ҰЛТ ТЫҚ БАНК ҚЫЗМЕТІ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

1595
0
Бөлісу:

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк қызметінің қорытындылары жөнінде кеңес өткізді. Кездесу барысында Мемлекет басшысына Ұлттық банктің 2016 жылғы қызметінің қорытындылары жөнінде есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспарлар таныстырылды.

Сондай-ақ кеңеске Қазақстан Прези­дентінің әлеуметтік-экономи­калық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ә.Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, Қаржы министрі Б.Сұл­танов және Ұлттық банк төрағасының орынбасарлары қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік эко­номикалық дағдарыс жағдайында Ұлт­тық банк пен еліміздің қаржы жүйесі тұ­рақты жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
– «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауда Үкімет пен Ұлттық банктің алдына әлемнің дамыған 30 елінің қата­рына қосылу жөнінде міндет қойылды. Ол үшін Оңтүстік Корея сияқты әлемнің бірқатар елдерінің табысты тәжірибесіне сүйену қажет. Бірақ инфляцияны кезең-кезеңімен төмендету 3-4% деңгейінде болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы қаржы секторындағы тұрақ­тылыққа қауіп төндіріп отырған, үнемі кездесетін қатерлерге назар аударып, ұлттық экономиканы дамытудың қазіргі қарқыны жеткіліксіз екенін айтты.
– Бұл мәселені шешу үшін макро­экономикалық тұрақтылыққа, банк сек­торын сауықтыруға және қор нары­ғын дамытуға бағытталған шаралар қабылдау қажет. Қойылған міндеттерді іске асы­руда Ұлттық банк басты рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.
Д.Ақышевтің мәліметіне сәйкес, 2016 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 13,6%-дан 8,5%-ға төмен­деген. Биылғы наурызда бұл көрсеткіш 7,7% болды.
– 2017 жылдың соңында инфляция деңгейі 7%-ға жетіп, 2018 жылы одан әрі төмендейді деп жоспарлануда. Ин­фляция қарқыны бәсеңдеп келеді. Айырбас бағамының аздаған ауыт­қулары орын алып отыр. Бұл ретте ол толығымен негізгі факторларға тәуелді. Ұлттық банк тарапынан былтырғы қыркүйектен бас­тап интервенция жүргізілмегенін атап өткен жөн, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Нұрсұлтан Назарбаевқа 14 млрд АҚШ доллары көлемінде рекордтық мөлшердегі шетел инвестициясы келгені және еліміздің сыртқы қарызы азайғаны туралы мәлімделді.
Д.Ақышев Қазақстан Президентіне Ұлттық банк пен Ұлттық қор резерв­терінің ахуалы, монетарлық саясаттың іске асырылу барысы, валюта нарығы­ның жағдайы, банк секторы мен қор нарығының дамуы, Бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қорының қызметі, банк көрсететін қызметтердің цифрлан­дырылуы, сондай-ақ осы саладағы жаңа сын-қатерлер туралы баяндады.
– Еліміздің банк секторын сауық­тыру жөнінде шаралар қабылдауды тездету керек. Қажет болған жағдайда, акционерлер өз банктерін нақты ақша арқылы қайта капиталдандыруға тиіс. Сондай-ақ олар әлсіз банктерді бірік­тіруге бейімделуі тиіс, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы ипотекалық қарыз проблемаларын қайта қаржы­ландыру бағдарламасының іске асырылу мәселелеріне ерекше тоқталып, аза­маттардың қаржылық жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назар­баев Д.Ақышев ұсынған есепті мақұлдап, бірқатар нақты тапсырма берді.
– Үкімет пен Ұлттық банкке бұған дейін жүктелген міндеттерді шешу жөнінде келісілген іс-қимылдар әзірлеу тапсырылады. Отандық және халық­аралық деңгейдегі былтырғы тәжіри­бені ескеріп, айырбас бағамы өзгеруінің түр­лі жағдайындағы іс-қимылдың нақты алгоритмі пысықталсын. Экономиканы ұзақмерзімге несиелеу көлемін арттыру мақсатымен шұғыл депозиттерді кө­бейту шаралары әзірленсін. Қор нарығын дамыту жөніндегі жұмыстарды жандандырып, валюталық және ипо­текалық қарыз алушылардың пробле­маларын шешу жөнінде ұсыныстар енгізілсін, – деді Қазақстан Президенті.

Бөлісу:

Пікір жазу


*