Ұлтқа бағытталған ұран

3260
0
Бөлісу:

Бақытжан ЕРТАЕВ, Мәжіліс депутаты:

Ел тәуелсіздігінің кепілі

– Қазақ деген қасиетті халыққа тән ұлттық үрдісті ұлықтау қажеттілігін Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деп көре­ген­дік­пен дәл бере білген. Әлемдік үрдістен оқшау өмір сүре алмайтындықтан, өзгеріп жатқан дүниеге орай, жан-жақты болу – уақыт талабы. Ұрпақтарымызды дәстүрлі құндылықтармен сусындатып, өркениет көшінен қалдырмай, бүгінгі бәсекелі кезеңнің қатаң талаптарына сай тәрбиелеу үшін сананың саралығы қажет.
Ел мен ұлтқа, қоғам мен отбасына тұлға болатын қайраткерлерді қалыптастыру – ұлттық жаңашыл тәрбиемен, ізденімпаз еңбек­қор­лықпен, өлшеусіз тер төгумен келетін жеңіс. Исі қазақтың қазіргі басты міндеті – ұрпақтарын отбасында ұлттық рухта тәрбиелеп, құрыштай шынықтыру. Сондықтан жас ұрпаққа білім ғана емес, саналы тәрбие беруге ден қойып, жанқиярлықпен күресу – әрбір есті азаматтың парызы.
«Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлт­тық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кер­тарт-
па тұс­тарынан бас тарту керек» деген ұлт Көшбасшысы ұлттық сана­мыз­ды қайта жаңғыртып, қазақтың тағдырын алдыңғы орынға шы­ға­рып, кезек күттірмейтін ұлттық құндылықтарды ұлықтауға үндейді.
Кісілік ниет, адал ықылас болса, күрмеуі қиын, күрделі түйінді шешудің де жолы бар. Қазақ халқы – Ұлы даланың ұлық мұрагерлері. Сондықтан пайдасыз даңғазалықтан бас тартып, ұрпағымыздың жар­қын келешегі үшін ұлағаты зор, нәтижесі мол істерді ыждаһат­тылықпен жүзеге асыратын кезеңде бойкүйездікпен самарқаулыққа жол беруге болмайды.
Ортаймайтын қазына – иманды, көргенді ұрпақ. Дәстүрге адал, парыз бен қарыздың салмағын, құндылықтардың құнын білетін жасампаз ұрпақ тәрбиелеу – халқымыздың келешегіне қызмет ету деген сөз. «…Өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бой­ға сіңіру мүмкіндігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қытайдың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың нағыз үлгісі» деген Елбасы өзгеге көзсіз еліктеуді емес, «өзгелердің ең озық жетістіктерін бойға сіңіру» қажеттілігін айта отырып, санамызды жаңғыртып, уақыт көшінен қалып кетпеуді меңзейді.
Ендігі ұлы мақсат – иманды да еңбекқор халқы бар, бәсекеге қа­білетті, экономикасы дамыған, тегеурінді мемлекет қана ешкімге дес бермейтінін ұрпақ санасына құйып, ұлттық құндылықтармен құнарландыру.
Ұлт Көшбасшысының «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деген риясыз ықыласын жастарға түсіндіріп, өскелең ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды терең сіңіруге әрқайсысымыз атсалысуымыз керек.


Мұрат ЖҰРЫНОВ, Ұлттық Ғылым академиясының президенті:

