Ынтымақты іс – ілгерілеудің шарты

1810
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті мемлекетаралық «МИР» телеарнасына сұхбат берді. Онда Мемлекет басшысы құрылғанына 25 жыл толып отырған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі, ұйымның институционалдық дамуы және бұл үдерістерге Қазақстанның қосқан үлесі туралы айтып берді. Нұрсұлтан Назарбаев өңіріміздегі жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге қатысты да өз ойын ортаға салып, оған қарсы ҰҚШҰ аясында күресудің ұжымдық шаралары туралы әңгімеледі.

Телеарна тілшісі діни экстремизммен күресте Қазақстанның қалай нәтижелерге қол жеткізгенін сұрады. Елбасы Қазақ­стан қоғамының өзгелерден өзінің толеранттылығымен дараланатынын атап көрсетті.
– Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері біз этникалық, діни, тілдік және мәдени қағидат тұрғысынан барша қазақстандықтардың теңдігі саясатын жүргізіп келеміз. Бұл саясат сақталуда. Мұны баршасы біледі. Ең бастысы – әрдайым сақ болу және осы проблеманы бақылап отыру. Бұрын жеңілірек болатын. Қазір бұлардың бәрі бізге ашықтан-ашық келуде. Идеологияларын, әдебиеттерін таратуда, сырттан эмиссарларын жібе­руде. Біздің жастарды өз орталарына тар­тып әкетеді, кейін олар Қазақстанға ора­лады. Бұл жерде үлкен қауіп бар. Бүгінде бізде діни ахуал қалыпты. Ол қазақ­стандық заңдар аясында бақыланады, – деген Н.Назарбаев бұл мәселелерде аса сақтық қажет екенін нықтай түсті.
Сарапшылардың айтуынша, Сирия­дағы террористердің, ДАИШ ұйымының қатарында 80 елден жиылған «лаңкесшіл интернационал» соғыс жүргізуде. Олар­дың арасында ТМД-дан шыққандар да жетерлік. Терроризммен күрес өрістеп, олардың өрісі тарыла түскен соң, қолын қанға малған қаскөйлер өз елдеріне оралады. Қойындарында төлқұжаттары болғандықтан, елге кіріп кетеді. Қазақ­стан бұған жол бермеудің қамын жасауда. Елбасы осы тұста соңғы заңнамалық өзгерістерді түсіндіре кетті.
– Қазақстандық заңнама бойынша ел азаматы шетелге шығып, террористік ұйымдар қатарында болса, ол кері қайта алмай қалады. Қазақстан азаматтығынан айырылады. Бұл – қажетті шара. ИГ қатарында 500-600-дей қазақстандық ұрыс жүргізуде. Посткеңестік кеңістіктегі елдерден барғандар саны 5 мыңнан да көп деседі. Біз бұлардың жайын және санын білеміз. Азаматтар осы мақсатта шетелге шықпауы үшін шаралар қабылдануда. Біз қайта оралғандарды түзу жолға түсіру үшін профилактикалық жұмыстар жүр­гізіп көрдік. Бірақ мұның тиімділігі шамалы. Сондықтан оларды елге кері оралт­пауды ұйғардық. Азаматтар терро­ристік ұйымдар сапын толықтыруға аттанбас бұрын азаматтығынан айы­рылып, Қазақстанға орала алмай қала­тынын білуге тиіс, – деді Қазақстан Көшбасшысы.
Ресми Астана өңірлік қауіпсіздік мәселесіне үлкен мән береді. Елбасы өңір елдерінің бірігіп қорғануына мүмкіндік беретін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын құруға өткен ХХ ғасыр соңында бастамашылық жасағандардың бірі болды. Н.Назарбаевтың айтуынша, 1992 жылы, КСРО күйрегеннен кейін негізі қаланған ҰҚШҰ-ны әу бастан-ақ «қырғи-қабақ соғыс» тұсындағыдай идеологиялық және саяси тайталасқа түсуден арылту мақсат етіліпті. Әйтпесе, елдер «Варшава келісімі» елдері мен «Солтүстік атлантикалық келісім ұйымы» (НАТО) арасындағы ескі текетірес пен бақталастықты жалғастыратын еді.
