ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТТЫҢ ЖАҢА ТҰҒЫРЫ

1770
0
Бөлісу:

Кеше «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде болды. Онда Мұхтар ­Құл-Мұхаммед жоғары оқу орнының профес­сорлық-оқытушылар құрамы мен студенттерінің алдында сөз сөйлеп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген басымдықтардың мәні мен маңызы жайында айтып берді.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары ғалымдарға, ұстаздар қауымына, әсіресе, жастарға Мемлекет басшысының жаңа ғылыми еңбегін табандылықпен мұқият зерттеп шығуға кеңес берді. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, бұл мақалада қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан.
Сондай-ақ Мұхтар Абрарұлы Елбасы назар аударған мәселелердің дәл қазіргі таңда өте өзекті екеніне назар аударып: «Бұл – мақала ғана емес, мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарламасы. Елбасының жүрек төрінен шыққан асыл сөздері сіздерге – тәуелсіз Қазақстан жастарына арналған. Сондықтан оны әрбір қазақстандық жас оқып, меңгеруі керек. Себебі, руханиятымыздың қайнар көзі, тарихы, бүгіні мен болашағы осы құжатта анық көр­сетілген», – деді.
Сонымен қатар биыл Мемлекет басшысы үш бірдей тарихи бастама жасағанын айтқан партия Төрағасының Бірінші орынбасары: «Біріншіден, Елбасы өзінің халыққа арнаған биылғы Жол­дауында елімізді технологиялық дамудың жаңа деңгейіне шығаратын Қазақстанның кең ауқымды экономикалық жаңғыруына жол ашты. Екіншіден, ірі экономикалық қайта құрулармен қатар, бірегей Конституциялық реформа арқылы мемлекетіміздің саяси жаңғыруын қолға алды. Бүгін Елбасы ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасын ұсынып отыр», – деді.
Мұхтар Абрарұлының айтуынша, барша қазақстандықтар, соның ішінде зиялы қауым өкілдері әрдайым ұлт руханияты мен оның құндылықтарына ерекше назар аударып келді. Сондай-ақ Мұхтар Құл-Мұхаммед өз сөзінде латын әліпбиіне тезірек көшу мен тәуелсіз заман жастарының шетел тілдерін меңгеруі қажеттігіне тоқталды. Әрбір жастың ұлт руханиятының қайнар бастауынан сусындап, ата тарихы мен бабалар мәдениетін ардақтай білгенде ғана жан-жақты жетілген тұлға болып қалыптасатынына айрықша мән берді.
«Рухани жаңғыру дегеніміз – ұлттық салт-сана, әдет-ғұрып, мәдени дәстүрлерді берік сақтай отырып, оны жаңа заман жетістіктерімен және жалпыадамзаттық құндылықтармен байыту», – деп атап көрсетті партия қайраткері.
Жаһандану жағдайындағы жалпыадамзаттық құндылықтарды игеру мәселесіне кеңінен тоқтала келіп, Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Біз жақсылықтардан жатсынбауымыз керек. Мәдениет пен әдебиет, ғылым мен білім сала­сын­дағы бүгінгі заман жетістіктері біздің жастарымыздың да ортақ игілігіне айналуы тиіс. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтқан философиялық өсиетінің мән-мағынасы дәл осындай ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар бірлігінде деп есептеймін», – деді.
Сөз соңында «Нұр Отан» партиясы Төра­ға­сының Бірінші орынбасары: «Елбасы мақа­ласында қоғамның рухани ұстыны мен ұлттық идеяның мазмұнын қалыптастыруға қатысты өзекті мәселелерге нақты жауап берілген. «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес. Ол үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті» деген сөздерде әр буын өкілдерінің ұлттық құндылықтарды өз заманының ең үздік, ең озық жетістіктерімен байытып отыру ке­ректігін жастарымызға айқын түсіндіретін өнеге бар. Рухани жаңғырудың басты бағыт-бағдары да осында», – деді.Сондықтан Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысы жариялаған бірегей бағдарламалық құжат барша қазақстан­дықтардың жаппай қолдауына ие болатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов партия Төрағасының Бірінші орынбасарына мәнді де мағыналы дәрісі үшін алғысын білдіріп, Елбасы айқындаған ұлттық руханияттың жаңғыруына барша қазақстандық бір адамдай атсалысуы керектігіне ерекше назар аударды.