Үлкен көрегендіктің белгісі

– Елбасының бұл мақаласы – өте терең, жан-жақты қарастырылған және өте батыл жазылған дүние. Ұлттық кодты сақтай отырып, модернизациялау деген не? Код дегеніміз – ұлтты біріктіріп, ұстап тұратын ұлттың фун­да­мен­ті. Оған тіл, дін, діл жатады. Діл дегеніміз – қанымызға сіңген әдет-ғұрыпты сақтай отырып, өзіміздің қоғамымыздың кейбір қа­сиет­терін, әдеттерін өзгертіп, заманға сай өмір сүру. Біз бұған да дайын­быз.
Елбасы өзінің мақаласында ұлттық болмысымызды, ұлттық қабілетімізді әлемдік байлықпен үйлестіре отырып дамытуды көрсетіп отыр. Сонымен қатар руханиятқа, білімге, ғылымға мән беруі – үлкен көрегендіктің белгісі деп білемін. Бәсекеге қабілеттілік сөз болды. Біз барлық салада – саясат, экономика, мәдениетте көш­тен қалмауымыз керек. Білім беру саласына мән берілген. Ағыл­шын тілі – әлемдік тіл. Десек те, қазақ тіліне басымдық беруіміз ке­рек. Мақсатымыз – дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Оған білім, ғы­лым арқылы ғана жетеміз.


Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның Еңбек Ері, «Отан» орденінің иегері:

Ризашылық білдіргім келеді

– Мектептегі ұстаздық әлемнің өкілі болған­дықтан, бұл мақаланың орта білім беру сала­сындағы маңызы туралы ой қозғасам деймін. Алдымен, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының бүкіл болмыс-идеяларын мектептің 1–12-сынып­та­рының білім стандарттарына, оқу бағдарламаларына, оқулықтарына, сандық оқу құралдарына тұтасынан негіз етіп ендіруді ұсынар едім.
Қазақстандық білім реформаларының шаңнан шығу жолы осын­да деп білемін. Мен өз тәжірибемде көзім жеткендей, белгілі бір бағдарсыз, яғни, идеологиясыз оқу-тәрбие ісі алға баспайды. Елба­сының «Рухани жаңғыру» идеялары бұдан бұрын жарияланған Тәуел­сіздік толғауы, т.б. бастамалардың заңды жалғасы әрі концептуалдық жиыны ретінде мектеп идеологиясы болатынына се­нім­дімін. Мем­лекет басшысының: «Мақсатқа жету үшін біздің са­намыз ісімізден озық жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», – дегеніндей, бүгін­гі жасампаз болмысымыздан озық, оны алға бастайтын идея­ларды көріп, ризашылық білдіргім келеді.
Нұрсұлтан Әбішұлы біздің білім берудегі бүгінгі болмысымыздың даму жалғасы әрі бағдары ретінде мақалада «Білімнің салтанат құруы» деп бөлектеп, арнайы айдарлап орын берілгені, оны «білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп тұжырымдауы бізге, мұға­лімдерге, жаңа қуатты серпін береді.
Екінші тараудағы «Таяу жылдардағы міндеттер» тақырыбында көрсетілген нақты жобаларды жүзеге асыру міндеттерінің аясында ұсынылған «Туған жер» бағдарламасының «Туған жерге туыңды тік» деп қазақ бекер айтпаған деген тамаша мақалмен басталған ұсыныс­тардың әрбір сөйлемін оқыған сайын жаның рақаттанып, қуанышқа шексіз бөленесің.
Осы «Туған жер» бағдарламасы аясында ауылдарға, білім беру ме­кемелеріне, түрлі мәдени жаңғыруларға азаматтық бастамашылдық ретінде жекелеген азаматтарды қолдау, қамқорлық, демеушілік көрсету үрдісіне мәртебе беру – азаматтарымызға сөзсіз ой салып, ба­тылдыққа сөзсіз серпін береді деп білемін.
Сондай-ақ тарихи тұлғалардың галереясын жасау, бүгінгі жа­сампаздық дамуымыздың көш басында көрініп жүрген, ел есінде сақталатын ел перзенттерін, осы желіде туған аймақ тарихы мен геог­рафиясын жүйелі оқу құралдары арқылы жас ұрпаққа ұсыну мүм­кіндігі қаралатыны қуантты.
Халқымызда үш күндігін ойламаған қыздан, үш жылдығын ойламаған ұлдан келешегіне жауапкершілікпен қарайтын азамат шықпайтыны туралы дәмді де әділ үкім бар. «Қызым үшін қызартпа, ұлым үшін ұялтпа, Алла!» дейтін тілек те ұлтымыздың келешектік са­на­сы ежелден қалыптасқан үрдіс екенін айғақтайды. Осынау ұлт­тық сана ұлт кодына негізделген «Рухани жаңғыру» бағдарла­ма­сында жалғасын тауып отыр.
Мақалада көрсетілгендей, «…жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осы­нау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін» деген Ел­басының сенімін ақтау мектеп ұстаздары қауымының Отан, жас ұрпақ алдындағы абыройлы да патриоттық міндеті деп есептеймін.


