Үкімет басшысын қабылдады

1639
1
Бөлісу:

Биыл Қазақстан экономикасы жап-жақсы өсім көрсетуде. Ендігі мақсат өркендеу әлеуетін күшейте түсу болмақ. Елбасы Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдады. Үкімет жетекшісі өткен апта соңында технологиялық даму деңгейі жоғары АҚШ-тан оралған болатын. Ақордадағы кездесу барысында ол Мемлекет басшысына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауды іске асыру бағытында Үкіметтің атқарып жатқан жұмысы туралы есеп берді. 

Премьер-министр 2017 жылғы бірін­ші тоқсанның қорытындысы бойынша мем­лекеттік және салалық бағ­дарла­ма­лардың орындалуы жөнінде мәлі­мет­ті ұсын­ды.
Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін бе­кі­тілген даму бағдарламаларын іске асыру­дың маңыздылығын, сондай-ақ олар­дың орын­далуына сапалы бақылау жасау қажет екенін атап өтті.
– Бірінші тоқсан қорытындысы бойын­­ша еліміздің экономикасы 3%-ға өсті. Бұл – бағдарламаларымыздың жүзеге асы­рылу нәтижесі. Осы бағыттағы жұ­мыс­тарды жал­ғастыру қажет және көр­сет­кіштерді жақсы деңгейде сақтап қалып, жыл соңына дейін арттыру мүмкіндіктерін қарастыру керек. Бұған қажетті алғышарт­тар бар, – деді Қа­зақ­стан Президенті.
Елбасы алда күтіп тұрған іс-шаралар жайын Үкімет жетекшісінің қа­пе­ріне салып, оларды ойдағыдай өткізу үшін жан-жақты дайындық пен мұқият ба­­қылау жүргізу қажет екенін нықтады.
– Таяуда Қазақстанға Түркіменстан бас­шылығының сапармен келуі жос­пар­лану­да. Алдымызда Астанада өтетін Шан­хай ынты­мақ­тастық ұйымының саммиті, «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі бар. Сонымен қатар еліміздің одан әрі да­муы­ның басты мақ­саттары туралы да ұмыт­пау керек, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағ­­дарламалық мақалада қойылған мін­детт­ерді іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан Президенті алдағы жұмыс­тар аясында Үкіметке жүктелген жауап­кер­ші­ліктің жоғары екеніне тоқталып, бұл үде­ріс­ке жұртшылықты, соның ішінде зия­лы қауым, жастар, үкіметтік емес сек­тор өкіл­дерін тарту қажет екенін айтты.
– Жуырда жарияланған «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақала көп жылдан бері ойда жүрген болатын. Қазіргі уақытта мақалада қойылған міндеттерді нақты іске асыру жөніндегі жоспар әзір­ленуде. Қаражат қажет ететін жобалар да бар. Алайда олардың көбі республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді қажет етпейді, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы көптеген қазақ­стандықтардың айтылған бастамаларды қызу қолдап отырғанына назар аударды.
– Күн сайын маған еліміздің әр өңірін­дегі жұртшылық өкілдерінен мақаладағы ұсынылған шешімдерге қолдау білдірген көптеген жеделхат келіп жатыр. Олар­дың қатарында түрлі шығармашылық ұжым­­дар, зиялы қауым өкілдері және жас­тар да бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті рухани жаң­ғырудың белгіленген бағыттары бойынша жүргізілетін жұмыстар жоғары сапалы деңгейде орындалуға тиіс екенін атап өтті.
Б.Сағынтаев Елбасыға бірінші тоқсан­ның қорытындысы бойынша қысқамер­зімді экономикалық көрсеткіштердің өсіп келе жатқаны туралы баяндады. Премьер-министрдің мәліметіне сәйкес, өнер­кәсіп­тің тау-кен саласындағы және қайта өңдеу секторларындағы көрсеткіштер жоғары деңгейге жетті.
Сондай-ақ Б.Сағынтаев Мемлекет бас­шысына Үкімет әкімдіктермен, ірі хол­дингтермен және компаниялармен бір­лесіп қолға алған технологиялық жаңғыру жө­ніндегі жол қартасының әзірлену ба­ры­сы туралы мәлімдеді.

Бөлісу:

1 пікір жазылған

Пікір жазу


*