Ассамблеяға артылар жүк ауыр

1509
0
Бөлісу:

Астанада бүгін Қазақстан халқы ассамблеясының «Тұрақтылық, бірлік, келісім – жаңғыру негізі» деген атаумен кезекті ХХV сессиясы басталады. Қазіргідей халықаралық саясат ушығып, көптеген елде тұрақтылық пен тұтастыққа қауіп төнген сәтте, мұндай орталықтың жұмыс істеуі, еліміз үшін бейбіт өмірдің бір кепілі іспетті. Сондықтан ассамблеяда көтерілер, тілге тиек етер мәселе көп.

Сессияның атауы «Тұрақтылық, бірлік, келісім – жаңғыру негізі» деп аталуының өзі тегін емес. Рас, Қазақстан халқы – бейбітшілік сүйгіш халық. Іргеде мылтық атылып, жұрт босып, кейбір елдер мемлекеттігінен айырылып жат­қан кезде, еліміз етек-жеңін бекемдеп, мейманасы тасқан, өркениеті озған, кемеліне келген отыз елдің қатарына қосылуға ұмтылуда. Өйткені «мың өліп, мың тіріліп», алайда елдігін жоғалтпай бүгінге жеткен біздің ұлт үшін бейбіт өмір керек-ақ. Елдің өркендеуі, өсуі, өз қатарынан қалмай, алдыңғы орыннан табылу міндет. Ол үшін әрине, елдегі бірлік, ын­тымақ, келісімнің орны ерек. Қа­зақстан халқы ассамблеясының мү­шесі, мемлекеттік тіл жанашыры, елдің бірлік-берекесі жөнінде үнемі өз ойын ортаға салып жүрген Асылы Осман сессияға байла­нысты ойын былай жеткізді.
«Бас ордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін алқалы жиынға 1500-дей адам қатысады. Оның құра­мында: Парламент депутаттары, Үкімет адамдары, түрлі этномәдени орта­лықтардың төрағалары, дін өкілдері, дипломатиялық саланың және саяси партиялардың мүшелері бар. Бұл жолы көтеріліп жатқан мәселелер де ауқымды. Еліміздің айналасында болып жатқан түрлі шапқыншылық, лаңкестік әре­кеттер, жарылыстар, сепаратизм мен экстремизмнің бас көтеруі бізді де ойландырмай қоймайды. Қамсыз отыра берсек залалы тиері хақ. Елдің іргесін сөгетіндер табылады. Ондай жағдайда не керек? Әрине, елдің ауыз бірлігі. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруы ауадай қажет. Осы орайда Қазақстан халқы ассамблеясының орны өзгеше болмақ. Оған артылатын жүк те сал­мақты, жауапкершілік те мол. Сессия тақырыбының «Тұрақтылық, бірлік, келісім – жаңғыру негізі» деп аталуы да сондықтан. Елбасының өзі талай мәрте халық алдына шығып, «бірлік бар жерде, тірлік бар» деп айтты. Осы қағиданы елімізде тұратын барлық ұлт өкілдері берік ұстануы тиіс. Біз тек ынтымақ­тастықта ғана өмір сүріп қоймай, Мемлекет басшысы айқындап берген дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін алға жылжуымыз қажет. Ол үшін, білім мен біліктілік, бәсекеге қабілетілік қажет. Бұл жөнінде Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында нақты айтып өтті. Ұлтық сананың жаңғыруы, ұлттық кодтан адаспау – басты бағыт. Осы мақалада Елбасы «Қазақстан революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы тиіс» дегенді баса айтты. Нақтылай түсетін болсақ, «Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен мазмұны түбегейлі өзгерді. Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркен­деуіне мүмкіндік беретініне көзі­мізді жеткізді. Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақ­панына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс» дейді. Осы ойды мен сессия барысында айтқым келеді. Қазақстанның алға дамуы үшін, ешқандай революция емес, эволюциялық жолмен бейбіт түрде алға жылжуы керек. Сонда ғана елдегі тыныштықтың шырайы кіреді», – дейді Асылы Осман.
Рас, бүгінде іргесі сөгіліп атыс-шабыс жүріп жатқан көптеген елдер бейбіт өмірге зар. Ұлттар келісімінің арқасында мамыражай тірлік кешіп жатқан елімізге қызыға да, қызғана да қарары анық. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегінің өтеуі. Сондай-ақ елдегі тыныштық пен ауызбір­ліктің бір кепілі осы Қазақстан халқы ассамблеясы десек, қателес­пейміз.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*