Ұлық мереке Білім-инновация лицейінде тойланды

1654
0
Бөлісу:

Ұлы даланың ұлық мерекесі – Наурызды тойлауды, қазақ халқы ешқашан ұмыт қалдырған емес. Ерте көктемді жылдың басы деп біліп, күн мен түннің теңесер уақытында жаратқанға шүкіршілігін айтып, жылдан-жылға аман есен жетуін нәсіп еткен.

Ертеде Ұлыстың ұлы күнін бір ай тойлаған. Сол дәстүр қайта жаңғырып келеді. Наурыз мейрамын бір-екі күннің айналасына ғана сыйдырып, ертесіне ұмытып кетсек оған деген құрметіміз де сол деңгейде болар еді. Қазақтың жаңа жылын насихаттау, оны жылдың басы ретінде санаға сіңдіру үшін осы мейрамды сәуірдің соңына дейін тойлаудың еш әбестігі жоқ.

Бұл ретте Алматыдағы Білім инновация лицейінде өткен Наурыз тойы көптің көңілінен шықты. Білім мен тәрбиені қатар ұштастырған оқу орны мейрамға арнап қатарынан бірнеше үй киіз тіккен екен. Шараны өткізуге лицейде білім алатын оқушылардың ата-аналары да атсалысыпты. Бауырсақ пісіріп, айран ашытып, наурыз көже әзірлеген олардың балаларымен бірлесіп қойған ән-би кеші де қызықты болды. Ата-аналар балаларымен бірлесіп түрлі ұлт өкілдерінің биін биледі.

Наурыздың түркі дүниесіндегі алар орнына тоқталған Білім инновация лицейінің директоры Ясин Йогуртджу өз сөзінде жиналған қауымды мерекемен құттықтап, шараны өткізуге атсалысқан ата-аналарға алғысын айтты.

–Биылғы наурыз мейрамын жылдағыдан өзгеше өткізуді қолға алдық. Наурыз баршамызға ортақ мереке. Сондықтан қазақ елінде тұратын түрлі этнос өкілдерінің салт-дәстүрін ескеріп, наурыз тойлаудағы ерекшелігіне назар салып, оқушыларымыздың таным-дүниесін кеңейту мақсатында мәдени іс-шара өткізіп отырмыз. Мереке аясында мектеп мұғалімдерінен құралған қазылар алқасы үздік оқушылар мен ата-аналарды марапаттады.

Ата-аналар бірлесіп жайған дастарханнан дәм татқасын лицейдің ішін аралап көруге мүмкіндік алдық. Лицейде сабақ беретін ұстаздардың дерлігі ілгері оқу орындарында білім алған, жаңа технологиялардың қыр-сырына қанық жас мамандар екен. Лицейдің оқу бөлмелерін аралатып таныстырған информатика пәнінің мұғалімі Асылбек Боранбайдың айтуынша, бұл лицей дарынды оқушылардың талабын шыңдауға таптырмайтын орын. Әрбір кабинет оқушы білім алатын пәннің бағытына сай жасақталыпты. Лицейдегі әр бөлме тәжірибе алаңы сияқты. Айталық, биология бөлмесінен таныстырған Жасұлан Алмағамбетов бізге түрлі биологиялық зерттеуге жасауға арналған құрал-жабдықтарды көрсетті. “Осы арқылы оқушының білім қууға деген ізденісі артады” деді.

Лицейдегі барлық сыныптардың бөлмелерінде интерактивті тақта орнатылған. Спортзал, өнер үйірмелері және бар. Жатахқана да дәл осы оқу орнының ғимаратында орналасқан.

 

А.Ахметқазы

Бөлісу:

Пікір жазу


*