Жаңа жетістіктер жолында

1157
0
Бөлісу:

Бүгінгі маңызды белес – Қазақстанның үшінші жаңғыруы, заманның даму көшіне ілескен мемлекетіміз үшін тағы бір алынуы тиіс асудың бірі. Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі мен Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болуы – қазақ елінің халықаралық саяси сахнадағы биік мәртебесінің көрсеткіші.

Бұдан сәл бұрын Елбасы билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөнінде Үндеуін жариялаған еді. Халық бұл құжатты бір ай бойы талқылады. Өз үнін қосты. Енді міне, ол мәселе де сәтті шешілді.
Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев «Конститу­ция­ға­ өз­геріс­тер мен толықтыру­лар енгізу туралы» заңға қол қой­­­ды. «Парламенттің бірлес­кен оты­рысында екі рет қара­лып, қабылданған бұл заң би­лік тармақтары арасында өкі­леттіктерді қайта бөледі.
Елбасымыздың Үндеуінде айтылған өзгерістерге келетін болсақ, біріншіден, бұл еліміздегі демократиялық процестің ары қарай жалғасын тапқандығын көрсетеді. Екіншіден, бұл саяси биліктегі екі негізгі тармақтың Үкіметтің және Парламенттің тепе-теңдігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар үшіншіден, бұл Үкімет, Парламент жұ­мысы­ның кәсібилігін олардың жауап­кер­шілігін, елдің саяси экономикалық дамуындағы жауапкершілігін арттыруға сонымен қатар тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Бұл реформалардың халықтық талқыға салынуы, негізінен, биліктің ашықтық принципін, әрбір бастаманы халықпен бірлесіп талқылауға дайындығын көрсетеді. Сонымен қатар бұл талқылау азаматтық қоғамның қатысуын да қажет етеді. Яғни әрбір топ бұл талқылауға белсенді қатысып, өзінің пікірін білдірсе, бұл қоғамдағы азаматтық сезім­нің артқандығын көрсетеді. Президенттің өзі бүгінгі әлемнің өзгергенін, қазіргі заманның дидары басқаша бағытқа өзгер­генін айтып отыр.
Ақиқатын айту керек, Ел­басының реформаға қатысты шешімі – тарихи жағдай. Президент еліміздің негізгі заңына енгізуге ұсынылған өз­герістер жобасын әзірлеу үдерісіне тоқталған кезде оны талқылау барысында жариялылық қамтамасыз етілгенін айтты. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы – бүгінде әлем мойындаған саясаткер. Елбасының Үндеуін көпұлтты қазақстандықтар байламы белді, ұстанымы тұғырлы құжат ретінде қабылдады.
Қазірдің өзінде еліміз қуатты мемлекет ретінде өзінің мәртебелі орнын бекемдеп, әлем елдері санасатындай дәрежеге жетті. Оған дәлел алпауыт елдердің өзі Қазақстанды арағайын сайлап, Астана төрінде Сирия шиеленісін бір емес бірнеше рет талқылады. Аз уақыттан соң «ЭКСПО – 2017» халықаралық көр­месі күллі әлем жұртына есігін ашады. Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жарияланған 25 қаңтардан бастап барлық партия филиалы тұрғындарға түсіндіру барысында семинар, кездесу, дөңгелек үстел, жиналыстар өткізіп жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Партия белсенділері, Саяси кеңес және ақпараттық насихат топ мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде өз ой-пікірлерін білдіріп, жұртшылық тарапынан кең қолдау тапты. Негізінен, конституциялық реформа мемлекеттік бас­қару­дың тиімділігін арт­ты­рып, саяси жүйені одан әрі демо­кратия­ландырады. Ата заңдағы өзгерістер Қазақстанның барша азаматтық қоғамын, соның ішінде алдымен саяси күштерді біріктіріп, жұмыстарын жаңа, сапалы түрде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Парламенттік сайлауларда жеңіске жеткен партия Үкіметті жасақтауға шешуші түрде ықпал етіп, сая­си партиялардың да атқарар рөлі мен беделін биіктетпек. Жаңартылған Конституциядан кейін мемлекеттік басқару мен атқарушы билікке ықпал ету­дің қуатты тетігіне ие болған Пар­ламенттің жұмысына бағыт-бағдар беріледі. Халық қалау­лыларының бақылауындағы функциялар көбейе түспек.
Халықпен етене араласып, санаса жұмыс жасаған басшы­ның билікке жаңа серпін беруінің басты мақсаты – билігі мықты ел атана отырып, әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу. Ол үшін елімізде барлық жағдай жасалған, бейбітшілік, келісім, тұрақтылық, бірлік, еркіндік бар. Өзге мемлекетке үлгі боларлықтай достығымыз, саяси тұрақтылығымыз бар. Де­мократиялық жолмен реформа жасау жаңа қадамы елімізді одан әрі дамыта түседі әрі өздерін нағыз патриот санайтын көз­қарас қалыптастырады.Пре­зи­денттің саяси реформасы Қазақстанның стратегиялық дамуына және ішкі-сыртқы саясаттағы беделінің бұрынғыдан да бетер арта түсуіне кепіл бо­лады. Өзге елге үлгі боларлық нә­тижелі іс болды. Қазақстан Рес­публикасының өсіп-өр­кендеуі мен экономикалық өсімі артып, мәртебесінің биік болуы үшін адал еңбек етіп келе жатқан Пре­зидентімізді халқы әрдайым қолдайды.
Тәуелсіз Қазақстанның да­муы саяси және экономикалық қатынастарды табысты іске асыруға өз септігін тигізеді. Ын­тымақ пен достықты ұран етіп, татулықты ту еткен бейбіт халқы­мыз осы уақыт аралығында шек­сіз табыстарға қол жеткізді. Мем­лекетіміздің тұрақты әрі қар­қынды дамуы – оңтайлы саясат пен бірліктің арқасы. Ендеше, еліміздің тәуелсіздік тұғыры берік болып, еліміздің байрағы көк аспанда желбірей бергей!

Бақытжан ӨКСІКБАЕВ,
Бақанас аграрлы-индустриалдық колледжінің директоры,
Балқаш ауданы,
Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*