Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ: Қариясын қадірлеген ел азбайды

1713
0
Бөлісу:

– Өмірзақ аға, сіз екі дәуірдің жақсылығын да, кемшілігін де көрдіңіз. Алайда қандай қызметте жүр­сеңіз де, өз ұстанымыңызға берік азамат ретінде ұлтқа қызмет етіп келесіз. Шыныңызды айтыңызшы, екі дәуір ақсақалдарының айырма­шылығы қаншалықты байқалады?
– Иә, уақыт керуеніне бөгет жоқ. Күні кеше ғана XX ғасырда өмір сүріп жатқан секілді едік, енді міне, көзді ашып-жұмғанша XXI ғасырдың да он жетінші жылын еңсеріп тастаппыз. Уақыт бір ор­нында тұрмайды деген осы шығар. Кейде өткенге көз жүгіртіп, ой елегінен өткізген кезде «ой, заман-ай» деп салауат айтып жатамыз.
Әрине, әр дәуірдің күнгейі мен көлеңкесі, шуағы мен дауылы, талабы мен ұстанымы болатыны рас. Былай екшелеп алсақ, дәуірдің өзі – сұрыпталған заман ғой. «Әр заманда бір сұрқылтай» деген дана халқымыз. Кешегі келмеске кеткен Кеңестік дәуірде небір зобалаңдар, сан қилы тағдырлар, тар жол, тайғақ кешулер өтті ғой.
Соның бірі, биыл, Алла бұйырт­са, 100 жылдығын атап өткелі отыр­­ған Алаш үкіметін құруға ат­са­­лысқан арыстарымыздың көр­ген құқайлары десек те бо­лады. Жасыратыны жоқ, Кеңес өкіметінің жандайшаптары қазақ халқының бақыты үшін бас­ын бәйгеге тіккен көзі ашық, көкірегі ояу, санасы сергек көш бастар серкелерімізді тұтқындап, итжеккенге айдап, асып, атып, ойына келген озбырлықтарын жү­зе­ге асыру арқылы халқымызды көсемдерінен айырып, басып, жаншыды. Алаш арыстарына қыр­ғидай тиген Кеңес дәуірі ұл­ты­­мыздың бой көтерер, мақтан тұ­тар, қорған болар асылдары мен абзалдарымыздың көзін жойды.
Сөйтіп, аяусыз қырғынға ұшы­­­ратып, сайын даламызды қан­ға бөктіру арқылы қазақтың ежел­гі дәстүр-салтын, тілін, дінін жою­ға құлшынып бақты. Кешегі сәй­гү­лік­тің құлағында ойнап, желмен жарысып еркін өскен қазақты езіп, жаншу арқылы ойын еркін жеткізе алмайтын жасқаншақ, бос белбеу халге жеткізді.
Қайтсін, тектілерінен айырыл­ған ұлт бодандыққа ұшырады. «Бір адам – самал, екі адам – амал, үш адам – жамал, төрт адам – қамал» дейтін аңғал да көпшіл қазағым екі кісі шүйіркелесіп тұрғанда жанына үшінші адам келе қалса, зәре-құты қалмастан қорқақтап, тайсақтап, қашқақтайтын күй кешті.
Көрнекті ғалым М.Мырзахме­тов­тың зерттеуі бойынша: «1937 жылы атылғандардың тізімінде 1 тәжік, 7 өзбек, 40 қырғыз, 25 мың қазақ болған» деген тұжырым бар. Осы оққа ұшқан 25 мың қазақтың бәрі оқыған, білімді, тәжірибелі, зиялы азаматтар әрі көсем болатын ұлыларымыз еді. Бір жанға бататыны, асыл ерлер ешқандай тергеусіз, соттаусыз, ақ-қарасы анықталып, еш байыпқа бармастан-ақ атылып кете барды. Міне, сол кездегі адам қайғысы – заман қайғысына айналып, осы тауқыметтің барлығы халықтың санасына, жүйке-жүйесіне айық­пастай әсер етті.
Иншалла, тәуелсіздік таңы атты. Демократиялық қоғам орна­ды. Десек те, осыншама нәубетті ба­сы­нан кешірген халық үшін құл­дық са­надан құтылып, айтар ойын еш ір­кілместен жеткізер жағ­дай бірден ор­най қоюы – әсте мүмкін емес. Бұл құбылыстың сел­қос­тық әсері әлі де сезіледі.
