Жұмыла көтерген жүк жеңіл

1796
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтау жүйесі мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшының өз денсаулығына ортақ жауапкершілігі қағидатына негізделуі тиіс екенін ерекше атап өтті. Сарапшы мамандар Елбасы назарға алған үш тармақты тең ұстауда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру­дың мүмкіндігі  зор екенін айтуда. Расында, денсаулық сақтау саласындағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға бұл жүйе септігін тигізе ала ма? Медициналық сақтандыру жүйесін міндетті етіп енгізу арқылы не ұтамыз, халыққа қаншалықты тиімді? Бұл жөнінде Нейрохирургия орталығы директорлар кеңесінің төрағасы, медицина ғылымдарының кандидаты Бексұлтан Серікбайұлымен әңгімелескен едік. 

– Елбасы ұсынған 100 нақ­ты қадамның 80-қадамында әлеу­меттік денсаулық сақ­тау саласының қаржылық тұрақ­тылығы жөнінде айтылады. Яғни, бұл саланың қазіргідей бюджет есебінен толықтай қаржыландырылуы бүгінгі дағ­дарыс жағдайында аса тиімсіз болып отыр. Сондықтан осы кезеңде міндетті медициналық сақтандыруды енгізу ең дұрыс шешілген шешімдердің бірі бол­мақ. Денсаулық сақтау жүйесі заман талабын, нарық жағдайын ескеруі қажет. Мемлекет әлеу­меттік жағынан аз қорғалған аза­маттарды әлі де өз қамқор­лы­ғына алып, олардың атынан қорға тиісті қаражат аударып отыратыны анық. Зейнеткерлер, 18 жасқа дейінгі балалар, мүм­кіндігі шектеулі жандар, ар­найы мекемелерде жазасын өтеу­ші­лер, жұмыссыз азаматтар, сту­денттер мен тағы басқалары үшін мемлекет жарна төлейтін бола­ды. Бұл – бір.
Екіншіден, ел егемендігін алған 25 жылдың ішінде мем­лекет жетсін-жетпесін ден­сау­лық сақтау саласына қаржы бөліп, ел тұрғындарын толықтай те­гін медициналық ем-дом қа­был­даумен қамтамасыз етіп келді. Әлі күнге дейін меди­цина саласы бюджет есебінен қаржыландырылады. Ендігі кезекте еліміздің әрбір тұрғыны өз денсаулығына деген жауап­кершілігін сезінуі қажет. Бұл өте маңызды. Дамыған шет мемлекеттерде медициналық сақ­тандыру жүйесі дұрыс жолға қойылған. Мұндай әлеуметтік медициналық қорға халықтың денсаулығын сақтандыруға, әлеу­меттік жағынан аз қор­ғал­ған азаматтарды қорғауға ке­піл­дік беретін – мемлекет, өн­діріс орындарындағы жұ­мыс­керлерге қолайлы жағдай жа­сап, денсау­лығына, қауіп­сіз­дігіне жауап беруге мүдделі – жұмыс берушілер және кез кел­ген жеке тұлғаның та­ра­пы­нан қаржы құйылады. Осы үш тарап әртүрлі пайызбен ме­ди­циналық сақтандырудың жар­на­сын төлеуге міндеттеледі. Әрбір азамат, жұмыс беруші мен мем­лекет өз қалтасынан қаражат шы­ғарғаннан кейін денсаулық мәсе­лесіне ұқыптылықпен қарай­тын болады.


Бүгінде орта есеппен 6 мил­лион адам жұмыс істеуге қабілет­ті. Халықтың осы әлеуметтік бел­сенді тобы екі жылдан кейін 1 пайыздан жарна төлей бастауы қажет. Аталмыш жүйе жөнінде түсіндіру жұмыстарының алды­мен осы топ өкілдеріне жүргізілуі аса маңызды. Жұмыскерлер заң жүзінде медициналық сақ­тан­дыруға жарна төлемесе, 2018 жыл­дың алғашқы айынан бас­тап олар дәрігерлердің тегін көмегі­не жүгіне алмайтынын түсінуі шарт. Бұдан бөлек, халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырған тобы төменгі жалақы мөлшерінің бес пайызын жарна есебінде төлеп отыруы шарт. Елі­мізде мұндай топтың 2,5 мил­лионға жуық өкілі бар. Бұл атал­ған топ өкілдері түсінбей, естімей қалып, жарна төлемегені үшін ешкім жауапкершілік алмайды.
Сонымен қатар міндетті әлеу­меттік медициналық сақ­тандыру жүйесінің тиімділігін түсіндіруге тек денсаулық сақ­тау саласының мамандары жауап­ты емес. Бұл жауапты мін­­детпен айналысуға рес­публи­калық, жер­гілікті құзыретті меке­ме­ле­рдің барлығы мүдделі. «Жұ­мыла көтерген жүк жеңіл» демек­ші, тиімді жүйенің енгізілуі тиіс екендігін жан-жақты түсін­діруіміз қажет.

 

Асыл ТҰМАР

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*