстары көрініс берген. Қа­зақстанда 18 діннің өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. Таяудағы конституциялық реформа аясында дінаралық келісімді бұзу да құқыққа қайшы деп танылды. Бұл өте дер уақы­тында қабылданған қадам болды. Біздің халқымыз үшін діни дәстүрлер – күрделі замандарда әрқашан күш-қуат көзі. Ханафилік ислам халықты біріктірген. Еуразияның ұлан-байтақ даласында көшпелілер мен отырықшы халықтардың ұлттық санасын нығайтқан. Бізге бүгінде жат біреу келіп, өз дәстүрлерімізді өзгер­туді, өз сенімімізді ұмытуды талап ете ала ма? Жоқ! Тек төл ұлттық код қана – дәстүрлерді сақтаудың өзегі. Біздің жан сарайымыздың, жүрегіміздің құлпын ашар кілт – осы!» деген ол қазақстан­дық­тарға қайырылып, осы кілтті жаттың қолына беріп қоймауға үндеді.
Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың жа­қында айтқан мәлімдемесіне қолдау білдірген теолог ғалым «қазақ әйелдері қара жамылмауы, ал ерлері балағын шол­тайтпауы керектігін» баса айтты: «Бұл бізге жат. Біз – Ұлы Дала ұландарымыз!».
Ол Елбасының «Қазақстаның қа­сиетті рухани құндылықтары» жобасына қолдау білдіретінін мәлім етті: «Бұл дін­дегі біздің төл жолымызды білдіреді» деді А.Сабдин.
Оның айтуынша, Қазақстанда дін саласында кадрларды даярлауға барлық жағ­дайлар жасалған. Мемлекет дін­тану­шыларды, теологтарды, исламтану­шы­­ларды оқытуға, соның ішінде магист­рант­тар мен докторанттарды әзірлеуге гранттар бөледі. Елімізде «Нұр-Мүбарак» университеті, 9 медресе, оның ішінде 4 мед­ресе-колледж жұмыс жасайды.
«Кезінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ха­дисінде қоғамды кемеге теңеген. Оған әртүрлі адамдардың мінгенін айтқан. Кеме барар жеріне, мақсатына жету үшін оған ешкім зиян келтірмеу керек деп ай­тылған. Сондықтан біздің ортақ кеме­мізге, яғни елімізге зиян келтіреміз де­ген­дерге қоғам болып қарсы тұруымыз ке­рек. Ол біздің қолымыздан келеді» деп түй­ді ол.
Осы орайда Елбасы Н.Назарбаевтың Қа­зақстан халқы ассамблеясының тө­рінен «елдегі діни татулықты бұзар, рухани жаңғыруға бөгеу болар» жайт­тарды атағанын айта кеткен жөн.
– Біздің дамуымызды қандай нәрсе те­жейді? Біріншіден, үнемі артқа қа­райлап, алға жүруге болмайды. Әйтпесе, кез келген тасқа сүрініп, басты жарып алуға болады. Бұл – заман талабына сай келмейтін нәрседен бас тарту қажет деген сөз. Біздің санамызды құрсаулаған таптаурын түсініктерден арылу маңызды. Мәселен, қазір араб елдерін алып қа­райықшы, халықты орта ғасырға тарт­қан­нан не пайда? Сол себепті мен жас­тарға қайталап айтамын, керітарт­па­лық жасамау қажет. Қара орамалды жа­мылу­дың қажеті жоқ. Ол – қазаққа жат нәрсе. Осы іспетті атрибуттарды сырттан жерұйық мекенімізге әкелмеу керек. Әйтпесе, мемлекеттің дамуына кедергі жа­саймыз, – деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан хал­қы ассамблеясы өзара татулық пен тү­сіністік идеясын кеңінен насихаттау ке­рек. Халықтың бірлігін күшейту ар­қылы алға қарай қадам басқан маңызды. Егер негізгі тұрғындарын мұсылмандар құрайтын Қазақ елі өрге басып, дамыған елге айналса, бұл бүкіл ислам әлеміне тек игілік болады.
Идеология мә­се­лесіне режиссер Ақан Сатаев та тоқ­­талды, ол да отан­дық кинема­тог­рафияға қолдау көрсеткені үшін Президент пен Үкіметке алғысын айта келді.
