Бейнеу астық терминалының болашағы зор

1226
0
Бөлісу:

Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Бейнеу ауданында болып, 2010 жылы іске қосылған Бейнеу астық терминалының жұмысымен танысты.
16 гектар жерде астықты өңдеу және комбикорм өндіру цехтары, элеватор орналастырылған.
Терминалдың жүк айналымы жылына 2 млн тонна. Бүгінде бұл жерде Бейнеу ауданының 146 тұр­ғыны тұрақты жұмыспен қам­тыл­ған. Мұндағы дайын өнім Маң­ғыстау және Атырау облыс­тарына жеткізіледі, сондай-ақ Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Иран елдеріне экспорт­талады.
– Күзде астық арзандайды. Сондықтан дәл сол кезде элева­торды толтыру үшін үлкен көлем­де сатып алу мүмкіндікте­рін қарастыру қажет. Сонымен бір­ге, облыс әкімінің орын­басары Рақымбек Әміржановқа Ақтау қа­ласындағы индустрия­лық ай­мақта жергілікті тауар өндіру­ші­лер үшін қаптама да­йындай­­тын цех ашу мәселесін қарауды тап­сырамын. Оны өзімізде ашуға бо­латын болса, неге басқа ай­мақ­тардан сатып аламыз? Сон­дай-ақ Бейнеу астық термина­лының ұнын Қытайға экс­­порт­­тауды реттеуді тап­сырамын. Оларға сату кеңіс­тігін кеңейтуге көмектесу керек, – деп атап өтті Маңғыстау облы­сының әкімі Ералы Тоғ­жанов.
Сапар барысында аймақ басшысы Бейнеу ауылындағы су тазарту қондырғысының жұ­мысымен танысты. Бұл нысан 2016 жылдың желтоқсан айында іске қосылған болатын. «Ақ­бұлақ» мем­лекеттік бағдарлама­сына ен­ген жобаның құны – 2 млрд теңге. 45 мың текше метр кө­лем­дегі суға 5 резервуар, тәу­лігіне 12035 текше метр су тазар­татын станса салын­ды. Станса үшін құрал-жабдық­тардың 65 пайызы Қазақстанда, ал қалғаны Гер­мания мен Оңтүстік Кореядан сатып алынды.
– Бүгінде су құбырымен тазар­тылған ауызсу Бейнеу ауылының 9442 тұрғын үйіне беріледі. Бұл – халықтың 82 па­йызы. Су басқа елдімекендерге және екі массивке су таситын көлікпен тасымал­данады. Стан­сада кезекпен Бей­неу ауданының 15 тұрғыны жұмыс істейді. Оның барлығы да оқудан өткен, – деді су тазарту станса­сының дирек­торы Қашқынбай Тарғынов.
Ералы Тоғжанов Бейнеу ауда­нының әкімі Басшы Әзірха­новқа ауданның барлық тұрғы­нын сапалы ауызсумен қамта­масыз ету үшін су құбы­рын тар­туға және жылыжай салуға жобалар дайындауды тапсырды.

Венера МИРЛАН,
Маңғыстау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*