Қос министрді қабылдады

1608
0
Бөлісу:

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов пен Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловты қабылдады.

Сәкен Жасұзақов Мемлекет басшысына еліміздің Қарулы Күш­­терінің қазіргі ахуалы мен армия алдына қойылған міндет­тердің орындалуы жөнінде есеп берді. Елбасы Қарулы Күштерді жа­сақтау қарқынды жүргізіліп келе жат­қанына тоқталып, бұл жұ­мысты жал­ғастыру қажеттігін атап өтті.
– Қыста да, жазда да әскери оқу-жаттығу шаралары өткізілді. Әскеріміздің соғысқа қабілеттілік деңгейі жоғары. Тәртіп жақсар­ғаны байқалады, – деді Елбасы.
Сондай-ақ Президент әскерді қару-жарақтың және әскери тех­ни­каның жаңа түрлерімен қайта жарақтандыру, әскери қызмет­шілерді әлеуметтік қамсыз­дан­дыру, еліміздің аумақтық қауіп­сіздігі мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін дамыту мәсе­ле­леріне назар аударды.
Бейбіт Атамқұлов кездесу ба­ры­сында Президентке министр­лік­тің қазіргі қызметі, қорғанысқа арналған мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру және ақпараттық қауіпсіздік саласында атқарылып жатқан жұмыстар, сондай-ақ са­ланы одан әрі дамыту жоспарлары жөнінде баяндады. Қорғанысқа арналған мемлекеттік тапсырысты қалыптастырудың қазіргі алго­ритмін жетілдіру үдерісі, сондай-ақ «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасын әзірлеу барысы туралы мәлімдеді.
Нұрсұлтан Назарбаев министр­ліктің алдына қойылған қорғаныс өнеркәсібі деңгейін көтеру және оны технологиялық тұрғыдан жаң­ғырту міндеттерінің сапалы іске асырылуына қатысты мәселелерге тоқталды.
Кездесу қорытындысы бойын­ша Елбасы министрлерге бірқатар тапсырмалар берді.

Бөлісу:

Пікір жазу


*