– Біз ондай тілектен алыс болдық. КСРО ыдырағаннан кейін туындаған хаосқа қарсы тұрып, тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымызды ұжымдаса сақтап қалуды, барлық қатерлермен бірлесе күресуді қаладық. Мен осындай ұйым құру бастамасын көтергендердің бірі болдым. Қатысқысы келгендері – қатысты, қатысқысы келмегендерін қыстамадық. Тұтастай алғанда, ҰҚШҰ барлық қатысушыларына пайдалы. Біріншіден, бұл – ортақ қалқан. Ол ұйым мүшелеріне бейбіт дамуға мүмкіндік берді. Бірте-бірте біз өз мемлекеттеріміз үшін ортақ әуе қорғанысын да түздік. Ортақ ұжымдық күштер қалыптастырдық. Олар терроризм, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон, ішкі тұрақсыздықтар, мемлекеттің ішкі ісіне сырттан қол сұғушылық секілді сын-қатерлермен бірлесе күресу үшін керек. Біз он жылға оза, 2025 жылға дейінгі стратегиямызды жасадық. Бұл – ҰҚШҰ-ның үлкен жетістігі, – деген Нұрсұлтан Назарбаев лаңкестік мәселесіне жеке тоқтала кетті.
Мемлекет басшысының байламынша, ең басты қатер – терроризммен бірде-бір ел жалғыз күресе алмайды. Сондықтан ұйым елдерінің арнайы қызметтері ҰҚШҰ аясында ынтымақтасып, өзара ақпарат алмаса алады. Бұл терактілердің алдын алуға септігін тигізеді екен. Екінші сын-қатер ретінде Елбасы заңсыз көші-қонды атады. Мамандардың айтуынша, өз елін тастап, жат жұртқа табыс табуға аттанған адамдар осы жолда ештеңеден тайынбауы мүмкін.
– Қазақстан арқылы 4 миллион мигрант өтеді. Өз елімізде де солардың 600 мыңдайы жұмыс істейді. Мигрант­тармен жұмыс та бірлесе жүргізілуде, – деді Н.Назарбаев.
Үшінші сын-қатер – есірткі ағыны. Ауғанстаннан бастау алатын бұл «нәубетті тасқын» Қазақстан және басқа да орта­азиялық елдер арқылы өтіп, Ресейге және одан әрі Еуропаға бет алады. Есірткінің біраз бөлігі жолай елімізде шөгеді. Тосқауыл қойып, тынымсыз күреспесе, Қазақстан халқының бола­шағына балта шабуы ықтимал. Президент ҰҚШҰ аясында да есірткі тасушыларды тауып, тоқтатуға бағытталған шаралар мен арнайы жаттығулар жүретінін еске салды.
Нұрсұлтан Назарбаев ҰҚШҰ-ның қызметі мен рөлі бұлармен шектел­мейтінін, оның «көпқабатты» сипатта болып келетінін қосты.
– Мәселен, әскери кадрларды оқыту жүреді. Ресейдің әскери оқу орындарында біздің мамандар, ал біздің оқу орын­дарында көршілеріміздің мамандары даярланады. Сонымен қатар біз бір-бірімізді жеңілдікті бағалармен қару-жарақ және әскери техникамен қамта­масыз етеміз. Әрине, бұл жерде ресейлік қару-жарақ өндірісі жетекшілік етеді, – деді ол.
«Бүгінде Қазақстан – тек экономи­калық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ әскери бағытта да бүкіл Орталық Азия­дағы ең дамыған. Бұған осынша қысқа уақытта – 25 жыл ішінде қалай қол жеткізілді?» деп таңданысын жасырмады ресейлік тележурналист.