Солай бола тұрса да қазіргі дәуір азаматтары мен ақсақалдарының бо­йында болашаққа деген се­нім, ерік-жігер пайда болып, ұл­ты­мыз­дың мәдениетін, дәстүр-салтын қа­лып­тастыруға барынша жұмылып жатыр деуге толық негіз бар.
– Бір сөзіңізде «Қазақтың іздей­тін жоғы көп» депсіз. Расында да, сіздің ойыңызша нені іздеп жүр­міз, жоғымызды қайтсек, қашан таба­мыз?
– Негізінде «Қазақтың іздей­тін жоғы көп» деген салиқалы пі­кір­ді А.Байтұрсынұлы айтқан болатын. Кеңес дәуірінің дәурені жүріп тұрған кезде халқымыз жоғарыда сөз етіп кеткен көптеген құндылықтарымызды жоғалтты. Өзіңізге мәлім, коммунистер «Құ­дай жоқ», «дін – апиын» де­ген саясат ұстанып, халықтың идео­­логиясын мүлде басқа арнаға бұрып жіберді. Содан барып атеизм деген ұғым шыққанын да жақсы білесіз. Аллаға сыйынып, намаз оқып келген ата-бабаларымыз Құрандарын жерге көміп, көзден таса қыла бастады. Мешіттер қиратылды. Соның кесірінен тілі­нен айырылып, дүбәрәлар, дінінен айырылып, дінсіз тобырлар пайда болды.
Қазір егеменді ел атанғаннан кейін осының бәрі біртіндеп қолға алынып, дұрыс жолға қойыла бастады. «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» демекші, еншімізді бөліп алғаннан кейін Қазақстан өзінің экономикалық даму жо­лы­на түсті. Өркениетті көшке ілестік.
Енді осы көштен қалмау үшін озат техника жасақтап, озық техно­ло­гияларды меңгеруіміз қажет. Ши­­­кі­заттың отаны болып келген ел, индустриялық дамудың жолына түсу керекпіз.
Алдағы уақытта осы көкжиек­терді игерген кезде, жаңа дәуір біз­ге жаңа талаптар, жаңа мұраттар, ізгі мақсаттар қоятыны белгілі. Осы мақсат-мүддеден шыға білсек, жо­ғымыз табылып, өшкеніміз жа­нып, озық, дамыған елдер сана­ты­­нан табылатынымызға еш шүбә жоқ.
– Соңғы жылдары Республи­ка­­­лық ардагерлер ұйымы орталық ке­ңесін басқарып келесіз.Тәуелсіз Қа­зақстанның ардагерлері қандай бол­уы керектігін ой елегінен өткізіп, қыз­­метіңізде қандай өзгерістер жа­сап жа­тырсыз? Жағымды жаңалы­ғы­ңыз көп пе?
– Соңғы жылдары Ардагерлер ұйымы көптеген игі шараларды қолға алып, солардың жүзеге асуына мұрындық болып жүр. Ай­та­лық, Ұлы Отаны соғысындағы Же­ңіс­тің жетпіс жылдық мерекесін той­лау кезінде соғыс және тыл ар­да­гер­ле­ріне ерекше ілтипат пен құрмет көрсетілді.
Мереке аясында «Қайран ер­лер, қаһарман ардагерлер» атты рес­публикалық байқау өтіп, жақ­сы қа­сиеттерімен, өнерге де­ген құш­тар­лы­ғымен танылған елу мыңнан астам ардагер қа­тыс­­ты. Үздік деп танылған жеңім­паз­дардың барлығы дерлік ақшалай және бағалы сый­лық­тармен мара­пат­талды.
Сондай-ақ көптеген облыс­тар­да батагөйлердің сайысы өтті. Біздің халқымыздың ұғымында қасиетті ақ батаның орны тым ерек­ше. Қазақ халқы сонау ықы­лым заманнан бері батаға ай­рық­ша маңыз берген. Ата-бабамыз «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деп нақыл сөз қал­дырса, «Бата дарып, бақ қон­­сын» деп ықылас танытуы – ба­­таның қасиетін айқындай түссе керек.
