ҚАЗАҚҚА БЭБИ-БОКС ҚАЖЕТ ПЕ?

1706
0
Бөлісу:

Қайсыбір жылдары елімізде тастанды сәбилерге арналған жәшіктер орнату мәселесі көтерілген еді. Бұған көрінген жерде қалып, денсаулығына зақым келген, шетінеп кеткен шақалақтардың көбеюі себеп болған. Алайда қоғам тарапынан қолдау таппағандықтан оның жаңғырығы бірден басылған-тын. Өткен аптада көшеге тасталған нәрестелерге қажетті қорап жайы тағы да қозғалды. Бірақ Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменованың аузымен айтылған бұл мәселе жұртшылықтың құлағына түрпідей тиіп, бірден қарсылыққа ұшырады. Әсіресе, әлеуметтік желі қолданушылары дүрлікті…

ДАЛАДА БАЛА ЖАТПАСЫН…

Басындағы байлығын бауырындағы баласының санымен өлшеген қазақ үшін баласын тастап кету – санаға сыймайтын жат қылық. Өкінішке қарай, қазір тоғыз ай, тоғыз күн көтерген нәрестесін ойын­шық құрлы көрмей, көшеге тастап ке­тетін безбүйрек аналар көбейді. Қаты­гездіктің шегі де осы шығар. Орыстың жазушысы айтқандай, «шектен шыққан қатыгездікті көрсеткім келсе, мен әйелге адам өлтірткізем». Бүгінде жаңа туған қорғансыз сәбиді жай ғана көшенің бойына, адам аяғы көп жүретін орындарға қалдырып кету былай тұрсын, енді көкек аналар нәрестелерін тұншықтырып өлтіріп, әжетханаларға, қоқыс жәшігіне лақтырып кететін болды. Осылайша, тумай жатып, жөргегінде тұншыққан қаншама бейкүнә сәби өлім құшты?!
Әлемде «бэби-бокс» аталып кеткен сәбилер жәшігін орнату мәселесінің қайтадан көтерілуіне де осы себеп. Бір жағынан депутат Бақытгүл Хаменова сөзінің де жаны бар. Далада қалған шақалақтардың көпшілігі не шетінеп кетеді, не денсаулығына ауыр зақым келеді. Сондықтан мұндай «төртбұрыш үйдің» орнатылғаны дұрыс.
Бас прокуратураның мәліметтері бойынша, 2016 жылы «Қылмыстық кодекстің» 119-бабы «баланы қауіпті жағ­дайларда қалдырып кету» фактісі бойынша ішкі істер органдары 15 іс қозғаған. Тек 2017 жылдың алғашқы үш айында 8 оқиға тіркелген екен.

ҚОРАП ҚОРҒАН БОЛА МА?