Н.Назарбаев арнайы бағдарлама қабылданып, жедел жекешелендіру жүр­гізілгенін, Қазақстанға орасан зор ин­вестиция тартылғанын, әлемдік алпауыт трансұлттық компаниялар ша­қырылғанын, осылайша, республика кеңестік жоспарлы экономикадан нарықтық жүйеге көшкенін әңгімеледі.
Мемлекет басшысы елдегі бірліктің – береке, ынтымақтың – ырыс әкелгеніне назар аудартты.
– Осының барлығы тұрақты қоғамда жүзеге асырылды, бұл экономиканы қуатты көтеруге мүмкіндік берді. Қазақ­станда 25 жыл ішінде экономика 23 есе көтерілді. Жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша да біз барлық көршілерімізден біршама озып кеттік және шығыс­еуропалық мемлекеттермен бір қатарда келеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы тәуелсіздіктің ширек ғасыр­лық кезеңінде Қазақстанда кедейшілік деңгейі 12 есеге төмендеп, тұрғындардың жалпы санының 40%-дан 5%-ға дейін азайғанын алға тартты. Оның байла­мынша, «осының бәрі жинақтала келе, қоғамдағы тұрақтылықты құрайды».
– Біз тіпті дағдарыс кезеңдерінде де зейнетақылар мен жалақылар деңгейін ешқашан төмендеткен емеспіз. Бұған ауқатты жылдары қордаланған арнайы Ұлттық қор жәрдемдесті. Мықты эконо­мика түріндегі база болса, онда қорғаныс та, мәдениет те, білім беру де, денсаулық сақтау да дами алады. Осы бағыттардың барлығында тындырған істеріміз, жеткен жетістігіміз аз емес. Менің ойымша, осы жылдары біз бірқатар реформалар бо­йынша да бәрінен озып кеттік. Олардың барлығы бойынша Қазақстан көрші мемлекеттер үшін үлгі-өнеге, – деді Н.Назарбаев.
«МИР» телеарнасының өкілі Сирия­дағы соғысты тоқтатуға қосқан Қазақ­станның үлесін жоғары бағалады: «Сіздің арқа­ңызда Астанада сириялық қарулы оп­по­зиция мен Сирия мемлекеттік билігі органдарының өкілдері алғаш рет бір үстел басына отырып, келіссөз жүргізді. Дәл Астанада атысты тоқтату туралы бі­рінші келісімдерге қол қойды» деген ре­сейлік тілші «соңғы оқиғалар «Астана про­цесінің» келесі кездесуінің өтуіне нұқсан келтірмес пе?» деген қаупін білдірді.
Елбасы Қазақстанның Астанада бар­лық қақтығысушы тараптарға және Ресей, Түркия мен Иранға бір жерде бас қосып, бітімге келу мүмкіндігін бергенін атап өтті. Осы орайда Президент Астанаға Женевадағы келіссөздерге қызықпаған күштердің өкілдері де келгеніне назар аудартты. Расында, «Астана процесі» кезінде Сирия оппозициясының өкілдері Еуропаға барудан тіксінетіндерін, Қазақ елінің бас қаласы бітім үшін ең қолайлы орын екенін айтқаны бар.
«Олар «Қазақстан барлық қақтығы­сушы тараптардан бірдей қашық жатқан және барлығына тең қарайтын мемлекет» деп санайды. Біз тараптарға кездесіп, келіссөздер жүргізу үшін жағдай жасадық. Сарапшылар да өз бағаларын, сондай-ақ менің өзім әңгімелескен БҰҰ өкілдері де Астана кездесулерінің бейбіт процесті жал­ғастыру, келісімге келу үшін өте пай­далы екенін айтады» дей келе, Нұрсұлтан Назарбаев қандай жағдай болмасын, бірлесе қимылдау, бейбітшілік пен бітімге келу барлық мемлекеттер мен конструк­тивті күштер мүддесіне сай келетінін нықтады.
«Барлық мүдделі мемлекеттер тығыз әрі бірлесе жұмыс жасамай, терроризмді жеңу мүмкін емес!» деп түйді сөзін Қазақ­стан Президенті.
Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*