Сол себепті де, ел сыйлаған ақ­са­­қал­дардан, абыздардан, арда­гер ағалардан бата алу – халқымыздың сеніміне мықтап ұялаған ырым­ның бірі. Осыны ескерген Арда­гер­лер ұйымы қазақтың сайын дала­­сындағы барша батагөй қария­лар­дың баталарын жинақтап, кітап етіп басып шығарды.
Сонымен қатар халқымыз діл­мәр шешендердің тапқыр сөзде­ріне де ерекше көңіл аударғаны белгілі. Сондықтан шешендік сөз­­дерді де кітап етіп сый жасадық.
Әңгіме барысында тілге тиек ете кетерлік ең маңызды оқиға­ның бірі – биыл Ардагерлер ұйы­мының құрылғанына 30 жыл толмақ. Ай­ту­лы мерекені өт­кізуді биыл сәуір айы­на жоспарлап отырмыз. Осы жыл­дар ішінде ұйым тарапынан ат­қа­рылған ізгі шаралардың бар­лы­ғын топтастырып кітап ет­пек­ші­міз.
Қоғамымызда «Баспасөз – өмір айнасы» деген бұлжытпас қа­ғида бар. Осыған сай соңғы үш жылда ардагерлердің «Арда­гер айнасы», «Будни ветерана» га­зет­терімен қатар, «Ардагер және қо­ғам» журналы үзбей жарық көріп тұ­рады. Бұл басылым бетте­ріне ар­даг­ерлердің баталары, пайғам­бар­­лар хадистері, шығармалары, өлең, әңгімелері жарық көруімен қатар, қазақ қоғамына танымал қайраткер тұлғалардың өмір дерек­те­рі, атқарған қызметтері жайлы қы­­зы­ғып оқитын материал­дар да жария­ланып тұрады.
– Әрине, қарттар дегенде иман­ды­лық иірімдері көз алдыңызға келе­ді. Қазіргі ақсақалдарымыздың қан­дай өнегелі жақтарын ерекше атап өтер едіңіз?
– Қарттық, ақсақалдық ке­зең өмірден көргені, түйгені, тоқы­ғаны көп, үлкен мәні мен маз­мұ­ны бар жас санатына жатады. Қоғамдық ортада «Өмір кез келген адамға беріледі, ал қарттық тек таңдаулылардың ғана үлесіне тиеді» деген тәмсіл бар. Егер осы қағидаға тереңірек үңілер бол­сақ, одан ұғатынымыз көп.
Өкінішке қарай, кейбір азамат­тардың аузынан зиялылар жоқ, елге ақыл қосып, кеңес беретін ақ­са­­қалдарымыз да азайды деген пі­кір­лерді естіп қаламыз. Мен бұл тұ­­жырыммен мүлде келіспеймін. Ин­шалла, еңселі еліміз аман бо­лып, ал­тын құрсақ аналарымыз бен құ­рыш дене, парасатты ұрпағымыз бар­да ер ту­ғыз­бай тұрмайтыны анық.
Осы орайда қазақтың философ ақыны Қадыр Мырза Әлі:
Арыңды күзет,
Барыңды күзет.
Өзгені сынағанша,
Өзіңді түзет –деп жырласа, Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Біреудің мінін көргенше,
Жамандығын тергенше.
Өз ойыңды мазалап,
Өз бойыңды тазалап,
Өзіңмен алыс өлгенше, – деп ой тас­тауы көп нәрсені аңғартып, жол сіл­теп тұрған жоқ па?! Ендеше, тек жа­мандық жағын ғана көріп, бір­жақты пікір қалыптастырып, өз­гені сы­най бергенше, жақсы қырын да кө­ре білгеніміз абзал.
Мәселен, кешегі Кеңестік дәуір­дің заманында дүниеге келіп, сол иде­ологияның қазанында қай­на­ған жас­тардың дені – бүгінгі заманның ақ­сақалдары. Әйтсе де, соңғы жыл­­дары көптеген қарияларымыз имандылыққа бет бұрып, намаз оқып, сәж­деге жығылып, одан қалды мұсыл­ман­ның бес парызының бірі – қажы­лыққа барып жатқандығы да өнегенің бірі емес пе?!
