Шикізаттық емес экспорт шетелге қанат жаяды

Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауын іске асыру аясында кешендік экспорттық стратегияны қалыптастыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Кеңес барысында «Ұлттық экспорттық стратегия» атты экспортты дамыту жөніндегі бағдарламасының жобасы талқыланды. Ол Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы аясындағы талаптарды ескере отырып әзірленген және шикізаттық емес экспортты дамытуға бағытталған.
Кеңес қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев жауапты мемлекеттік органдарға, сонымен қатар келісілген түрде «Атамекен» ҰКП-на бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Осы күні Премьер Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Оның барысында Республикалық меншікті және квазимемлекеттік сектор объектілерін жекешелендіру бағдарламасының рәсімдерін жетілдіру мәселелері бойынша ұсынымдар, сондай-ақ ТОП-65 тізімдегі объектілерді жекешелендіру процесіне шетелдік компаниялардың қатысуы талқыланды.
ТОП-65 тізіміне мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың («Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Бәйтерек» АҚ-ы, «ҚазАгро» АҚ-ы) ірі және барынша тартымды компаниялары жатады және олардың әрқайсысының баланстық құны 5 миллиард теңгеден асады. Олардың арасында «Астана Халықаралық әуежайы» АҚ-ы, «Таукен-Самұрық» АҚ-ы, «Қазақтелеком» (45,9%), «Атырау мұнай өңдеу зауыты» АҚ-ы, «Павлодар мұнай-химия зауыты» (42%), «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ұлттық компаниясы және басқалары бар.
Елдос СЕНБАЙ