ҚХР төрағасының сәлемін жеткізді

1642
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Чжан Гаолимен кездесті.

Мемлекет басшысы кездесуде ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірін­ші вице-премьеріне сәттілік тілеп, екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті.
– Қазақстан мен Қытай ара­сын­да серіктестіктің ерекше мо­делі қалыптасқан. Біз энерге­тикалық және басқа да салаларда ынтымақтастық орнатып отыр­мыз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу – бір жол» атты халықара­лық форумға шақырғанына алғыс білдіріп, бұл іс-шараға қатысуға дайын екенін жеткізді.
– Алдымызда бізді көптеген бірлескен жұмыс күтіп тұр. «Бір белдеу – бір жол» форумына қа­тысу үшін Бейжіңге баратын сапарым барысында біз «Нұрлы жол» және «Жібек жолы эконо­ми­калық белдеуі» бағдарламаларын ұштастыру жолдарын жан-жақты талқылаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Чжан Гаоли ҚХР төрағасы
Си Цзиньпиннің Қазақстан Прези­дентіне жолдаған сәлемін жеткізіп, Ынтымақтастық жөніндегі ко­митет отырысы аясында жаңа уағдаластықтар жасалғанын атап өтті.
– Қытай Халық Республика­сы­ның төрағасы биылғы маусым айында «ЭКСПО – 2017» ха­лықаралық көрмесінің ашылуына және Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Қазақстанға келуді жоспарлап отыр. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстанда экономиканың қар­қынды дамуы жалғасуда, әлеу­меттік тұрақтылық бар екені бай­қалады, халықтың әл-ауқаты жақ­сарып келеді. Халықаралық аренада да Қазақстанның беделі артып отыр, – деді Чжан Гаоли.
ҚХР вице-премьері Қазақ­станда жүзеге асырылып жатқан реформаларға қолдау білдіріп, Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру жөніндегі таяудағы бас­тамаларының маңыздылығына тоқталып өтті.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті еліміздегі өзгерістердің іске асырылуына қолдау көр­сеткені үшін ҚХР басшылығына алғыс білдіріп, сауда және эконо­мика саласы бойынша екі ел ара­сындағы байланыстар нығая түседі деп үміттенетінін жеткізді.

Бөлісу:

Пікір жазу


*