Астана келіссөздерінің қажеттілігі арта түсті

1254
0
Бөлісу:

Жақында Сириядағы жағдайдың өршуіне байланысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі алаңдаушылығын білдірді. СІМ-нің ресми мәлімдемесінде: «Қазақстан жаппай қырып-жою қаруының кез келген қолдануын аморальді, адамгершілікке жат және адамшылық қағидаттарына қайшы әрекет ретінде үзілді-кесілді айыптайды. Бұл факті бойынша кінәлілерді жауапқа тарту үшін БҰҰ аясында халықаралық жан-жақты объективті және әділ тергеу жүргізуді қағидатты түрде маңызды деп санаймыз» делінген. 

СІМ-нің ұстанымын отандық сарап­шылар да қолдайды. Бұл жерде Біріккен Ұлт­тар Ұйымы аясында әділ тергеу жүр­гізіліп, кінәлілерді анықтаудан бөлек, Си­риядағы қақтығысқа қатысушы тарап­тар­ды Астана процесі шеңберінде диа­логқа шақырып, татуластыру үшін тікелей келіссөздерді жалғастырудың маңызы арта түсуде. Сарапшылардың ойынша, АҚШ-тың Сирияның әуе базасына қарсы жа­сал­ған соққылары Вашингтондағы жаңа әкім­шіліктің Таяу Шығыстағы, әсі­ресе, Си­риядағы геосаяси процестерге өз ық­палын сақтап қалуға мүдделілігін көр­сетуде. Екінші жағынан, саясаттанушылар 5-6 жылдан бері созылып келе жатқан Си­рия дағдарысының қалыпқа түсе бас­таған сәтінде кенеттен әуе соққыларының жүзеге асуын күтпеген жағдай деп бағалап отыр. Себебі, Сирия Араб Республика­сы­ның Үкіметі мен қарулы оппозициялық топ­тар арасында 2016 жылғы 30 жел­тоқ­санда күшіне енген соғыс әрекеттерін д­о­ғару режимін сақтау мен нығайту ке­лісімінен бөлек, Женева мен Астана ке­лісс­өздеріндегі уағдаластықтарына қауіп төнуде. Тіпті соңғы оқиғалардан кейін Сирия оппозициясының өкілдері Астана келіссөздеріне қатыспайтындықтарын жет­кізіп үлгерді. Бірақ мұның өзін сарап­шылар тығырыққа тірейтін жол деп баға­лайды. Түптеп келгенде, Сирия дағдарысы – тек Таяу Шығыстың ғана мәселесі емес, бұл iрi алпауыт мемлекеттер текетірескен әлем­дік қауіпсіздікке нұқсан келтіру ық­ти­малдылығы жоғары жанжалға айналып бара­ды. Бұл тұста шиеленіскен жағдайды ше­шудің бар амал-әрекеттерін қарас­тыруға барлық әлем елдері мүдделі болуы тиіс.

Жұмабек САРАБЕКОВ,
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

Бейбіт келіссөздерді жалғастыру керек

– Мұнда Астана келіссөздерінің ма­ңыз­ды­лығынан гөрі, оның қажеттілігі арта түсуде. Бүгінгі таңда Сириядағы қақтығыс ушығып барады. Егер келісімге келмесек, онда АҚШ пен Ресей, яғни екі алпауыт ел арасындағы кикілжің әскери қақтығысқа дейін ұласып кетуі мүмкін. Мұндай үлкен қауіп бар. Бұл өз кезегінде әлемдік қауіп­сіз­дікке нұқсан келтіреді.
Қазіргі таңда АҚШ Сирияға қарсы әуе соққыларын жасағаннан кейін қақты­ғысқа қатысып жатқан күштердің ара­сын­дағы жағдай қатты өзгерді деп айта алмаймыз. Бұл бір реттік әскери операция болып отыр. Вашингтонның ұстанымы бойынша, әуе соққылары Асадтың әскері химиялық қаруды қолданғаннан кейін жүзеге асқан жаза деп бағалап отыр. Бірақ Сирияның әс­кери қызметтері химиялық қаруды қол­да­нды ма, жоқ па? БҰҰ аясында қай тарап­тың химиялық қаруды қолданғанын анық­та­уымыз керек. Тағы бір белгісіз жайт, бұл әуе соққыларынан кейін америкалық тарап тағы қандай да бір әскери қимылдарға бара ма? Сондық­тан қазіргі таңда қақтығыс жаңа кезеңге еніп жатыр. Белгісіздік басым. Бұрын біз Сирия қақтығысы өзінің соңына жақын­дап келе жатыр деп ой­лай­тынбыз, бірақ АҚШ-тың соқ­қы­ларынан кейін қақ­тығыс жаңа кезеңге енді деуге негіз бар.
Сондықтан сарапшылар айтып отыр­ған басты идея – келіссөздерге деген қажет­тілік артуда. Бұл ретте Астана дип­ломатиялық келіссөздер жүргізу бойынша өз қызметін ұсынып келеді. Өкінішке қарай, химиялық қаруды қолдану фактісі бейбіт келіссөздерге зиянын тигізуде. Бұл жерде біз Астананы диалог алаңы ретінде әлі де ұсынамыз. Бұл орайда Қазақстан әлемдік қауымдастық алдында Сирия қақтығысына қатысы бар АҚШ не Ресей болсын, барлық мемлекет­терді барынша жауапкершілікке шақырып отырғаны анық. Олар әлемдік қауіпсіздік алдындағы жауапкершілікті түсінуі керек. Бұл жерде маңызды екі құрал – Женевадағы келіс­сөз­дер мен Астанадағы келіссөздер дер едім. Бұл келіссөздерді барынша ары қа­рай жалғастыруымыз керек.