Еламан ҚОҢЫР,
Суретті түсірген Рустам АМАНТАЙ


Нұрлан НЫҒМАТУЛИН,
Мәжіліс төрағасы:

Мемлекеттің тірегі –­халықтың жігері

Біз тәуелсіздік алған санаулы уақыттың ішінде Тұңғыш Пре­зиден­тіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың көрегендігінің арқасында аңызға айналатындай зор табыстарға қол жеткіздік.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ма­қаласы осы жетістіктерімізді одан әрі еселей түсудің, алға қойған ұлы мақсаттарға жетудің берік тұғырын орнатудың жарқын көрсеткіші.
Ұлы мемлекет әрқашанда үндестік заңымен өмір сүреді. Осы жолда рухани серпіліс әрбір адамның, бүтін қоғамның тынысын өзгертетін ерекше құбылыс.
Сондықтан да Елбасы халқымыздың тағылымы мол тарихы мен ұлттық салт-дәстүрлерін елде жүргізіліп жатқан саяси реформа мен экономикалық жаңғырудың өзегіне айнал­дыра отырып, қазақстандық қоғам мен әрбір қазақстан­дықтың санасын жаңғыртудың алты негізгі бағытын белгілеп берді.
Олардың барлығы теңдесі жоқ тарихи мазмұнға ие бола отырып, алдағы дамуымыздың басты қағидаларын анықтады.
Онда қазіргі таңда аса өзекті болып табылатын, әрқайсысы қыруар жұмыс көлемін қажет ететін қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық жобалар түрінде бірқатар нақты шаралар қамтылған.
Бұл халқымыздың алдында жаңа көкжиектер кеңістігін ашып, елімізді сапалық жағынан жаңа даму деңгейіне шығаратыны сөзсіз.
Біз технология мен инновацияға, жаңа экономика салаларын дамыту мен заманауи инфрақұрылым құруға баса мән бере отырып, кез келген халықтың дамуында баға жетпес рөл атқаратын рухани негіздерді де естен шығармауға тиіспіз.
Жоғары білімді әрі рухани жағынан бай адамдар ғана уақыттың жаңа сын-қатерлеріне жедел ден қойып, шұғыл шаралар қабылдауға, батыл қадамдар жасауға қабілетті болмақ.
Сондықтан Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарлама­сы қоғам дамуына тың серпін беріп, әрбір азаматты алға жетелейтін тарихи күшке айналары сөзсіз.


Әлеуметтік желідегі пікірлер

Ерлан ҚАРИН:
– Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың бағ­дар­ламалы мақаласында айтылған ойлар, тезистер ұлттық идеологияға, қазақ қоғамына арнайы бағыт алғанын аңғартса керек. Сондықтан бұл мақаланы қазақ халқына жолдау сияқты қабылдауға болады.
Елбасының мақаласы мемлекеттік идеологияны анықтайтын жаңа идеологиялық платформаға айналатын саяси-идеологиялық құжат. Себебі, ол саяси, экономикалық, әлеуметтік, құқықтық реформадан соң, идеологиялық саясатта модернизациялауды күн тәртібіне шығарды. Мәселен, латын қарпіне көшу – өте маңызды шешім. Осы турасында бұрын да пікірімді айтқанмын, мәселе латын әліпбиіне көшуімізде емес, нақты өркениеттік таңдауымызды жасауымызда. Ендігі ретте Елбасы бұрын және бүгінгі ұсынып отырған жаңа тың идеяларды нақты іс жүзінде асырудың жоспарын ұсынып отыр.
Бұл құжат – Қазақ ұлттық мүддесінің стратегиялық бағытын айқындайтын жаңа идеологиялық концепция. Ұлтты белгілі бір әрекетке жігерлендіретін, түрткі болатын принциптердің жиынтығы.