Жанарбек ӘШІМЖАН,Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары:

Идеологиялық кеңістігімізге қан жүгіртті

– Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кү­ні кеше жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын астын сызып отырып үш қайтара оқып шықтым. Сосын «бұл тек мақала емес, келесі кезең­дегі ұлттық дамуымыздың тұғырнамасы!» деп қабыл­дадым. «Идео­ло­гия жоқ!» деген сөз жиі айтылады, меніңше, ендігі жердегі идео­ло­гиялық бағытымыз осы құжатпен тікелей байланысты болу керек! Бұл – әбден пісіп-жетілген, ел күткен ең ірі оқиға!
Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр болды! Дүние-диірменнің үстіңгі тасы бір ретте айналмағанмен, астыңғы тасы шыр айналып, құм­сағаттай құбылып тұр. Есік-терезені тарс бекітіп алып, сыртпен бай­ланысын үзген елдердің үзеңгі бауы бырт-бырт үзіліп жатыр. Есік-терезені ашық-шашық тастасаң аулаң жын-жыбырға, саяси ақылмандарға, опа-далапқа шыланған поп-мәдениет пен діңкеңді құртатын түрлі діни қауымдарға толып кетеді. Әрине, Қазақстан — төрт қақпасына күзетті мықтап қойып, әлекедей жаланған әлеммен ашық байланысқа түсіп жатқан ел. «Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін» алатын осындай жаһандану жағдайында «алыптардың ойынына» жұтылып кетпей, елдік тұтастықты сақтай отырып дамудың негізгі алғышарты – Елбасы айтқан «Ұлттың рухани коды»! Бұл – бұған дейін айтылмаған, бәлкім, уақыт пен кеңістік айтқызбаған тың мәселе. Мемлекет басшысы осы көзқарасы арқылы жаңа тарихи кезеңнің басталғанын сезіндірді.
«ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» атты бірінші бөлімдегі алты тармақтың алтауы да ендігі тәуелсіздік идеясының белағаштары болу керек. «Бәсекелік қабілет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» — расында, реализм мен прагматизмнің басты құндылықтары болу керек.
«Таяу жылдардағы міндеттер» атты екінші бөлімнің негізгі тұ-ғыры – ұлттық патриотизм! Ашығын айту керек, бізде патриоттық сезімді ұштау бағытында сағат сайын, сәт сайын небір жобалар жасалуда. Бірақ соның дені алаулатып жалаулатқан науқаншылдық, құмыраға отыр­ғызған жасанды гүл секілді әсер қалдыратынын несіне жа­сыра­мыз?!.
Нұрсұлтан Әбішұлының: «Мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алу­ды ұсынамын. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам ба­ласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған же­рін қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.
Бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті. Сондықтан туған жерге, оның мәде­ниеті мен салт-дәстүрлеріне іңкәрлікпен атсалысу – шынайы пат­риотизмнің маңызды көрінісі» деген ойы Қазақ жерінде тұратын барлық ұлыстарға қаратып айтылған сөз деп қабылдауымыз керек.
Қысқасы, Елбасы мақаласында әдебиет пен өнерге, тарихқа, бі­лім беру ісіне, туризм, бәсекелестікке қатысты Үкіметтің алдына нақ­ты міндеттер жүктеді. Әрі зиялылардың басын біріктіріп отырған Қа­зақстан Жазушылар одағы мен Ғылым академиясына, өзге де қо­ғамдық ұйымдардың жаңа тарихи кезеңді сезіне отырып, тәуелсіздік идеясы бағытындағы игі істерді жүзеге асыруға шақыруы – ұлтшыл азаматтардың иығына артылып отырған үлкен сенім деп бағалаған жөн.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» – ернеуінен жел гулеп, аула­сын алабота қаптап кеткен идеологиялық кеңістігімізге қан жүгіртетін, болашағымызға бағыт сілтейтін, ұлттығымызды сақтауға шақырған ұрандай әсер еткенін жасырғым келмейді…
Расында, бұл – ұлтқа бағытталған ұран!