Расул ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы:

Жағдайдың бейбіт жолмен шешілуі неғайбіл

– Сириядағы жан­жалдың ушы­ғып бара жатқа­ны­на 6 жылдың маңа­йы болды. 2011 жы­лы бұл елде, алдымен, революция орын алды, содан кейін азаматтық соғыс­қа ұласып кет­ті. Сирия – соғыс жағда­йын­да отырған мемлекет. Бірақ соңғы бір, бір жарым жылда өркениетті түрде ке­лі­су­ге бола ма деген үміт оты пайда бол­ған еді. Женева мен Каирдегі келіс­сөз­дер­ден ке­йін, сонымен қатар Астанада өткен келіс­сөз­дерден кейін бәріміз үміттене бастаған едік. Десе де, соңғы шиелініс пен оған Батыс­тың белсене араласқаны, соғыс жағ­­дайында отырған мемлекетке бірінші рет осыншама ауқымды күштік әрекет­тер­ді зымыран арқылы қолданған АҚШ-тың әрекеттері мен жалпы басқа да мемлекет­тер­­дің бұған қатысты көзқарасын сарап­та­ған кезде жағдайдың реттелуіне күмән көп.
Әрине, жанжалдың өркениетті түрде шешілуіне бұған дейін де көңіл бөлінген болатын. Қазіргі жағдайда мұның мүмкін­дік­тері, тіптен, жойылған сияқты. Себебі, не­гізгі бітімгершілік мүмкіндігі бар мем­ле­­кет­тер – Ресей, Түркия, Еуропа мен АҚШ, бұған дейін келіспесе де, ортақ ере­же­лер жайын мойындап келген бола­тын. Бұл тұста ортақ әрекеттер жаса­йық немесе бір-бірімізге қарсы тұрмайық дегендей келісімдер болғаны анық. Соңғы оқиғада зымырандар атқы­лан­ғаннан кейін мұндай ымыра мүлдем жойылды дей аламыз. Әсіресе, Ресейдің бұл жердегі мүмкіндік­те­рі одан ары шектеле түсті. Себебі, бұған де­­йін онымен одақтас боп келген Түркия кері бұрылып, АҚШ-ты қолдап шықты. Ен­­дігі кезекте екінші ірі одақтасы – Қы­тай бұл мәселеде Ресейді қолдап отырған жоқ. Керісінше, АҚШ-ты қолдағандай бол­ды. Қалай болғанда да, әлем елдерінің Ба­тыс коа­лициясын қолдап жатқаны бай­қа­­лады. Қазірше Ресей Иранмен бірге бір ұс­та­нымда қалып отыр. Сондықтан оның жа­­қын арада бейбіт жолмен шешілуі не­ғай­біл.
Соңғы оқиғалардан кейін Сириядағы жағдай одан ары ушыға түсті. Бәлкім, ал­ды­мыздағы апталар мен айларда біздің көретініміз – бұл текетірестің бұдан да ушы­ғу ықтималдылығы. Ең қорқыныш­ты­сы, бұл жағдай тек Сириямен шектел­мей, бәлкім, кеңірек ауқымға жайылып кете ме деген күдік бар.

Кәмшат ТАСБОЛАТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*