Маңғыстау облысы жұртшылығымен жүздесті

1876
0
Бөлісу:

Маңғыстау аймағына іссапармен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен «Ақтау халықаралық теңіз порты» арнайы экономикалық аумағында орналасқан Ақтау теңіз солтүстік терминалында болып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Елбасыға Каспий теңізіндегі көлік-логистика саласының дамуы мен бағыттары туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ президенті Қанат Алпысбаев баяндады.

Екі жыл бұрын Елбасы Ақтау теңіз солтүстік терминалының іске қо­сылуына баста берген болатын. «Ақтау теңіз порты» арнайы эконо­микалық аймағының 39,4 гектар алаңында біруақытта 5000-ға дейін контейнер (TEU) мен 170 000 тоннаға дейін негізгі жүкті сақтауға болады. Заманауи көп мақсатты терминалдың өндірістік қуаты жылына 3 млн тоннаға дейін не­гізгі жүкті, оның ішінде 1,5 млн тоннаға дейін дәнді дақылды ауыстырып тиеуге мүмкіндік береді. Жоба құны – 37,5 млрд теңге. Қазіргі уақытта терминал астық, металл, контейнерлер мен негізгі жүктерді қабылдап жібереді. Вагондарға жүкті тиеп, оларды түсіреді, кемелерге кешенді қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда кәсіпорында Маңғыстау облысының 190 тұрғыны қызмет етеді.
– Еңбек нарығындағы тұрақсыз­дықты жою және аймақ тұрғындарын жұмысқа орналастыруға қолдау көрсету мақсатында Маңғыстау облысының әкімдігімен жасалған «Жаңа серпін» өңірлік бағдарламасының аясында, терминал үшін 27 адам оқытылды. Олардың көбісі біз үшін қажетті мамандар – механизатор-док жұмыс­шылары мен тальмандар. Олар Санкт-Петербург қаласының жанындағы теңіз портында оқытылды, – дейді «Ақтау Теңіз Солтүстік Терминалы» ЖШС бас директоры Асқар Қарабасов.