Еділ МАМЫТБЕКОВ, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Қазақ елін қастерлеуге шақырды

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ламалық мақаласын Қазақстанның эволюциялық құндылықтарын дамытудың бірегей бағдаршамы ретінде бағалауға толық негіз бар. Президенттің осындай идеоло­гия­лық тұжырым­дамалық зерттеуін халқымыз көптен күткен еді. Өйт­кені Елбасымыз айтқандай, біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам баса­тынымызды бүгіннен бастап айқындап алуымыз қажет. Сөз жоқ, ол үшін бұқара халықтың, әсіресе, бүгінгі жастардың көз­қарастарын тәуелсіз қазақтың қастерлі қағидаларына бағыттай оты­рып, негізгі мәдени гүлдену мен дәстүр-салтымызды елдің дамуына арнау парасатты парызымыз емес пе? Міне, осы бағытта Елбасының алға қойып отырған міндеттерінің маңызы өте зор.
– Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл бағдарламалық мақа­ла­сында «ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебие­тіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойы­мызда мәңгі қалуға тиіс» деп айтқан сөзінің астарында үлкен мән жатыр. Президент рухани жаңғыруды жүзеге асыруда, дамудың өзін­дік дара жолы бар дербес ұлт болуымыз үшін «Жаһандағы зама­науи қазақстандық мәдениет» жобасын ұсынып отыр. Бұл – өте қуа­ныш­ты жағдай.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – алға же­те­лейтін жаңа жолдың бірі. Бұл – тәуелсіздіктің іргетасын қалауға сүбелі үлес қосқан тұлғаларымызды елге танытатын жаңа бастама. Президент алға қойып отырған рухани жаңғырудың басты мақсаты – өткен мен болашақтың жақсы жақтарын үйлестіре жүзеге асыру екен­дігін ұмытпағанымыз жөн. Бұл жердегі мақсат – ұлттық біре­гейлігімізді сақтау арқылы жаһандық даму үдірісінен өз үлесімізді алу. Елбасы ұлттық рухымызды көтерудің жүрекке жылылық ұяла­та­тын тамаша жолын айрықша көрсетіп отыр. Ол – «Туған жер» бағ­дар­ламасы. «Туған жерге туыңды тік» дегендей әркімнің кіндік қаны тамған жері бар. Ол – туған ауылы. Түптеп келгенде әркімнің туған жерге деген махаббаты, туған елін сүюге деген сүйіспеншілігіне айналады емес пе? Бұл әрбір адамды өзінің өмір сүріп отырған Қазақ елін қастерлеуге шақырары сөзсіз. Сондықтан Елбасының «Туған жер» бағдарламасы әрбір қазақтың жүрегіне патриоттық сезімді ұяла­тып отыр.
Елбасы ұсынып отырған рухани жаңғыру бағдарламасы тәуелсіз қазақ елінің ұлттық дамуын айқындайтын саяси құжат. Мұны тал­қылау мен зерделеу арқылы бағдарламаны өмір жүзіне асыру – аса жауап­ты міндет. Бұл ретте, асығыстық, асыра сілтеушілік, біржақ­тылықтан аулақ болғанымыз жөн. Олай дейтініміз – бұл бірегей бағыт біздің өз ұлтымыздың келешегі мен рухани дамуын көтеруге арналып отыр емес пе? Елбасының бұл саяси идеологиялық құжаты алмағайып заманда дамыған елдердің көшінен қалмау үшін Қазақстанның ұлттық рухта экономикалық әрі технологиялық дамуды көздейтін прогрессивті жолын көрсетті. Елбасының осындай парасаты пәрмен­ділігі, көрегендік кемеңгерлігі келешектегі үкілі үмітімізге сенімді арт­тырып, тарихи таңдауымыздың табысты болатындығын көрсетіп отыр.


