Қауіпсіздік кеңестері хатшыларын қабылдады

1312
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының 12-кездесуіне келген делегация жетекшілерін қабылдады.

Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге қатысушыларды құттықтап, бұл іс-шараның биыл маусымда Астанада болатын Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті қарсаңында өтуі­нің маңыздылығына тоқталды.
– Біз Санкт-Петербордағы оқиғаға байланысты бүкіл Ресей халқына көңіл айтамыз. Бұл терроризм мен экстре­мизмнің шекара дегенді біл­мейтінін көрсетеді, сын-қатер мен қауіп азаймай тұр. Осыған байланысты мемлекеттер басшылары Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының қызметіне ерекше мән беріп отыр, – деді Мем­лекет басшысы.
Қазақстан Президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі ынты­мақтастық тетіктері мен нор­мативтік құқықтық базасын нығайту ісінің маңыздылығына қатысушылар назарын аударды.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің экономикалық және саяси байланыстарды нығайту жолында атқарған жұмыстарына оң баға берді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ұйым алдында тұрған міндеттерге ерекше тоқталды.
– Бұл – қатысушы елдердің барлық бағыт бойынша келісілген іс-қимылы. Қазіргі уақытта Шанхай ынтымақ­тастық ұйымының экстремизмге қар­сы әрекет ету жөніндегі конвенция мен Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы­ның халықаралық терроризмге қарсы бірлескен іс-қимыл жөніндегі мәлім­демесі қаралуда. Бұл құжаттарды қыс­қа мерзім ішінде мақұлдау қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынты­мақтастық ұйымының Астана­дағы саммитінде Үндістан мен Пәкіс­танды ұйымның толыққанды мүшесі ретінде қабылдау жоспарланып отыр­ғанын және оның Азиядағы ынтымақ­тастықты нығайтуға қосымша тың сер­пін беретінін айтты.
– Шанхай ынтымақтастық ұйымы­ның Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты халықаралық және өңірлік құрылым­дармен ынтымақтастығы аясын кеңейту қажет. Бұл осы ұйымды одан әрі дамытуға ықпал етеді деп ойлай­мыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның 2017-2018 жылдар кезеңіндегі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде халықаралық бейбіт­шілік пен қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып отырғанын айтты. Мә­селен, Сириядағы дағдарысты сая­си реттеу ісіне күш-жігер жұмсалып жатқаны айтылуда.
Кездесуге Қазақстанның, Қырғыз­станның, Ресейдің, Тәжікстанның Қауіп­­сіздік кеңестерінің хатшылары – В.Жұмақанов, Т.Джумакадыров,
Н.Патрушев, А.Кахаров, Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіп­сіздік министрі – Мемлекеттік кеңес мүшесі Го Шэнкунь, Шанхай ынты­мақтастық ұйымының Бас хатшысы Р.Алимов, Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік антитеррорлық құры­лымының атқарушы комитетінің ди­ректоры Е.Сысоев қатысты.
Қауіпсіздік кеңестерінің Аста­надағы іс-шарасы Қазақстанның ШЫҰ төрағалығы аясында өткізілуде. Ол Шанхай ынтымақтастық ұйымы­на мүше мемлекеттер басшыларының биылғы маусымға жоспарланған кеңе­сіне дайындықтың маңызды кезеңі болып саналады.

Бөлісу:

Пікір жазу


*