Оның байламынша, киноны «сал­мақты идеологиялық құрал» ретінде пай­­далануға болады.
«Кино ақыл-санаға тиімді ықпал етеді. Голливуд, Болливуд, қуатты даму­шы қытайлық және ресейлік киноин­дустрия көз жауын алар блокбастерлер түсіруде. Олар сол арқылы өздерінің та­рихын, жетістіктерін, қаһармандарын дәріптейді. Культті фильмдер әртүрлі елдерде қоғамдық пікірге және тіпті сая­си жағдайға да қуатты әсер еткен кездер болған. Олар кейде, өкінішке қарай, дес­труктивті және өте қауіпті идеяларды да таратады. Сондықтан фильм автор­ларына бірінші кезекте өз картинасына өзек етілген идеялар үшін орасан зор жауапкершілік жүгі артылады. Біз экран­дардан баяндайтын хикаялар қоғамға пайда әкелуге, тәрбиелеуге, бағыттауға және жасампаз болуға тиіс» деді режис­сер.
Сөз соңында А.Сатаев дүлдүл Ди­маш­тың біздің өнерпаздарға Қытайға даң­ғыл жол салып бергенін айтты.
«Біз үшін өнердің орасан зор әлемдік нарығын, соның ішінде көршілеріміздің нарығын барынша пайдалану маңызды. Жақында біздің дарынды әншіміз Ди­маш Құдайберген Қытайдағы орындау­шылар байқауына табысты қатысты. Ол осы залда отыр. Менің ойымша, алған көл-көсір әсерін айтуына мүм­кіндік
бар. Біз, шығармашыл кәсіп­тер өкілдері елдегі бірлігімізді нығайтуға, Қа­зақ­станның әлемдегі оң имиджін қа­лып­тастыруға өз үлесімізді қосуға дайын­быз!» – деді ол.
Ассамблеяның мінберіне көтерілген Димаш Құдайберген Қазақстан жас­тарына қайырылды. Азияның қазіргі ең таңдаулы әрі танымал артисі атанған жас ән­шіміз қол жеткенге тоқтап қалмай, ары қарай да Ел­басы сияқты қазақ хал­қын дүние­жү­зіне танытуға күш салуға уәде етті.
– Сіз Қазақ елін әлемге та­ныт­тыңыз! Өнерім арқылы, әнім ар­қылы қазақтың бол­мысын, табиғатын, өшпес тарихын, ата-бабаларымыз әуелете шырқаған халық әндерін әлем сахналарында орындау, биіктерге шарықтату менің басты мақсатым болды және болады да! Қазіргі таңда әлемнің қай түкпірінде, кез келген әлем сахналарында өнер көр­сетсем, қазақ деген өр тұлғасы келіскен ерекше бір елден келдім деп мақтана айта аламын. Керегесі кең, кіммен де болса терезесі тең еліміздің болашағы жастардың қолында деп өзіңіз айтқан болатынсыз. Қазіргі кезде өресі биік жастар үшін үлкен стратегиямен елімізді әлемге танытуға барлық мүмкіндіктер жасалды. Осы орайда барша жастарды қазақтың атын күллі әлемге паш етуге шақырамын! – деді Димаш.
Сөз соңын ол:
– Сан ғасырлар тарихынан кешегі,
Туған елдің шежіресі еседі.
Менің елім – Қазақстаным,
Отаным! Болашағы бізбен бірге өседі, – деген рухты өлең шумақтарымен әдіп­теді.
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Үкіметке «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыруды жүктеген бо­латын. Бұл «жүздікке» тәуелсіздік жыл­дарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы кірмек. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады.
ҚХА сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев әлем жұртшылығын қазақ хал­қының өнеріне тәнті етіп, Қазақ­станға жалт қаратқан Димаштың дәл осы «жүздік» қатарынан табылуға лайық еке­нін айтты.
