КӨПШІЛІККЕ КӨМЕГІ КӨП ЖҮЙЕ

1589
0
Бөлісу:

Еліміздің денсаулық сақтау саласына биылғы 1 шілдеден бастап, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетінін көпшілік жақсы білсе керек. Бұл жүйе мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтар арасындағы ортақ жауапкершілік принципі негізінде жұмыс істейді. Оның медицина саласын дамытуға, қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуға көмегі көп болмақ.

МӘМС жүйесі туралы әңгіме қозғал­ғанда, жұртшылықты қор қаражаты қалай бақыланатыны, оның сақталуына қандай ке­пілдіктер ұсынылатыны көбірек толған­дыратынын байқап жүрміз.
Міндетті медициналық сақтандыру жүйе­сін енгізу тәжірибесі елімізде бұрын да болған. Оның сәтсіздікке ұшырауының бас­ты себебі – сол кездегі эконо­ми­ка­лық дағдарысқа байланысты. Зейнетақының өзі дұрыс төленбеген сол жылдары қаржы тапшылығына байланысты көптеген ме­кемелер, тұтас бір облыстар жарна төлей алмады. Біраз қаржы денсаулық сақтау саласының мұқтаждықтарына жұмсалды. Соның салдарынан түсім мен шығын ара­сында үлкен айырма пайда болып, қор тө­лем қабілетінен айырылды. Дегенмен, бұл тәжірибенің де пайдалы тұстары бол­ды. Осы үш жылда нарықтық эко­но­ми­ка­ның негізгі принциптері ме­дицина сал­а­сы­на аздап болса да енгізілді және саланы да­мытуға ықпал етті.
Қазір экономикалық жағдай тұрақты. Мем­­лекеттік емдеу мекемелерінің көбі за­­манауи қондырғылармен жабдықтал-ған. Же­кеменшік емханалар да көп. Елімізде не­бір күрделі операцияларды жасауға қау­қарлы қондырғылар да, білікті мамандар да баршылық. Бір сөзбен айтқанда, Қа­зақстанның медицина саласы да, мемлекет те міндетті сақтандыруды ен­гізуге дайын тұр.
Қорға жинақталған қаражат «Аза­мат­тарға арналған үкімет» мемлекеттік кор­по­рациясы арқылы Ұлттық банктегі есеп­шотқа түсетін болады. Ақша қолға бе­ріл­мейді. Емханалар мен ауруханалар көр­сеткен медициналық қызмет ақысы сол шот арқылы тікелей төленеді. Онда да нақ­ты көрсетілген қызмет бойынша беріл­ген құжаттар, атқару актілері талап етіледі. Сондықтан ақшаның басқа мақсаттарға жұм­салуы мүмкін емес. Осы жерде бұл «қа­ғаз жүзіндегі» қызмет түрлеріне кетіп қал­май ма деген де күмән туындайды. Жұрт­шылыққа айтарымыз, мұны қада­ға­лайтын бақылау жүйесі бар және азаматтар да оны бақылауға көмек қолын соза алады. Ол үшін жарна төлеген адам көрсетілген қыз­меттің сапасын тексеруге мүдделі болуы тиіс. Қызмет сапасы көңілінен шық­паған жағдайда азаматтар істі аяқсыз тас­тамай, өз наразылықтарын қорға ха­барлап отырғаны жөн.
Қазіргі таңда әлемде сақтандырудың мемлекеттік, жекеменшік және қоғамдық сынды үш түрлі жүйесі қалыптасқан. Қа­зақстан осының ішінен қоғамдық сақ­тандыру жүйесін таңдап алды. Себебі, эко­­номика қанша дамыса да бүкіл ден­саулық сақтау саласының проблемаларын бюджеттің мойнына іліп, жауапкершілікті мемлекетке ысырып қоюға болмайды. Өйткені азаматтардың денсаулығы тек ме­дицинаға ғана байланысты емес. Ол азаматтардың өмір сүру салтына, жұмыс іс­тейтін жеріне (зиянды, зиянсыз өндіріс) және әр адамның өзінің жеке жауапкер­ші­лігіне тәуелді. Бұл жүйе баршаға теңдей мүмкіндік береді. Яғни, азаматтардың бә­ріне бірдей бірыңғай пакет ұсынылады. Мұнда жарнаны әркім өз мүмкіндігіне қа­рай төлейді, ал медициналық көмекті қа­жеттілігіне қарай алады. Жүйеге қаты­сып, жарна төлейтін азаматтар жоғары тех­нологиялық көмек түрлерін тегін пай­далануға мүмкіндік алады. Оның үстіне, бұл жүйеде сақтандырылған азаматтар кез келген клиниканың жәрдеміне жүгіне алады. Мұндай жағдайда қор клиниканың МӘМС пакеті шеңберінде қызмет көр­сетуге кеткен шығындарын жауып береді.