Медет ӨМІРЗАҚОВ, «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының сарапшысы:

Қазақстанның даму бағдары

– Қазіргі жаһандану заманында ұлттық ерек­шеліктерді сақтай отырып, өз даму жолын табу – қай қоғамға да болмасын өзекті мәселе. Мем­лекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласында өткен тарихқа шолу жасай отырып, дәл осындай қазақ­стандық даму бағдарын қалыптастыру мәселесін қозғайды. Мұндай бағдар – ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып, әлемдік тәжірибеге негізделу керектігі көрсетілген. Бұл өз кезегінде әр қазақстандықтың, сәйкесінше, тұтас қоғам санасының жаңғыруын қажет етеді.
Елбасы мақаласында Қазақстанның алдағы он шақты жылдардағы даму бағыты айқын көрсетілген. Бұл бағыт – Батыстық даму моделін кө­шіру емес, өткен тарихи тәжірибеге негізделген, қазақстандық даму жолын қалыптастыру. Осыған орай Президент билік орган­дарына таяу жылдарға арналған нақты міндеттер жүктеді. Міндеттер, не­гізінен, жастардың білім алуы мен патриоттық тәрбие беру мәсе­лесіне бағытталған. Бұл – жақын болашақта әлемдік деңгейде бәсе­кеге қабілетті, біртұтас ұлт қалыптастыруға көзделген міндеттер.
Президент мақаласы Қазақстанның өз дамуында жаңа өз­геріс­терге бет алғандығын көрсетеді. Әлемдік тұрақсыздық пен өзгерістер жағ­дайында қоғамның даму жолының айқындалуы, қалың бұқараны біріктіруге міндетті.


Ләззат СҮЛЕЙМЕН,Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары:

Нақты бағдарлама

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын әрқайсысымыз үшін ұлттық генетикалық кодымызды сақтай отырып, жаңғыру жолымен жүруге берілген нақты бағдарлама деп қабылдадым.
Қатардағы Қазақстан азаматшасы ретінде де, мемлекеттік қызметкер ретінде мақаланың әр сөзі көңілімнің төрінен орын алды. Мемлекеттігіміздің дамуының келесі кезеңінде жүзеге асыра отырып, ең басты құндылығымыз – Қазақстан тәуелсіздігін сақтау үшін жоспарланған рухани жаңғырудың тетігі – осы мақала.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев анық айтқандай, халық бәсекеге қабілетін арттырса ғана, табысқа жетпек. Халықтың бәсекеге қабілетті болуы дегеніміз – қоғамның әрбір мүшесінің әлеуметтік, экономикалық, саяси бәсекеге қабілетті болуға ұмтылуы, яғни, қоғамдық сананың өсуін, жаңғыруын қамтамасыз ету.
Бұл орайда қазақстандық әйелдер қауымдастығының қоғамдағы орны, белсенділігі жылдан-жылға күшейіп келе жатқандығы тәуелсіздіктің арқасында қол жеткен бір игілігіміз екендігі анық. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы әлеуеттің мықты екендігін Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық комиссия өткізген сараптаманың нәтижесінде көріп отырмыз.
Ең алдымен, отбасылық құндылықтардың иесі, сақтаушысы жә­не келесі ұрпаққа жеткізушісі ретінде, содан кейін заман талабын – кәсіпкерлікті игерген, саяси белсенділік танытып, қыруар әлеу­меттік жобалар мен ізденістердің авторы болып отырған қазақстандық әйелдер қауымдастығы Елбасы айтқан жаңа тарихи кезеңде ұлтымыз үшін, мемлекетіміз үшін атқарылатын аса маңызды міндеттерді белсенді түрде жүзеге асырушысы, ұйымдастырушысы болмақ.