– «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жо­ба­сының ассамблеяға тікелей қатысы бар. Димаш Құдайберген – біздің тәуелсіздігіміздің жарқын бір келбеті. Жа­сы 22-де, тәуелсіздігіміздің құрдасы десек те болады. Егер ол бұрын, тәуел­сіздікке дейін дүниеге келгенде, Қытай оны өзіне жібермес те еді. Өздеріңіз білесіздер, Кеңес Одағы тұсында біз Қытаймен қырғи-қабақ болдық. Қазақ­станның бүкіл шығыс шекарасында жер астында жасырылған танкілер тұрды, – деп тарихқа шолу жасай кетті Елбасы. Қазір міне, қазақтың өрендері бейбіт жолмен, өнер тілімен-ақ алып Қытайды қазақ алдында бас игізді.
Димаш ән салғанда, қытай көрермен­дері бір орындарында байыз тауып отыра алмай, ұшып тұрып, қол шапалақтап, жанарлары мөлт-мөлт жасқа толып, тәнті болғанын, тіпті сол елдің жастары қазақ тілін үйрене бастағанын бәріміз көріп, білдік. Бұл да болса, татулық пен келісім шуағында өніп-өркендей бас­таған елдің дара дарындар тудырар қасиет-құдыреті болса керек.
Орыс этносының өкілі, Степногор қала­сынан келген Оксана Волкова-Михальская ассамблея мінберінен «жа­сыл» даму тақырыбын көтерді.
– Сіз бағдарламалық мақалаңызда «Халқымыз ғасырлар бойы туған жер-дің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның бай­лығын үнем­ді әрі орынды жұмсай­тын теңдесі жоқ экологиялық өмір сал­тын ұста­нып кел­ді» деп дұ­рыс айттыңыз. Бі­рақ өкінішке қа­рай, біз оның кө­бісін жо­ғалтып алдық. «ЭКСПО – 2017» көрмесі үшін Сіз таңдаған тақырып – «Бола­шақтың қуа­ты» бізді ата-бабамыздың күш-қуаты мен денсаулығының ұстыны болған праг­матикалық өмір салтына кері қай­тарады, – деді ол.
Орыс этносы­ның өкілі, кәсіпкер Вячеслав Попов интернатта, ата-ана­сыз, әжесінің қам­қорлығымен өс­кенін баяндады.
– Бүгінде мен кә­сіпкермін, ин­вестормын. Үш ма­мандықтың, үш өндірістің иесімін. Сіз­дің мақалаңызды бір деммен оқып шықтым. Бірден айтайын, елең еткізді. Сіздің мақалаңыз жалғыз мені ғана емес, барлық жастарды ойлануға мәжбүр етеріне сенімдімін. Одан да өткізе ай­тайын, бұл мақаланы барлығы, әсіресе, жастар күтті! Сіз біздің даусыз Көш­басшымыз ретінде заманауи қазақстан­дықтың пішінін сомдадыңыз. Сіз бүгін де осынау маңызды қасиеттерді атап көрсеттіңіз, бұлар – бәсекеге қабілет­тілік, прагматизм және реализм, ұлттық бірегейлік, білімпаздық культі, эволюция­лық даму, ашық сана. Көне түріктер өздерінің тарих дауылы өшіре алмас руна жазуларын тасқа қашап кеткені секілді, сіз осы қасиеттерді біздің санамызға берік сіңірудесіз!» деді жас кәсіпкер.
Ол сөз соңында мемлекеттік тілде сөз берді: «Алты айда қазақ тілін үйреніп шығамын. Айтқаным – айтқан! Артқа жол жоқ!»
Бір сүйсінткені, еліміздегі иран этносының өкілі, солтүстік­қазақ­стандық кәсіптік-педагогикалық колледждің сту­денті, «Тіл – дос­тықтың алтын кө­пірі» мемлекет­тік тілді білу облыстық бай­қауының бас жүлде иегері Саида Бекбуди бұған
дейін сөйлеген өзге жастарға үлгі көрсетіп, қазақша сөйледі. Мемлекеттік тілді меңгеріп, күнделікті қарым-қатынаста қолдану барлық этностағы қазақстандық жастардың рухани жаңғыруы болар еді.
Саиданың арғы аталары кезінде репрессияға ұшырапты. «Олар Қазақ­станға тап болғандары үшін тағдыр­ларына дән риза. Мен қасиетті қазақ жерінде өз парызымды адал еңбегіммен өтемекпін!» деді ол. Саида қыз «Серпін» бағ­дарламасы аясында электрик маман­дығын меңгеруде.
