ПРЕЗИДЕНТТІҢ ПАРАСАТТЫ ПАЙЫМЫ

2304
0
Бөлісу:

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жаңа мақаласын жариялады. Өте қуатты мақала. Қазақ ұлтын қайраған, намысын жігерге жаныған мақала. Мұны әр қазақ баласы мұқият оқуы тиіс. Қазақтың арғы-бергі тарихы тұжырымдалған, ұлттық құндылықтарымызды айқындаған, мемлекеттің келешек келбетін бағдарлаған құжат.

Нұрсұлтан Назарбаев халқы­мыздың басына түскен қасіретті кезеңнің дәл сипаттамасын жа­сады. «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демогра­фиялық соққы жасалды. Оның жа­расы бір ғасырдан бері әлі жазыл­май келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады. Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды». Еңсе­мізді көтере алмай езіліп, өзімізді қор сезініп, тіпті қазақтықтан безі­ніп кете жаздағанымызды тап ба­сып отыр.
Жаңа ғасыр келді. Жаңа заман орнады. Қазақтың рухани дамуы­ның кілті неде? Әлемдегі озық отыз елінің қатарына қосылу үшін не істеуіміз керек? Президент қазақ қоғамындағы қордаланған түйт­кілді мәселенің бәрін тамыр ұста­ған тәуіптей күн тәртібіне шығарды. Мемлекет басшысы «Табысты болу­дың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп атап көрсетті.
Ұлт Көшбасшысының бастауы­мен Қазақстан ширекғасырлық даму жолында өзінің бағыт-бағ­дарын бірден айқындап алған еді. Соның арқасында экономикалық, құқықтық, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. «Мәдени мұра» арқылы жоғымыз түгенделді. Енді міне, рухани жаңғыру мәселесі қолға алынды. Бұл өзі талайдан бері жұрт жүрегінде жүрген мәселе бола­тын. «Еліміз мықты әрі жауап­кершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам баса­тынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көз­қарастарымды ортаға салуды жөн көрдім» деді Президент.
Құлдық санадан құтылу үшін не қажет? Сананың ашықтығы қажет! «Көптеген проблема әлемнің қар­қынды өзгеріп жатқанына қара­мастан, бұқаралық сана-сезімнің «отбасы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды. Бір қа­рағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей. Еуропалық одақтың 400 миллион­нан астам тұрғыны ана тілдері – неміс, француз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тілін еріккеннен үйреніп жатыр ма? Бұл – бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты. Бірақ мәселе бұған да тіреліп тұрған жоқ. Сананың ашықтығы зерденің үш ерекшелігін білдіреді.
Біріншіден, ол дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты ау­мағында және өз еліңнің айнала­сында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Екіншіден, ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, бар­лығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек.
Үшіншіден, бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетіс­тіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жа­пония мен Қытайдың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың нағыз үлгісі. «Өзім­дікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті әрі ашық зерденің басты көрсет­кіштерінің бірі. Егер қазақстан­дықтар жер жүзіне үйден шықпай, терезеден телміріп отырып баға беретін болса, әлемде, құрлықта, тіпті іргедегі елдерде қандай дауыл соғып жатқанын көре алмайды. Көкжиектің арғы жағында не бо­лып жатқанын да біле алмайды. Тіпті бірқатар ұстанымдарымызды түбегейлі қайта қарауға мәжбүр­лейтін сыртқы ықпалдардың байы­бына барып, түсіне де алмай қалады», – дейді Президент.
Елбасы мақаласы әлеуметтік желіде толқын туындатты. Көркі түзулерді былай қойғанда, бөркі қисайып жүргендердің өзі Пре­зиденттің парасатты пайымдарына тәнті болып жатыр. Бұл Елбасы мақаласының әскери тілмен айт­қанда, «дәл 10-дыққа» тигеніне айқын дәлел.
Мақалада айтылған ойлар, тезистер, нақты ұсыныстар мен тап­сырмалар – ұлттық идеология­ның өзегі. Бұл құжат Мәңгілік елдің ұлттық мүддесін толық тұжы­рымдап берді.
Пышақтың өзі қайрамаса – өтпейді. Президенттің қайрақ сөзі бізге жаңа жігер, соны серпін береді. Кеудемізді мақтаныш пен өршіл сезім кереді.
«Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуы­мыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», – деген Президент байламына бәріміз жүгінейік. Еңсемізді тіктейік! Әр­қайсысымыз өзімізге бір-бір міндет жүктейік!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*