Сондай-ақ той-домалақтарда, қуа­ныштарда, тіпті кішігірім дас­тар­қан басында да бата беру дәстүріміз қайта оралып, үлкен­деріміз бата беріп жатқаны да өнеге ғой.
Елбасы бір сөзінде: «Қазақ тари­­хында бүгінгі жастар ұялатын еш­нәрсе жоқ. Қазақ тарихы ат­тың тұяғымен жазылған» деп еді. Шынында да, біз бүгінгі тәуел­сіз­дік­ке батыр бабалардың, шешен тұл­­ғалардың қасиетті жерін қанын қиып жанымен қорғаған ерлік іс­те­рі­нің қанатында жеттік.
Сондықтан сол бабалары­мыз­дың мұрасын насихаттаумен қатар, өлі­мі жылаусыз, құны сұраусыз кет­кен асылдарымыздың басына ке­се­не тұрғызып, аруағын ұлықтап, есі­мін халық жадында жаңғырттық. Олар­дың еліне жа­саған қызметтері жай­лы кі­тап­тар жазылып, ғылыми кон­фе­­рен­циялар ұйымдастырып, ер­лік­­те­рін кейінгі ұрпаққа паш етіп жатыр­мыз.
Осындай игі шаралар мен бас­­тамалардың басы-қасында ұйым­дас­­тырушысы болып ел ағалары мен ақсақалдар жүргені анық. Бұл да – өнегенің бір қыры.
Осы істерге сүйеніш болған ақ­сақалдардың атын атап, түсін түс­т­еп жатудың қажеттігі жоқ. Де­ген­мен де нақты бір түсінігім – аға сыйлаған, ақсақал құрметтеген ел азбайтыны анық.
– Қарты бар елдің қазынасы бар» демекші Ардагерлер кеңесі жас ұрпақты тәрбиелеуге қалай, қан­ша­лық­ты үлес қоспақшы?
– «Өнегелі қарт жоқ жерде, өнер­лі жас та жоқ» деген дана қа­зақ. Жас ұрпақ – біздің келе­ше­гі­міз. Отанымыздың ертеңі, біз­дің ісімізді жалғастырушылар. Сол себепті, Ардагерлер ұйымы жұ­мысының негізгі саласының бірі – жастар тәрбиесі. Соғыс кезінің қиыншылығын көрген, Қызыл империяның жан алғыш мә­шинесінің оттығына түскен ар­да­герлер жастар тәрбиесіне ерек­ше мән беріп, оларға түзу жол нұсқап, ағалық, әкелік ақылын айтып, тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Соның нәтижесінде, түр­лі басқосулар, конференциялар, дөң­гелек үстелдер жиі ұйымдас­ты­рылып тұрады.
– Шығармашылыққа жақын адамсыз. Қазір не істеп жүрсіз?
– Ардагерлер ұйымына жұ­мыс­қа келгеннен бері байтақ елі­міз­ді түгелдей аралап шықтым. Іссапар барысында небір жай­саң адамдармен пікірлесіп, дас­тар­қандас болудың сәті түсті. Осындай жаны жаз, кө­ңі­лі көктем ғибратты жандардан алған әсерімді, тұ­щым­ды, татымды әңгімелерді жи­­нақтап, «Жайсаң жандар» деген кі­тап шығарсам деген ойым бар.
Осы жылдар ішінде конферен­ция­ларда, қазақ хандары, батыр­лары, дүлдүл шешендері жайлы баяндамалар жасаған кездерім көп болды. Сол материалдардың басын біріктіріп «Тарихи тұлғалар тағылымы» деген жинақ жарық көрсе деймін. Әрі 1906-1907 жыл­да­ры Ресей Мемлекеттік Ду­ма­сына де­пу­тат болған қазақ­тар­дың өмірі мен қызметі жай­лы деректерді ке­ңей­тіп кітап жаз­бақ­шы­мын. Алла ғұмыр берсе, көп ойлар, жоспарлар жетерлік. Ол қаншалықты, қандай деңгейде жү­зеге асатыны – уақыт­тың еншісін­де.
– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан
Жолдасбек ДУАНАБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*