ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАНДЫРУ ЕМХАНАҒА ТІРКЕЛУДЕН БАСТАЛАДЫ

2236
0
Бөлісу:

Биыл 1 шілдеден бастап, елімізде көптен бері айтылып жүрген міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізіледі. Қорға жарна төлеуді мемлекет бастайды. Халықтың әлеуметтік әлжуаз тобы үшін келесі жылдың 1 қаңтарынан төленетін жарнаның мөлшерлемесі еліміздегі орташа айлық жалақының 3,75 пайызын құрамақ. Жалпы, денсаулығын сақтандырғысы келген әрбір адам алдымен емханаға тіркеліп, мәртебесін анықтап алуы қажет.

Бұл туралы Орталық ком­му­никациялар қызметінде өткен брифингте жан-жақты айтылды. ҚР Денсаулық сақтау вице-ми­нистрі Ләззат Ақ­таеваның ай­туынша, міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесі азаматтарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін енгізіліп отыр. Айталық, бұрын мемле­кеттік емдеу ұйымына көңілі тол­маған науқас адам денсаулығы үшін же­кеменшік клиникаға ақылы не­гізде барып қаралуға мәж­бүр бо­латын. Медицина­лық сақтандыру жүйесі ен­гізілсе, әр адам қормен келі­сімшарт жа­сасқан кез келген клиниканы таңдап, қалаған дәрігеріне көріне алады. Бұл өз ке­зегінде емдеу ме­кемелері ара­сындағы бәсеке­лестікті туғызып, қызмет көрсету са­пасын арттыруға ықпал етпек.
– 2018 жылдың 1 қаңтардан бастап, Қа­зақстан азаматтары және осы жүйе бойынша сақтандырылған тұлғаларға медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық қызметтер қолжетімді болмақ. Отандас­тарымыз осы медициналық көмектен қағыс қалмау үшін бүгіннен қолға алынған «Ем­ханаға тіркел де медици­налық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңді анықта!» атты науқанға қатысып, өздері қаралып жүрген жергілікті емханаларға тіркелуі керек. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу барлық азаматқа міндетті. Елімізде тұрақты жұмыс істейтін және осында тұратын шетелдіктер де одан тыс қалмауы тиіс, – дейді вице-министр.
Медициналық сақтандыру жүйесінің қызмет көрсету пакетіне емханалық-амбулаторлық көмек, дәрігерлік қабылдау, әртүрлі сарап­тамаларға қорытынды беретін зертхана қызметі, диагностика және ма­нипуляциялар, ауруханада жоспарлы түрде емделу секілді қызмет түрлері кіреді. Яғни, Қазақстанда тұратын әрбір адам ММӘС қорына тиісті мөлшерлемеде қаржы аударуы тиіс. Зейнеткерлер, мүгедектер, студенттер мен балалар, жазасын өтеп жатқандар секілді әлеуметтік аз қорғалған азаматтар үшін қорға мемлекет жарна төлейді. Жеңілдік санатына жатпайтын азаматтар мен жұмыс берушілер өздері үшін жауапкершілікті қолға алып, қорға уақтылы әрі белгіленген мөлшерде қаржы аударуы тиіс. Өз-өзін жұмыспен қамтып жүрген азаматтар, атап айтқанда, жеке кәсіп­керлер, нотариустар, жеке сот орын­даушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар қорға қаржы аударуға өздері мүдделілік танытуы керек.
– Елімізде тіркелген жері мен тұрғылықты мекенжайы екі бөлек азаматтар баршылық. Мұндай жағдайда медициналық көмек көрсету жағынан қиындық тууы мүмкін. Сондықтан ертеңгі күні медициналық сақтандыру жүйесімен қамтамасыз ету кезінде мәселелер туындамас үшін ел азаматтары қазірден бастап, 31 маусымға дейін мәртебесін анықтап үлгеруі керек, – дейді Ләззат Ақтаева.
Әлбетте, азаматтар алғашқы медицина­лық-санитарлық көмек алу үшін алдымен тұрғылықты мекенжайы бойынша қаралатын емханаға келетіні белгілі. Бүгінгі таңда Қазақстанда17,6 млн адам емханаға тіркел­ген. Олардың 6 миллионы – 18 жасқа дейінгі балалар.Соған қарамастан, еліміздің ден­сау­лық саласына енгізілгелі отырған жаңа ме­дици­налық сақтандыру жүйесіне байла­нысты азаматтар қайтадан емханаға тіркелуі қажет. Ол үшін емхананың тіркелу бөліміне жеке куәлікпен келіп, бас дәрігердің атына өтініш жазу жеткілікті немесе телефон арқылы да мәртебеңізді анықтауға болады. Бұл ретте ешқандай да мекенжай анықтамасы талап етілмейді.