Айдос САРЫМ:
– Ешбір шынайы модернизация рухани жаңғырудан тыс жүре, жүргізіле алмайтыны айдан анық. Биліктің осыны түсініп, рухани жаңғыру мәселесін қолына алғаны, осыған орай өз қағи­даттары мен ұстамдарын ортаға салғаны құптарлық шаруа. Өзінің төңірегін­де мақтау емес, құр сөз емес, кірпіш-кірпіш мақала емес, кешенді талдау жүргізіліп, нәтижесінде, нақты мем­лекеттік бағдарла­малар жасақталуы тиіс.
Есесіне, гуманитарлық пәндерге жасалған қасастық тоқтатылып, оны іске асырған шекпенділер орындарын босатуы қажет.
Шынайы революция – мәдени және рухани революция. Шынайы модернизация руханият пен санадан бастау алады. Егер осы айтылғанды қойыртпақ қылмай, жемсауға айналдырмай іске асырсақ – құба-құп.
Бақытжан БҰҚАРБАЙ:
– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланды. «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауы керек. Бүгінгі заман­дас­тарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Шын мәнінде, тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Сондықтан оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айнал­дыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек. Қазіргі медиа-мәдениетті суырыла сөйлейтін «шешендер» емес өмірдің өзінен алынған шынайы оқиғалар қалыптастырады. Мұндай оқиғаларды көрсету бұқаралық ақпарат құралда­рының басты нысанасына айналуы тиіс», – деген жері бар екен.

Taлғат ҚАЛИЕВ:
– Барлық уақытта да ғылым игілікті іс болып саналды, алайда оның кері тұстары да болды. Кезінде ғалымдар отқа қақталды, сиқыршы деп қудаланды, күлкіге ұшырады, күмәнмен де қарады. Бұл мамандықпен қазіргі уақытта да мақтанып әрі табыс көзі деп айта алмайсыз. Бұл сала әрдайым зор жанкештілікті және өз ісіне деген шынайы берілгендікті қалайды.
Қазақ халқында әрдайым ғалымдарға деген құрмет пен зерделілікке ұмтылыс болды. Қуанатынымыз, Президент ұлттық жаңғырудың жаңа тұжырымдамасындағы сапалық басымдық ретінде білімді басты орынға қойып, әлемдегі 100 озық оқулықты қазақ тіліне аударуды ұсынды. Бұл дегеніміз, отандық ғылымда жаңа көкжиектерді ашып, біздің тіліміз жаңа сапалы контент ретінде толығып, жас дарындыларға жалын береді.
Жарқын болашағымыз, халқымыздың үміті интеллектуал­ды әлеуетпен тікелей байланысты боларына, оның негізгі күші білімде екендігіне сенемін. Оның түп-тамыры ғылымға, кітапқа құрметпен қарауда жатыр.


Пікірлер

Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, Қазақстан Республикасы
ҰҒА академигі:

– Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты тұжырым­да­малы ең­бегінің 12 сәуір – Ғылым күні жария­ла­нуының рәміздік мәні бар. Өйт­кені дамуымыздың жаңа кезеңінде, Мемлекет бас­шысы айтқандай, ғылым жүйесі мен нақтылық алға шығады. Отандастарымыз бұрынғының да, бүгінгінің де ең оңтайлы, тиімді тәжірибесін бас­шылыққа алады. Бұл ретте білім саласының міндеті мен жауапкершілігі арта түседі.
Бағдарламалы еңбек әз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық белесінен кейін қоғамның ақыл-парасатын кеңейту мен өрістету орайында жария етілгенін айта кеткен орынды. Күні кешегі саяси реформа мен үшінші жаңғыру талабы бұл ойларға айрықша серпін береді. «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деген Елбасы тоқтамы – жаңа Қа­зақстанның жолын және ұстанымын анықтайды.
Мақаланың санаға қатысты бөлімінде бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, эволюциялық даму, сананың ашықтығы сынды категориялық ой-тұжырымдарды таратып, тара­зылауының өзі – бүгінгі сын-қатерлерге берілген нақты жауап деп білеміз. Әсіресе, айналада болып жатқан алдамшы елес идеялар мен радикалды идеологиялардың қаупі қоғамнан релизм мен прагматизмді талап ететіні байыпты көрсетілген.
Маңызды еңбекте таяудағы міндеттердің де мемлекетшіл тұғыры айқын. Әлемдік ықпалдастық бәсекесінде латын қарпі негізіндегі бірегейлігімізді сақтау, сана мен зердеге серпін беретін отандық оқулықтарды әзірлеу мен классикалық оқулықтарды қазақ тіліне аудару, елді ардақтауға, танымал етуге арналған «Туған жер» бағдарламасы, ұлт мәдениетін таныту іс-шаралары, тарихи және замандас тұлғалар тұғырын айшықтау, т.б. қадау-қадау дүниелер дәл қазір қоғамға да, заманға да ауадай қажеттігін Ел­басы жанымен сезінгенін әр тұжырымынан ұққан­дай­мыз. Сондықтан да Президентіміз мұны «бола­шақ­ты баянды етудің теңдессіз мүмкіндігі» деп атады.


