Халіңіз қалай, Мұзафар ата?

2306
0
Бөлісу:

Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың жасы тоқсаннан асты. Қазақ әдебиетіндегі соғыс сұрапылын бастан кешкен қаламгер шоғырының бірі. Туған жері – Маралды атырабы, яғни, Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы Маралды ауылы. Бес жасынан бастап әріп танып, кітап оқи бастаған екен. Алтыншы сыныбында бір қыста ауыл кітапханасының 150-ден астам кітабын тауысыпты. Әкеден сегіз жаста, шешеден он жасында айырылған, жетімдіктің зардабын толық сезінген ұрпақ. Алапат аштықты да, 1937 жылдың сталиндік сойқанын да өз көзімен көрді. Осы тұста тырнақалды өлеңі дүниеге келген екен. 

Мұзафар Әлімбаев қазақ балалар әдебиетінің қатардағы қаламгері ғана емес, ол – ақын, прозашы, ау­дар­машы, сын­­шы бола білген жан. Қазақ ба­ла­лар әдебиетін дамытуға өлшеусіз үлес қос­ты. Мақал-мәтелдерді жинау, зерт­теу, басқа да халықтар мақалдарын қа­зақ тіліне аудару мәселесіне де бел ше­ше кірісті.
Қаламгердің қаламынан туған «666 мақал мен мәтел», «Мақал – сөз­дің мәйегі», «Өрнекті сөз – ортақ қа­зына», т.б. жинақтары бар. Әлем әде­­­­биетінің де кейбір үздік шығар­ма­ларын қазақша сөйлетті. Жазушының өлеңдері әлемнің 38 тіліне аударылған.
Абыз қарияның бүгінгі халі қалай? Қа­ламгермен қазір сөйлесу мүмкін емес. Тоқсаннан асқалы Мұзафар ата­ның елмен тілдесуі қиындап қалды деп естігенбіз. Сол себепті де, жазу­шы­ның немересі, нейрохирург Жәні­бек Әлімбаевқа қоңырау шал­дық.
– Жәнібек, Мұзафар атаның халі қа­лай?
– Атамның халі жаман емес. Қазір ауру­ханада ем қабылдап жатыр. Жы­лына екі рет тексеріліп отырады. Қо­лынан қаламы түспейді. Бұрынғыдай көп жазбаса да, бірдеңелерді дәптеріне түртіп қоятыны бар. Ой-пікірлерін, афо­ризмдерін дәптер бетіне түсіріп оты­рады. Аз жазса да, өткір, саз жа­зады.

– Газет-журналдарды оқи ала ма?
– Күн сайын шығып отыратын газет-журналдарды парақтап отыратыны бар. Өмірі сол газет-журналмен байланысты болғандықтан, одан алыстап кете алмайды. Соңғы жаңалықтарды қарап, күнделікті болып жатқан оқиғалардан хабардар болып отырады.
– Қаламдас інілері үйге жиі бас сұға ма?
– Анда-санда інілері, қаламдас іні достары келіп тұрады. Көбінде телефон арқылы сөйлеседі.
– Атаның жазған дүниелерінің бәрі кітап болып жарық көрді ме?
– Атамның кітабы шықпағанына үш-төрт жыл болды. Соңғы рет «Атамұра» баспасынан бір кітабы жарық көрген. Одан кейін жаңа дүниесі шыға қоймаған сияқты.
– «Қазығұрт» баспасы Мұзафар атаның көп томдығын жинақтап шығарған секілді еді. Одан бөлек, жарияланбай қалған дүниелері бар ма?
– Шығармалар жинағы толығымен жарық көрді деп айта алмаймын. Қалып қойған дүниелері де бар. Оның бәрін жинақтап шығару қажет секілді.
– Кей-кейде атаңызбен сырласқанда өзінің өтінішін, өкпесін айтқан кездері бола ма?
– Атамның ешқашан біреуге өкпе артып, болмаса өтініш айтқан кезі болған емес. Керісінше, ол кісіге өтініш айтқан адамдар өте көп. Қолынан келгенінше, олардан қамқорлығын аяған емес. Үнемі ақыл-кеңесін айтып отырады. Нағыз сүйегі асыл кісі деп атамды айтуға болатын шығар.

Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*