Интернетті белсенді пайдалану­шылар үшін емханаға электронды тіркелу тәсілі де енгізіліп отыр. Ол үшін «Электронды үкімет» (egov.kz) порталындағы «Емхананы таңда!» бөліміне электрондық қолтаңба арқылы кіру керек. Бұл мәліметтер бірден емхананың дерек базасына енгізіледі. Алдағы уақытта медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде емханаға тіркелудің мән-жайын түсіндіретін колл-орталықтар құру да жоспарланып отыр.
«Азаматтар тек бір ғана емханаға тіркеле алады. Бір мезетте бірнеше емдеу мекемесіне тіркелу мүмкін емес. «Азаматтарды тіркеу регистрі» порталы емханаға келген адамның қайда, қашан тіркелгенін, қандай мәртебеге жататынын автоматты түрде анықтайды. Бұған қоса, дәрігер мен емхананы еркін таңдаған кезде емханаға тіркелу бір жылда бір реттен артық болмауы тиіс» дейді брифингке қатысқан ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Медициналық көмекті ұйымдастыру департа­ментінің директоры Ажар Төлеғалиева.
Медициналық сақтандыру қоры мем­лекеттік емес ұйым ретінде жұмысын бастап отыр. Сондықтан оның ары қарайғы дамуы мен аяқ алысы қорға аударылған қаражатқа да байланысты. Жалпы, әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылған. Оның ішінде 12-сі – халықтың әлеуметтік осал тобы. Қалғаны әскери қызметкерлер мен арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмыскерлері.
Міндетті медициналық әлеуметтік сақ­тандыру қорына аударылатын жарнаның кө­лемі жөнінде тарқатып айтқан «Әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры» КЕАҚ бас­қарма төрағасы Елена Бахмутова 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, жұмыс берушіден алынатын жарна мөлшерлемесін 1 пайызға дейін төмендету қарастырып отырғанын жеткізді. «Міндетті медициналық сақтандыру қорына аударылатын жарнаның көлемі біртіндеп өсе береді де 2022 жылға қарай 3 пайызға жетеді. Қазіргі экономикалық ахуалды ескере келе, бизнеске салмақ түсірмес үшін жарна көлемін азайту көзделіп отыр. Алайда жұмыс істейтіндерге арналған жарна қазіргі қолданыстағы заңда көрсетілген қалпында қала береді. Олар 2019 жылдан бас­тап, жалақысының 1 пайызын, 2020 жылдан бастап – 2 пайызын жарнаға төлейді. Осы­лайша, 2022 жылға қарай жұмысшы да, жұмыс беруші де жалпы кірісінің 5 пайызын қорға аударатын болады. Бірақ бұл көлем еліміздегі ең төменгі айлықтың 15 еселенген көлемінен аспауы тиіс», – дейді Елена Бахмутова.
Оның айтуынша, қалған санаттағы азаматтардың бәріне 5 пайыздық жарна мөлшерлемесі тағайындалып отыр. Мәселен, қорға жарна төлеуді 2019 жылдың 1 қаң­тарынан бастайтын жеке кә­сіпкерлерге 5 пайыз­дық мөлшерлеме белгіленген. Мемлекет өзінің қамқорлығына алған азаматтар үшін жарнаны 3,75 пайыздан бастайды. «Бұл да – төмендетілген мөл­шерлеме. Оның көлемі 2022 жылға қарай
4 пайыздан кем болмайды. Бірақ жарнаның нақты мөлшері «Рес­публикалық бюджет туралы» заңда нақты­ланбақ», – дейді басқарма төрағасы.
Елена Бахмутова халықтың эконо­микалық белсенді емес тобының мәселесі алаңдатып отырғанын жеткізді. Өйткені олардың ішінде тұрақты кірісі жоқтар баршылық. Ертеңгі күні мұндай азаматтар қорға қаржы аудара алмай, тиісті меди­циналық көмекпен қамтылмай қалуы мүмкін. Сондықтан белгілі бір жерде жұмысшы ретінде тіркелмеген азаматтар және үй шаруасындағылар ерте бастан мәртебесін анықтап алуы қажет. Егер табысы тұрақты болмаса, онда тиісті мекемеге жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Мұндай жағдайда олар үшін жарна төлеуді мемлекет мойнына алатын болады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*