Нәрестелерге арналған жәшіктер ойдан құрастырылған жоқ. Бұл – амалсыздан жасалып отырған қадам. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде осындай қораптар медицина меке­мелерінің жанында, қоғамдық орындарда қойылған.
Бэби-бокстер Чехия, Жапония, Канада, Швеция сынды елдерде пайда болғалы қашан?! Осы «үміт бесігін» 1198 жылы Рим папасы Иннокентий ІІІ ойлап тапқан деседі. Өтірік пе, шын ба кім білсін, сол заманда тұрмыстың ауыр азабын тартқан әйелдер қиындыққа шыдамай, омыраудағы нәрестелерін Тибр өзеніне ағызып жібереді екен. Судың қатты ағы­сынан жағаға шы­ғып қалған әлгі бейкүнә нәрестелердің өлі денесі Рим папасын да бей-жай қалдырмайды. Ол қатты қайғырып, храмның қабыр­ғасына осындай жәшіктер орнатқызыпты. Бала қалдырылған кезде арнайы орнатылған қоңырау сыңғырлап белгі беріп, оның дауысымен шіркеу қызметкерлері келіп, сәбиді алып кететін болған. Кейін бұл тәжірибені көптеген мемлекеттер іліп әкетті.
«Үміт бесіктері» бүгінгі күнге де жетіп отыр. Мысалы, чехиялықтар 2005 жылдан бастап, тастанды сәбилерге арналған жәшіктер орнатқан. Соның арқасында мыңдаған нәрестенің өмірін аман сақтап қалды. Бұл елде жәшіктердің көпшілігі клиникалар мен ауруханалардың жанында орнатылған.
Бүгінде Чехиядағы «төртбұрышты үйлердің» саны 50-ге жетіпті. Германия осындай жүздеген жәшік орнатып үлгерген. Словакияда мұндай жәшіктер орнатыла салысымен алғашқы төрт айда 40 сәби тасталған екен.
Тастанды сә­билер проблема­сынан Оң­түстік Корея да құралақан емес. Жыл сайын Сеул көше­лерінде жүздеген нәресте тас­тала­тын көрінеді. Шақалақ­тар­дың өмірін сақтап қалу көп жағдайда мүмкін бола бермейді. Бұл қасіретке тос­қауыл қойғысы кел­ген кореялық Ли Чон-Ракатты діндар өз елінде нәрестелерге арналған жылы ұя ойлап тапқан. Сырты пошта жәшігіне ұқсайтын бесікке ол жылы орамал төсеп, жылытқыш қосады. Жәшіктің тұсына: «Сәбилерге арналған орын» деп жазып қояды. Ал­ғашқы күндердің өзінде ол бес сәбиге қамқор болады. Айтпақшы, осы бір мейірімді жан туралы және оның жасаған жәшігі жөнінде арнайы фильм де бар. Жас режиссер Брайан Ивье түсірген The Drop Box атты 72 минуттық деректі фильмді кімде-кім көзіне жас алмай көре алмайды. Түсірілім тобы бұл фильм­нің талай анаға ой салатынына сенімді.

ӨМІР МЕН ҮМІТ СЫЙЛАЙТЫН «ТЕРЕЗЕ»

Нәрестелерге арналған жәшіктер­ді орнату мәселесіне қатысты жұрт­шылықтың пікірі әртүрлі. Кейбіреулер «мұндай жәшіктер тастанды балалардың көбеюіне әкеледі» дейді. Себебі, сә­билерге арналған орынның жанында баланы кім тастағанын бақылайтын бейнекамера орнатылмайды. Әрі баласын жасырын түрде жәшікке тастаған «көкек-аналар» қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.
Дегенмен де мұндағы басты мақсат – сәбилердің өлімін азайту, анасы бас тартқан шақалақтардың өмірін аман сақтап қалу. Жәшіктерді әлем елдері «өмір терезесі» деп те атап жүр. Еуропаның бэби-бокс орнатудағы тәжірибесіне сүйенсек, төртбұрыш ұядағы температура 30 гра­дус­тан тө­мен болмайды. «Үйдің» іші сәбилерге арналған жайлы төсекпен жабдықталады. Шақалақ жәшікке тасталысымен, оның есігі 30 секундтан кейін автоматты түрде кілттеніп қалады. Бұл – олардың қауіпсіздігі үшін ойлап табылған тәсіл. Содан кейін медицина қызметкерінен басқа ешкім мұнда кіре алмайды. Арнайы орнатылған дабыл соғылған сәтте ақхалаттылар тастанды сәбиді алып кетеді. Ары қарай балалар заң бойынша мемлекет қамқорлығына алынады. Тіпті бала асырағысы келетін мейірімді отбасыларға берілуі де мүмкін.


Енді Facebook әлеуметтік желісіндегі пікірлерге құлақ асып көрелік.