Болат КӨМЕКОВ,
Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі:

– Мемлекет басшысы­ның бұл мақаласы – ұлттық құн­дылықтар дамуы­ның­ ба­ғыт-бағдарын айқындап бер­ген маңызды құжат. Се­бебі, он­да біздің рухани жаң­ғы­руы­мыздың негізгі басым­­дық­тары нақты атап көрсетілген.
Қазақстан – Ұлы дала елі. Сондықтан біздің рухымыз биік, мәдениетіміз жоғары және санамыз да ерекше дамыған. Алайда соңғы екі жарым ғасырдың ішінде сол құндылықтарымыз көлеңкеде қалып келді. Тәуелсіздік алған күннен бастап, біз оны жаңғыртуға көп күш жұмсадық. Енді бұл ба­ғыттағы жауапкершіліктің салмағы артып, ұлттық санамызды қайта түлететін кез жетті. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы арқылы барша қазақстандықты осы жолда күш біріктіруге шақырып отыр.
Қазір дамудың жылдамдығы артып, заман өзгерген шақ. Сондықтан біз де соған сай ілгері жылжуымыз керек, жақсы бағытта өзгеруіміз керек және оның бәрі ат үстінде, тоқтаусыз түрде жүзеге асуы тиіс. Тарихи санамызды жаңғырту арқылы біз мемлекеттігіміздің іргетасын бекітеміз. Түптеп келгенде, мұның бәрі байтақ даламызды сақтап, келешек ұрпаққа бәсекеге қабілетті, дамыған Қазақстанды қалдыру үшін жасалып отыр.
Президент өз мақаласында тарихи жағдайларға ерекше мән берген. Соның ішінде халқымыздың жазу-сызуы да назардан тыс қалмаған. Атап айтқанда, латын әліпбиінің маңызы, оның қазіргі таңдағы терең логикасы анық көрсетілген. Қазір бүкіл әлемнің ағылшын тілін үйренуге деген талпынысын, әлемдік ақпараттың 80 пайызға жуығы осы тілде тарайтынын ескеріп, бізге де тездетіп латыншаға көшуді қолға алуымыз керек. Сол арқылы ағылшын тілін тез үйренуге оң қадам жасаймыз. Сондай-ақ өзіміздің тарихи тұлғалары­мызды әлемге танытуда да латын әліпбиінің берері мол. Тарихи сананың жаңғыруы дегеніміз – осы. Осындай ауқымды міндеттерді арқалаған мақа­ланың мазмұны өте құнды, көздеген межесі көңілге қонымды деп баға берер едім.


Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор, түркітанушы ғалым:

