Ел Ердоғанның соңынан ерді

3472
0
Бөлісу:

Сонымен Түркияда  көптен  күткен референдум  болып  өтті. Конституцияға  өзгерістер енгізіліп,  президенттің өкілеттігі  кеңейетін  болды. Бір  сөзбен  айтқанда, Режеп  Тайып Ердоғанның  арманы орындалды  деуге  болады. Дауыс беруге  қатысқандардың 51,23 пайызы конституциялық өзгерістерді  қолдаған.  Дауыс  санау  бітісімен Ердоған  халықты  жеңісімен  құттықтады.

«Бұл  780 шаршы шақырымда 81 аймаққа  бөлініп  жатқан,  80 миллион  халықтың  жеңісі. Жаңаратын  кез келді» деді  ол. Алдағы уақытта  президенттің өкілеттігі кеңеймек. Премьер  – министрдің  орны таратылмақ. Президент министрлерді,  конституциялық  соттың  біраз  мүшесін сайлауға   және парламенттің рұқсатынсыз елде төтенше  жағдайлар  жариялауға  құқылы. Парламентті  таратып  жіберуге де  мүмкіндігі  бар. Ол  шығарған  жарлықтардың заңмен тең   күші  болмақ.  Парламенттің   саны 550 депутаттан 600-ге көбеймек. Бұдан былай   президент пен  парламент  (бұрын  төрт жыл  еді) бес  жылға  сайланады. Президент  екі  мәрте  сайлауға  түсуіне  рұқсат.

Жалпы,  Түркиядағы  референдум қалай  өтті? Бұл жөнінде  түрік  жерінде  білім алып,   ол  елдің жай-жапсары мен саяси жағдайын  жетік  білетін  белгілі журналист Амангелді  Құрметұлы өзіңің facebook-тегі жеке парақшасында былай деп жазды: «Түркиядағы дауыс беру процесін бақылап отырып кəдімгідей сүйсінесің. Көрсеткіштер көз алдыңда өзгеріп жатады. Əр аймақтағы, əр қаладағы дауыс беру нəтижелері көрсетіліп тұрады. Онлайн бақылаудың өзі қызық. Дауыс беру нəтижесіне келсек, Ердоғанның бастамаларын қолдаушылар ауыл тұрғындары немесе дəстүрлі түрік қоғамы өкілдері екенін байқауға болады. Яғни, референдумда конституциялық өзгерістерді жақтаушылар мəселені тұрмыстық һəм «ура» патриоттық көзқараспен бағалаған сияқты. Өйткені Анадолының ішкі өлкелері мен солтүстік тұтастай қолдады. Солтүстік шығыстағы екі аудан қарсы болған. Ол өңірлердегі білім мен тұрмыс деңгейі елдің батысындағыдай емес, әлдеқайда төмен. Əрі əу баста Ердоған дін мен дəстүрге берік азаматтар мен жұмыссыз əйелдердің назарын өзіне аудару тəсілін қолданған. Əзірге нəтиже беріп келеді.

Зиялы қауым мен ірі бизнес шоғырланған қалалар конституцияға өзгеріс енгізуге қарсы болды. Елдің Еуропа құрлығы түгел қарсы пікір білдірді. Жерторта теңізі жағалауы да солай. Измир, Ыстамбул мен Анкара, Едірне, Анталия, Адана, Ескішехир сияқты бірқатар ірі қалаларындағы электорат «жоқ» деп жауап берген. Бұлар «батыс көрген» өңірлер.  Елдің оңтүстік шығысында конституциялық реформаға күрдтер қарсы болғаны анық көрініп тұр. Дегенмен əзірге нəтиже шамамен 51%-49% болып, реформаны жақтаушылардың пайдасына шешілген жайы бар. Түркияда ұзақ уақыт бойы орныққан саяси жүйені өзгерту электораттың тең жартысының көңілінен шықпайтыны белгілі болды».

Алдағы  уақытта  Ердоған   қандай  қадамдарға бармақ? Оның айтуынша,  елде  өлім жазасын қайта кіргізу мәселесі  тұр. Бұдан былай ішкі-сыртқы   саясатта  біраз өзгерістер болмақ.   Ердоған өзіне  ыңайлы  саясат  ұстанатыны  хақ.  Қалай айтсақ  та, 2003  жылы билікке келген  Ердоған  бүгін-ертең аттан  түскісі  жоқ.  Енді  ол  осы  орында 2029 жылға  дейін отыруға  мүмкіндік  алды.

Айнұр Қазыкенова

Бөлісу:

Пікір жазу


*