– Жастарды индустрияға бастаған «Серпін – 2050» бағдарламасы – оңтүстік пен солтүстікті жалғаған ұлы көш. «Серпін» бағдарламасы – халқы көп, жұмыс орны тапшы облыстардың жастары үшін үлкен мүмкіндік. Бүгінде, бұл бағдарлама бойынша солтүстік және орталық аймақтардың 22 университеті мен 54 колледжінде, 5 облыстан 13 этностың өкілі, 12 мыңға жуық жас білім алып жатыр. Биыл «Нұрлы жол» бағдар­ламасы аясында, Қазақ елінің екі басын жалғаған «Қызылорда – Петропавл» бағытында жүретін пойыз шықты. Тұрғындар оны «Құда-құдағи пойызы» деп атап кетті. Бүгінде сер­піндік жігіттер солтүстіктің қыз­дарына құда түссе, серпіндік қыздар – солтүстік жігіттерінің арманына айналды. Бас қосқан бірнеше жұптар да бар. Бұл жа­ғынан да еліміздің бірлігі нығайып жатыр, – деді ол.
Саида Бекбуди бастапқыда оңтүс­тік­тен солтүстікке көшу сәл қиын болғанын мойындады.
«Солтүстіктің қысы қатал екен. Бірақ бізді білім алу жолындағы жастық жалы­нымыз жылытты. Білген орысшамыз кейде жетпей жатты. Алайда серпіндіктер – жаңа жағдайларға тез бейімделгіш зе­рек жастар. Біз орыс тілін де игердік. Ағыл­шын тілін меңгеріп жатырмыз. Жер­гілікті жастарды қазақ тіліне үйрету­деміз. Осылайша, біз, сіз ар­мандайтын үш тілді жетік меңгер­гендердің қатарын толықтырып келеміз» деген ол Елба­сының бас­тамасымен, биыл «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­керлікті дамыту» бағдарламасы іске қосылғанын еске салды. Бұл 21 мыңнан астам жас­тардың тегін кәсіби-техни­калық білім алуына мүмкіндік береді.
– Құрметті Елбасы! Осындай мүм­кіндік үшін, барлық Қазақстан жастары атынан, сізге шексіз алғыс айтуға рұқсат етіңіз. Біз, сіз басқарып отырған ас­самблеяның жаңа толқынымыз. Сіз жариялаған рухани жаңғыру бағдар­ламасы – ол біздің, ХХІ ғасыр жастары­ның бағдарламасы. Оны іске асыратын да біз. Сондықтан Қазақстанды жаңар­татын, қанатын кеңейтетін, жетістігін еселейтін, бірлікті нығайтатын алып күш боламыз деп сөз береміз! – деп студент жастар атынан уәде етті С.Бек­буди.
Жиында өзге де тілек білдірген тұл­ғалардың сөзі тыңдалды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелерінің сөздерінде көптеген мәнді мәселелер көтерілгеніне тоқталып, БАҚ өкілдеріне оны терең талдау жөнінде ұсыныс айтты.
Сессияның қорытынды бөлімінде ассамблея Төрағасының жаңа орын­басарлары сайланды. Мемлекет бас­шысы ҚХА-ның Ақтөбе облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей Вишнякты және ҚХА кеңесінің мүшесі, «Әзірбайжандықтар қауым­дастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абилфас Хаме­довты ассамблея Төрағасының орын­басарлары етіп тағайындау туралы өкімге қол қойды.
XXV сессияның қорытындысында ассамблея қоғамдық сананың жаңғыруы заң­ды және объек­тивті түрде қажет екендігі, Қазақстанның бүкіл даму стратегиясына тұтастық бере­тіні атап көрсетілген үндеу қабылдады. Онда бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау бүкіл Қа­зақстан халқына және біздің әрқай­сымызға тән қасиетке айналуы тиіс делінген.
Өз үндеуінде ҚХА Қазақстан халқын Елбасының қоғамдық сананың жаң­ғыруы бойынша бастамаларын іске асыруды қолдауға шақырды.
Осымен, Қазақстан халқы ассамб­леясының XXV сессиясының ресми бөлімі тәмамдалды. Сессия соңы Елбасы қатысқан мерекелік концертке ұласты.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*