– Елбасының «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаң­ғ­ыру» мақаласын оқып шы­ғып, ерекше әсер ал­дым. Себебі, дәл қазіргі кез­де біздің қоғамға осын­дай батыл бастамалар ауадай қажет. Бұл Пре­зидентіміздің ойына бір күнде келе қалған дүние емес. Сонау азаттықтың ақ таңы атқан күннен бастап санаға салмақ түсірген, енді ғана толғағы жетіп жарыққа шыққан сөздер екені анық. Сондықтан да бұл мақаладан жүректің үні естіледі.
Мақалада Мемлекет басшысы латын қарпіне көшу мәселесіне кеңінен тоқталған. Қарап тұрсаңыз, бір әліпбиден екіншісіне ауысу оңай шаруа емес. Ол – тұтас қоғамды, мемлекеттің әр азаматын қамтитын өте ауыр процесс. Сондықтан оның қауіптілігі де әрдайым назарда тұруы тиіс. Соған қарамастан, латыншаға өтетін уақыттың жеткенін айтқан Елбасы бұл жұмыстың рет-ретімен жүзеге асуы тиіс екенін жеткізеді.
Жалпы, кез келген дамыған мемлекет, негізінен, екі байлыққа ерекше назар аударады. Олар материалдық және рухани байлық. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз көбіне алғашқысына көңіл бөліп, екіншісі еленбей қалғандай күйде тұрды. Осы келеңсіздікті жою үшін мынадай шешімге келу Мемлекет басшысының тереңнен ойлайтынын, әр істі өз уақытында орындайтынын тағы бір дәлелдеді. Енді оны сәтті жүзеге асыру біз бен сіздің басты міндетіміз болуы керек.
Өз басым бүкіл түркі әлеміне ортақ, осыдан 2-3 мың жыл бұрынғы құндылықтарды зерттеп жүргендіктен, латын әліпбиіне көшуді айрықша қуанышпен қабылдадым. Қазірдің өзінде осы бағыттағы том-том болған еңбектеріміз жарыққа шықпай, қолжазба күйінде тұр. Енді соларды жариялауға жол ашылады деп сенеміз.

Тілеген САДЫҚОВ,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Бүгінгі алмағайып заманда тек экономикалық тұрғыда ғана дамып қой­май, ұлттық рухани бол­мыстың сақталуына да аса мән беру керек. Елбасының мақаласында осыған бағыт беретін, көздеген мақсатқа жетудің жолын айқындайтын негізгі тетіктер анық көрсетілген. Сондықтан біз – қазақ ғалымдары ерекше қуанышпен қабыл алдық.
Жалпы, кез келген қоғамның рухани ұстынсыз алға жылжуы мүмкін емес екені тарихтан белгілі. Осыған дейін де біздің бұл саладағы жетістіктеріміз аз болған жоқ. Әсіресе, тәуелсіздік алғаннан бері қарай ұлттық сананы жаңа тұғырға көтеру мақсатында көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды. Соның ішінде «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағдарламаларын Елбасы өз мақаласында ерекше атап өткен.
Енді заманның өзгеруіне байланысты ру­ханиятымызды да жаңғыртатын кез келді. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы білімге, ұлттық санаға, мәдениетке, гуманитарлық салаға айрықша көңіл бөліп отыр. Себебі, олар адамның тұлға ретінде қалыптасуында маңызды рөлге ие.

Кеңшілік ТЫШХАНҰЛЫ,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ дінтану кафедрасының доценті:

– Елбасының ауқымды ма­қала­сында ұлттық идео­ло­гия­ның, рухани жаң­ғыру­дың маңыз­ды тетіктері қарас­тырыл­ған. Соның ішінде менің ерекше назарымды аударғаны – ұлттық кодты сақтау мәселесі. Қазіргідей жаһандану жағдайында өзіміздің ұлттық бояуымызды сақтай отырып, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу біздің мақсатымыз болуы тиіс. Себебі, бүгінде әлемді алаңдатып отырған лаңкестік қақтығыстарға сол ұлттық болмысымыз арқылы төтеп бере аламыз.
Шын мәнінде, бүкіл жаһанға зардабын тигізген терроризм Қазақстанға да өз қаупін төндіріп тұр. Оның алдын алу үшін ұлттық-рухани құнды­лық­тарымызды қайта жаңғыртып, салт-дәстүрлерімізді өркендеудің өзегі етіп алуымыз керек. Осы орайда Елбасы өзінің мақаласында «Мәдени мұра» сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламаларға басымдық беруі керектігін атап өткен.
Мемлекет басшысы ерекше атап көрсеткен тағы бір жайт – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Бұл – бүгінгі қазақ қоғамына тың серпін беретін кең ауқымды жоба. Өйткені тілдің тәуелсіздігі ұлттың рухани жетілуіне айтарлықтай мол септігін тигізеді. Осы ретте латын әліпбиінің алар орны ерекше екені айтпаса да түсінікті. Сол арқылы біз, әлемдік үде­ріске, технология тіліне, тұтас түркі әлеміне жақын­дай түсеміз. Осылайша, әлемдік деңгейдегі сабақ­тас­тығымыз нығая түспек. Сондықтан Елбасы көтерген осы тың мәселелердің үшінші жаңғыруды бастап кет­кен Қазақстан сияқты ел үшін маңызы аса жоғары.
Қысқаша айтқанда, тарихымыз бен қазіргі күнімізді, бүгініміз бен болашағымызды сабақтас­ты­ра білсек, рухани тұтастығымыз бен тыныш­ты­ғы­мыз­дың негізі беки түседі. Сол арқылы біз әлем ел­де­рін іштен ыдыратып отырған терроризмді түбірі­мен жойып, өз болмысымызды сақтап қала аламыз.

