Елбасы сенім грамоталарын қабылдады

1394
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Марокко корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Әбделжәлил Собри, Оңтүстік Африка Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Кийтуметци Сийпело Тандека Мэттьюс, Біріккен Араб Әмірліктерінің Төтенше және өкілетті елшісі Мұхаммед Ахмед Сұлтан Иса әл-Джабер, Сауд Арабиясы корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Захир бен Мутиш әл-Анези, Малайзияның Төтенше және өкілетті елшісі Дато Саид Мохамад Бакри бин Саид Абдул Рахман, Грузияның Төтенше және өкілетті елшісі Зураб Абашидзе, Моңғолияның Төтенше және өкілетті елшісі Лувсан Баттулга сенім грамоталарын тапсырды.

Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларды құттықтап, шетелдік дипломаттардың қыз­меттері Қазақстан үшін маңызды кезеңде бастағалы отырғанын атай келе, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өңір атынан өкілдік ету Қазақстан үшін зор мәртебе екенін айта келіп, ядролық қауіп­сіздік, энергетикалық қауіп­сіздік, су қауіпсіздігі және азық-түлік қауіпсіздігі мемлекетіміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі жұмы­сының басымдығы бар төрт бағыты ретінде қарастырылатынын айтты.
Бұдан әрі Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының көпвекторлы сипатта екенін айтып, Біріккен Араб Әмір­ліктерін әлемдегі негізгі серікте­сіміздің бірі ретінде атады.
– Әмірліктер Қазақстан эко­номикасы үшін аса ірі өңірлік инвестор болып саналады. Біздің елде әмірліктер капиталының үлесі бар 200-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Астанада құрылысы жүріп жатқан өңірдегі аса ірі «Әбу Даби Плаза» инвести­циялық жобасы көз алдарыңызда жүзеге асуда. Әмір­ліктер бас­шы­лығымен менің кезде­сулерімнің қорытындысы бойынша бірлескен ірі жаңа жоба­ларды жүзеге асыру жөнінде уағдаластық, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Сауд Ара­биясы корольдігін еліміздің сыртқы сая­саттағы бастамаларын ұдайы қол­дап келе жатқан ма­ңызды халық­аралық серіктесі­міздің бірі ретінде қарастыра­тынымызды жеткізді.
– Екіжақты өзара іс-қимылды мейлінше дамытуға менің эр-Риядқа былтырғы қазан айындағы сапарым да септігін тигізді. Біз агроөнеркәсіп кешені, мұнай химиясы, энергетика, геологиялық барлау салаларындағы өзара іс-қимылды ілгерілетуге өзара мүд­делілікті қуаттадық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Марокко корольдігімен қарым-қатына­сымыздың жүйелі дамып келе жатқанын және Қазақ­станның Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі сенімді серіктесі – Малай­зиямен диалог қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктерінің, Сауд Арабия­сының, Марокконың және Малай­зияның елшілеріне сөз арнай оты­рып, олар биыл қыркү­йек­те Ас­танада өтетін Ислам ынтымақ­тастық ұйымының Ғы­лым мен техноло­гиялар жөніндегі сам­митіне өз елдерінің жоғары деңгейде қатысуы үшін белсене атсалысады деп үміт артатынын жеткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан­ның Оңтүстік Африка Респуб­лика­сымен өзара тиімді ынтымақ­тас­тықты дамытуға баса мән бе­ре­ті­нін, сонымен қатар Гру­зиямен екіжақты қарым-қаты­насты да­мытудың маңыздылығына тоқталды.
Моңғолияны Шығыс Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарасты­ратынын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы Қазақстан мен рәсімге қатысып отырған елшілердің елдері арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнауының мерейлі межесі атап өтілетінін айтты.
– Биыл біздің еларалық бай­ланыстарымыздың бастал­ғанына
25 жыл толады. Сіздердің Аста­на­дағы қызметтеріңіз елдеріміз ара­сын­дағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталады деп сенемін, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назар­баев рәсімге қатысушыларды Қазақ­стандағы дипломатиялық қыз­меттерінің ресми түрде басталуы­мен құттықтап, оларға және отба­­сыларына денсаулық пен табыс тілеп, елімізде өткі­зетін күн­дерінің жайлы болуына ниеттестік білдірді.

Бөлісу:

Пікір жазу


*