Манарбек ӘЛІМЖАНОВ: Меніңше, аналардың балаларын тастап кетпеудің жолдарын қарастырған дұрыс сияқты. Кезінде қандай тар заманға тап келсе де, тіпті ашаршылық тұсында да тастанды сәбилер болмаған. Бертінде дағдарыс етектен тартқанда да мұндай оқиғалар көп кездеспеген. Бүгін заман тыныш. Қыздардың мұндай қадамға баруына не себеп? Адамдар рухани азып бара жатыр. Көпшілігі материалдық жағдайды бірінші орынға қоятын болды. Сондықтан нәрестелерге арналған жәшіктер қойғанымен ештеңе өзгермейді. Тасжүректерге қандай жақсылық жасасаң да бәрібір. Керісінше, жәшік аман болсын деп, бала тастау оқиғасы көбейіп кете ме деп қорқамын. Алдымен, интернеттегі қоқыстарды тазартып, ғаламтордағы қай-қайдағы жайттарды көруге балаға тыйым салу керек. Мектептегі тәрбиеге маңыз бергеніміз дұрыс. Рухани құндылықтардың ішінде ұлттық тәрбиені күшейту міндет. Жастар жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етілуі қажет. Олардың жағдайы түзелсе, мұндай қадамға бармайды деп ойлаймын.

Бағда ЛЕПЕСОВА: Тәрбиені мектептен бастау керек. Әлі балиғат жасына толмаған қыздарға арнайы қосымша сабақтар өткізуді қолға алу қажет. Егер біз мұндай жәшіктерді орнатсақ, қыздарға ой салып, жаман жолға шақырғандай боламыз. Үлгілі қыздардың тәрбиесін өнеге етіп, жоғары оқу орындарында, колледждерде тәрбие жөнінде курстар ашылса деймін.

Жеңіс ТАХАШЕВ: Сәбилерге арналған қорапшалар жағдайды нашарлатпаса, жақсартпайды. Ертеңгі күні жылы жәшіктер бар ғой деп, қыздарымыз мұндай қадамға жиі баратын болады. Одан гөрі қатыгездіктің алдын алатын жұмыстар жүргізілсе. «Бала­ны –­ жастан» деп тәрбиені отбасынан бастау керек. Анасы – қызына, әкесі – ұлына жақсы мен жаманның не екенін түсіндіріп, адамгершілік қасиеттерін бойларына сіңіре білгені жөн. Өскелең ұрпаққа жақсы тәрбие бере алғанда ғана біз осындай оқыс оқиғаның алдын аламыз.

Алма МАНАПОВА: Меніңше, қыздарға қандай жағдай жасасаң да олар бәрібір дегенін істемей тынбайды. Көбісі ауылдан келген қыздар ойнап жүріп, от басып алады да үй ішіне айтуға қорқады немесе айналасындағы адамдардан ұялады. Осыдан келіп, мұндай жағдайға душар болады. Нәрестелерді қоқыс жәшігіне тастап қор қылғанша, олардың өмірін сақтап қалатын жылы ұялардың болғаны дұрыс. Өз анасына керек болмаған сол сәби ертеңгі күні бір баланың үніне зар болып отырған басқа бір отбасының қуанышына айналып, бақытты болар, бәлкім. Сәбилерге арналған жәшік орнатудың ешқандай әбестігін көріп тұрған жоқпын.

Түйін:

Кезінде осындай бэби-бокстарға қатысты БҰҰ-ның Бала құқығы жөніндегі комитеті өз наразылықтарын білдіргені бар. Олардың пікірінше, арнайы жәшіктерге балалар жасырын түрде тасталатындықтан, сәбидің аты-жөні, ата-анасы белгісіз болып қалады. Ал бала есейе келе, өзінің ата-анасын білуге құқы бар. Осы тұрғыдан келгенде, жәшіктерді орнату – баланың құқығын шектеу деген сөз. Бірақ мұның бәрі сәби өлімінің жанында түк емес. Безбүйрек анасына керек болмай, көрінген жерде көздері жәудіреген нәрестелердің дені сау, аман болғаны бәрінен қымбат. Жәшікті орнатсақ та, орнатпасақ та, көкек аналар азаймайды. Бізге керегі – сәбилердің саулығы. Сондықтан мәселенің қай жағын да таразыға тарта келе, қоғам бір шешімге келгені дұрыс.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Бөлісу:

Пікір жазу


*