Досай КЕНЖЕТАЕВ,
философия және теология ғылымдарының докторы, профессор:

– Елбасының мақала­сын сан ғасырлар бойы ұлттық болмысымызды жо­ғалтпай, тарихи сана­мызды қайта қалыптастыру жолын­дағы бағыт-бағ­дары­мызды айқындаған биік белес деп қабылдадым. Себебі, Қазақстан сияқты жас мемлекет үшін қазіргі жаһандану жағдайында ұлттық кодты сақтаудың маңызы зор. Осыны ескерген Мемлекет басшысы рухани жаңғырудың тың тетіктерін ұсынып отыр. Сондықтан мен бұл бастаманы жүзеге асыру тәуелсіздіктің келесі ширек ғасырындағы баршамыздың басты міндетіміз деп білемін.
Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, оның рухани құндылықтарын негіздеген Елбасының бұл мақаласы оның мемлекетіміздің негізін қалаушы тұлға екенін тағы бір айшықтай түсті. Мемлекет басшысының латын әліпбиіне көшу туралы бастамасын бүкіл түркі дүниесінің тұтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп санаймын. Енді еліміздегі ғылым мен білім жаңа қарқында, тың бағытта дамитын болады. Сондықтан рухани жаңғыруға бастаған құжатты үлкен жетістіктер мен жеңістерге жасалған бетбұрыс деп білемін.

Жанерке РАХМАН,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 1-курс студенті:

– Қазіргі таңда Қа­зақ­стан халқы әлем жұрт­шы­лығы сияқты жаңа тарихи үдерістің табалдырығында тұр. Қоғамның әрдайым даму үстінде болатындығын ескере отырып, оның екі бағытта: прогресті және регресті сипатта жүретін­дігін естен шығар­мағанымыз абзал. Сонымен, қоғамның ілгері бағытта жылжып, алдыңғы қатарлы дамыған, біртұтас, алпауыт мемлекет болуы үшін не істеуіміз керек? Меніңше, бұл сұрақтың жауабын Елбасымыздың мақаласынан таба аламыз.
Мемлекет басшысы онда ұлттық рухани жаңғырудың басымдықтарын атап көрсетеді. Мемлекеттің ұзақ уақыт өмір сүріп, тамырын тарих катпарларына тереңінен жіберіп, алтын әріппен, өшпестей етіп атын қалдыру үшін, ең алдымен біртұтас ұлттық сананы ка­лып­тастастыруымыз қажет. Әлемді шарпыған жаһандану кезеңінің талаптарын ұлтымыздың менталитетімен қиыстыра отырып, ұлттық кодымызды сақтап, өз болмысымызды жо­ғалтпауымыз керек. Бұл тұрғыда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының көтерген жүгі ауыр.
Қалыбек ҚҰЛШАР,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 1-курс студенті:

– Мемлекет басшы­сы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын еліміздің жас­тар қауымы да ерекше құлшыныспен қабыл алды. Өз басым ұлттың руханият­тың жаңғыруы бастал­ға­нына ерекше қуаныштымын. Себебі, бүгінгідей жаһандану жағдайында бұл бастаманың маңызы ерекше.
Біртұтас ұлт ретінде ұлттық сананың қалып­тасуы, соның негізінде ұлттық кодты сақтау, бәсекеге қабілетті болу, білім мен ғылымға айрықша мән беру сияқты басымдықтар Елбасының мақаласында айрықша атап көрсетілген. Оның барлығы бізге, яғни ел жастарына арналған. Сондықтан елдігімізді нығайтуға бағытталған маңызы жоғары құжатта көрсетілген міндеттерді орындауға елімнің патриоты ретінде бар күш-жігерімді жұмсаймын.

Бөлісу:

Пікір жазу


*