Қазақбай КАСиМОВ,«Ахыска» түрік мәдени орталығының төрағасы:

Жүрекке жылы тиетін жолдар

– Елбасының мақаласы бәріміздің кө­кейі­міз­де жүрген арман-мақсаттың үстінен дөп түсті де­сек, артық айтқандық емес.
Ол тілді, ділді, дінді айтты. Қысқасы, тәуелсіз елге керекті дү­ние­нің бәрін түгендеп, елдің ертеңгі өміріне нақты жоспар жасады. Ұлт­тық сананың қалыптасып, одан әрі дамуын жік-жікке бөліп, жұр­ттың жүрегіне жылы тиетін жолдарды көрсетіп отыр.
Соның ішінде, мақаладағы «Туған жер» бағдарламасы бір күннің емес, бірнеше жылдарға созылған кемеңгер ойдың, сұңғыла сананың же­місі екені ақиқат. Өлкетану мен абаттандыру жұмыстары және та­рихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру шара­ларын қазірден бастап қолға алмасақ, «әттеген-айлап» қалуымыз да мүмкін. Сол себепті, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласында айтылған міндеттер мен тапсырмаларды ертеңге қалдырмай, бүгіннен бастап жабыла орындауға тиіспіз. Бұл – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруге бірден-бір кепіл.
«Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің та­рихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қыр­қасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төр­кіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің хал­қына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақ­талған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деді Елбасы. Мақалада айтылған осы жолдардан-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жерге деген ыстық ықыласын, зор махаббатын аңғаруға болады емес пе?!
Ендеше, елін сүйген Елбасымыз барда біздің де аянып қалғаны-мыз жарамас. Қолдаймыз. Қуаттаймыз.


Атсалим ИДИГОВ, Алматы облыстық «Огни Алатау»газетінің бас редакторы:

Қарқынды дамуды көздейді

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында халқымыздың ұлттық санасына егжей-тегжейлі талдау жасап, қазіргі заманның сын-қатерлерін ескере отырып оны ары қарай жетілдірудің нақты жолдарын көрсетті.
Президентіміз Н.Назарбаев осы жолы да «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі дамыған отыз елдің қа­тарына қосылу» екендігін атап өтті. Бұл мақсат экономикалық жа­ғынан болсын, рухани бағытта болсын, еліміздің барлық сала бойын­ша қарқынды дамуын көздейді. Елбасының Қазақстан халқына қаңтар айында жолдаған Жолдауында айтылғандай, жаңғыру процесінде, ең алдымен, біздің санамыз ісімізден озық жүруі тиіс еке­нін түсінуіміз қажет. Тек осы жағдайда ғана мақсатымызға жетеміз, тек осы жағдайда ғана бүкіл әлем Қазақстанды экономикалық жа­ғынан дамыған мемлекет қана емес, сондай-ақ өзінің қайталанбас мәдениеті мен адамгершілік мұрасы бар рухани бай мемлекет ретінде танитын болады.
Президентіміз «Рухани даму – бір күндік емес, күрделі процесс» деп атап өткен болатын. Бұған Тәуелсіздігіміздің 25 жылында жүзеге асқан мемлекеттік бағдарламалар дәлел бола алады. Олар – Елбасы ерекше мән беріп отырған «Мәдени мұра», «Халық тарих толқы­нында» атты мемлекеттік стратегиялар.
Біз қазір жаңа жетістіктерге жету қарсаңында, қиын асуларды еңсеру кезеңінде тұрмыз. Ұлттық болмысымыз бен сана-сезімімізді сақтай отырып қана көптеген жетістіктерге жете алатынымыз сөзсіз. Сонда ғана бүкіл әлемнің бізді тарихы бай, мәдениетті, серпінді эко­номикасы, болашаққа деген биік мақсаты бар бірегей ұлт ретінде мойындайтынына кәміл сенемін.
Осыған орай Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жақын арада жүзеге асырылуы тиіс нақты міндеттерді айқындап берді. Ондай міндеттердің қатарында бәсекеге қабілеттілікке талпыныс, іс-ша­ралар прагматизмі, ұлт бірегейлігін сақтау, жоғары білімділік мә­селелерін атауға болады. Рухани жаңғыру жайын негізге ала отырып, қа­на біз болашағы біртұтас ұлт бола аламыз.

Бөлісу:

Пікір жазу


*