Мұнан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев азық-түлік та­уарларын сақтауға арналған «Азерсун өндіріс және логистика орталығы» қойма кешенінің жұмысымен танысты. Орталықтың құрылысы 2014 жылдың наурызында басталып, 4,56 млрд теңге қаражат жұмсалған. Ішкі нарықты жоғары сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін, импорт алмастыруға ықпал ететін қой­маның құрылысы 2016 жылы толықтай аяқталып, тамыз айында пайдалануға берілді. Жалпы қойманың аумағы – 8 730 шаршы метр. Қойма кешені бүгінгі таңда 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өңірдегі сауда орталық­тарына таратылатын азық-түлік тауар­ларын, жеміс-жидек пен көкөністерді сақтауға арналған қойманы әзір­байжандық компания салған болатын. Мұнда құрғақ жүктерді, жеміс-жидек пен көкөністерді сақтауға арналған және мұздататын қоймалар бар. Барлық қоймаларда палеттерде тауарды сақтау үшін 4-қабатты сөре жүйелері орналасқан. Құрғақ жүк сақтауға арналған қойманың сыйымдылығы – 3744 палет-орындық, мұздатқыш қоймалар сыйымдылығы – 2436 палет-орындық. Сондай-ақ, барлық қой­маларда жұмыстың аса тиімділігі үшін штрих-кодпен орталықтандырылған бақылау жүйелері ұйымдастырылған. Қоймалар орталық басқару жүйесімен толық автоматтандырылған, климаттық бақылаумен қамтамасыз етілген. Мұндағы замануи технологиялар Германия және Нидерланд елдерінен әкелінген. Оған инновациялық құрал-жабдықтар, тоңазытқыштар, терең мұздатуға арналған климат-бақылау жүйелерін жатқызуға болады. Жемістің өзін 3 айға дейін сақтауға қауқарлы технологиялар да орнатылған. Бұл жобаны іске асыру Маңғыстау облысының сыртқы нарығын жоғары сапалы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Ақтаудағы логистика орта­лығының қызметі азық-түлік өнімдері бағасын арзандатуға бағытталған. Маңғыстау облысымен қатар, рес­публикамыздың басқа да өңірлеріндегі азық-түлік бағасын төмендетіп, онымен қамтамасыз ету мақсатымен тауарларды сақтау, жеткізілетін көлемін арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет, – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орталық қызметкерлеріне табыс тіледі.
Облысқа іс-сапары аясында Мем­лекет басшысы аймақтың тұрғында­рымен де кездесті. Кездесуге облыс ардагерлері, өнеркәсіп кәсіпорын­дарының жұмысшылары, жастар көш­басшылары, спортшылар, қоғам­дық ұйымдар мен этномәдени бірлестік­тердің жетекшілері қатысты.
– Өткен жылдарда Маңғыстау облысының экономикасы айтарлықтай өсті. Тәуелсіздік алған кезден бастап өңірлік жалпы өнім 32 есе көбейіп, 2 триллион теңгеден асты. 7 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. 2016 жылы өңірге тартылған инвестиция 400 миллиард теңге болды. Бұл 2000 жыл­мен салыстырғанда 12 есе артық. Қазақстан әрдайым көршілес елдермен достық қарым-қатынас орнатып келеді. Кеше ғана мен Әзербайжанда болдым. Бұл елмен ынтымақтастықты кеңейту үшін мүмкіндіктеріміз мол. Соңғы екі жылдың өзінде Маңғыстау облысы мен Әзербайжан арасындағы өзара тауар айналымы бес есе өскен. Аймақтарыңыз Қазақстанды жаһандық және өңірлік нарықтармен байланыстыратын аса маңызды транзит торабы болып са­налады. Бұл орасан зор әлеуетті толық пайдалана білген жөн, – деген Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздік алған жылдары Маңғыстау облысы тұрғын­дарының саны екі есеге өсіп, 640 мың адам болғанын атап өтті.
Кездесу барысында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Елбасына өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады. Ералы Тоғжанов ағымдағы жылдың соңына дейін өңірлік эконо­миканың өсу қарқынын қамтамасыз ету үшін барлық тиісті жұмыстар жасалатынын айтты. Сондай-ақ ай­мақты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне зор мән беріліп, мем­лекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту жұмыстары күшейтіледі. Бү­гінде Маңғыстау облысындағы барлық апаттық жағдайдағы мектептер жо­йылған.
– Туу көрсеткішінінің жоғарылығы мен халықтың көші-қоны бізге бала-бақшалар мен мектептердің құрылысын тездетуді міндеттейді. Тапшылықты болдырмау мақсатында осы жылы бір­ден 8 жаңа мектептің құрылысын бас­таймыз. Ол үшін республикалық бюд­жеттен 11 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Ағымдағы жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмдерін пайдалану арқылы балабақшалар санын 35-ке дейін арттыруды жос­парлап отырмыз. Сондай-ақ осы жылы ірі денсаулық сақтау нысандарының құрылыстары үшін, атап айтқанда Ақтау қаласындағы ауысымына 500 науқасты қабылдайтын емхана мен 300 төсекті көп салалы аурухананың, Жаңаөзен қаласындағы медициналық орталықтың құрылыстарына арнап жекеменшік инвестицияны тарту көзделуде. Аймақтағы мемлекеттік-же­кеменшік әріптестіктің даму қарқыны бар. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес біз оны әрі қарай жетілдіретін боламыз, – деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар өңір басшысы жаңа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы тұрғын үйлер салу қарқынын әрі қарай дамытатынын және облыс орталығындағы жаңа шағын аудан­дардың құрылысы үшін инвестиция тартатынын, көпшілік кәсіпкерлік пен тиімді жұмыспен қамту бойынша жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды жетіл­діретінін айтып өтті. 2017 жылы 1 млрд теңгеден астам қаржыға 250 шағын несие бөлу, 165 бизнес-бастамаларды субсидиялау жоспарланып отыр. Ағымдағы жылы облыс бойынша 26 мың жұмыс орнын ашу көзделуде.
– Өңірлік экономиканы дамыту бойынша жүзеге асырылатын шаралар мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету, ең алдымен жұмыспен қамтылуды сақтауға, жаңа жұмыс орындарын құруға, еңбек мобильділігін арттыруға, өңірдің кәсіпорындарындағы көпшілік қысқартуларды болдырмауға бағыт­талады, – деді Ералы Тоғжанов.
Кездесуде сөз алған Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жатақ­хана меңгерушісі, осетин ұлты­ның өкілі Нана Келехсаева Елбасыға жастарға жасап жатқан қамқорлығы үшін алғысын білдіріп, тамызда өтетін шаңырақ көтеру тойына шақырды. Қазақ, орыс, ағылшын тілін жетік меңгерген ару еңбек жолын Орал қала­сындағы Назарбаев зияткерлік мекте­бінен бастаған. 2014 жылы арнайы жолдамамен Ақтау қаласына қоныс аударған. Бүгінгі таңда Назарбаев зияткерлік мектебінде жатақхана меңгерушісі қызметін атқарады.
– 2015 жылдың тамыз айынан бастап осы қызметке тағайындалдым. Маған үлкен жауапкершілік жүктеледі. 132 баланың «анасымын». Оқушылар мені «Үлкен мама» деп атайды. Балалармен тез тіл табысып кеттім, жалпы маған балалармен жұмыс істеу ұнайды. Осы сәтті пайдалана отырып, Сізді өз тойыма шақырғым келеді. Бұл біз үшін үлкен мереке болар еді, – деді Нана Келехсаева.
Жас отбасыға Елбасы шаңырақ шаттығын тіледі. Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларға еліміздің та­бысты дамуының кепілі болып сана­латын бірлікті, татулық пен достықты сақтау қажеттігін айтып, облыс тұр­ғындарын табысты еңбек етуге ша­қырды.

Венера МИРЛАН,
Маңғыстау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*