Екіншіден, сақтандырылған азамат ке­пілдендірілген тегін медициналық көмек пен МӘМС пакеттері шеңберіндегі меди­ци­налық көмек үшін қосымша төлемдер­дің барлық түрлерінен босатылады.Үшін­шіден, қор тарапынан фармацевтикалық қызмет көрсететін ұйым ретінде таңдалған кез келген дәріханадан кеңейтілген тізім бойынша дәрі-дәрмек ала алады. Төр­тін­шіден, ай сайын сақтандырылған аза­мат­тың өз атына аударылған жарналар мен м­е­дицина мекемелерінде көрсетілген кө­мек жайлы мәлімет алуға мүмкіндігі бар. Бесіншіден, қор медициналық қызмет са­пасы төмен болса немесе міндетті сақ­тандыру жүйесіне қатысушының құқығы бұзылған жағдайда сақтандырылған аза­маттардың құқығын қорғайды. Жүйенің ең басты артықшылығы – медицина са­ласын дамытуға, бәсекелестікті арттыруға мүм­кіндік беретінінде.

Сақтандыру жарнасын төлеуде салмақ, негізінен, мемлекетке түседі. Әрбір дамыған мемлекет секілді Қазақстан да әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарын медициналық көмекпен қамту мүмкіндіктерін қарастырып отыр.
Мемлекет жеңілдігі бар 14 санаттағы азаматтар үшін 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жарна төлейді. Ондай азаматтардың жалпы саны 10 миллионнан асып жығылады. Бұл Қазақстан халқының жартысынан астамы деген сөз. Мемлекет 2018 жылы орта есеппен алғанда аталған санаттарға жататын әр азамат үшін ай сайын 5 029 теңге аударады. Олар: балалар, жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа толмаған бала тәрбиелеп отырған, жұмыс істемейтін және бала туу, жаңа туған сәбиді асырап алуға байланысты және баласы үш жасқа толғанша демалыс алған тұлғалар, 18 жасқа дейінгі мүгедек бала күтімімен айналысатын жұмыс істемейтіндер, зейнеткерлер мен Ұлы Отан соғысына қатысушылар, сот үкімі бойынша қылмыстық-түзету колониясында жазасын өтеп жатқандар, тергеу изоляторында отырған тұлғалар және жұмыссыз оралмандар.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, мүгедектер, орта, кәсіптік және техникалық, ортадан кейінгі, жоғарғы білім, сондай-ақ ЖОО-дан кейінгі білім беру мекемелерінде оқып жатқандар үшін де мемлекет жарна төлейді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кіру үшін алдымен емханаға тіркелу қажет. Кімде-кім МӘМС пакеттерін пайдаланғысы келсе, алдымен емхананы таңдағаны жөн. Емхананы тұрғылықты мекенжай бойынша таңдауға болады. Содан кейін бұрын тіркелген, тіркелмегеніңізді тексеріп алу керек. Бұл туралы мәліметті электронды үкімет порталы (egov.kz) арқылы алуға болады. Бұрын-соңды еш жерге тіркелмеген азаматтар осы портал арқылы кез келген емханаға тіркеле алады. Ғаламторды пайдалануға мүмкіндігі жоқ тұрғындар жақын маңдағы емханаға барып тіркеледі. Ол үшін жеке куәлігіңізді ала барып, еркін формада бас дәрігердің атына өтініш жазу жеткілікті. Осылайша, әр азамат өз мәртебесін анықтауға мүмкіндігі бар.

Серік ТӘҢІРБЕРГЕНОВ,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ департаментінің директоры

Бөлісу:

Пікір жазу


*