Жоғарғы сот қаулыларын жаңартты

1369
0
Бөлісу:

Конституция мен өзге де заңдардың өзгеруіне орай Жоғарғы сот өзінің бірқатар нормативтік қаулыларына түзетулер енгізді. Осы орайда кеше Жоғарғы сот төрағасы Қ.Мәми Жоғарғы сот органының кезекті жалпы отырысын өткізді.
Жиынды ашқан Қайрат Мәми республика судьяларының VII съезінде Мемлекет басшысы жүктеген құқықтық айқындылық деңгейін арттыру, тұрақты әрі болжамды сот практикасын қалыптастыру жөніндегі міндеттерін іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Осыдан кейін ол «Соттардың атқарушылық іс жүргізу жөніндегі заңнамасының кейбір нормаларын қолдануы туралы» нормативтік қаулының жобасын талқылауға ұсынды. Қ.Мәми азаматтық, әкімшілік немесе қылмыстық істі логикалық тұрғыдан аяқтауға алып келетіндіктен, сот актісін орындаудың маңызды екендігін атап өтті. «Орындалған сот шешімі ғана сотқа жүгінген тұлғалардың бұзылған құқықтарын қорғауды қамтамасыз ете алады», – деді ол.
Жоғарғы соттың судьясы Маргарита Одинцованың айтуынша, нормативтік қаулы соттылықты анықтауға, борышкердің мүлкін бағалауға, сауданы жүргізуге, бюджетке өсімақыны өндіруге, сондай-ақ жеке сот орындаушыларының жұмысына ақы төлеуге байланысты мәселелерді түсіндіреді.
Жоғарғы сот судьясы Нұрия Сисенова Жоғарғы соттың кейбір нормативтік қаулыларына «азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша», ал Жоғарғы соттың судьясы Ерден Әріпов «қылмыстық және қылмыстық процестік заңнама бойынша» өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жобаларды таныстырды.
Жалпы, отырысқа қатысушылар ұсынылған нормативтік қаулылардың жобаларын талқылай келе, оларға бірқатар ұсыныстары мен ескертпелерін енгізді. Олар талқылау қорытындысы бойынша редакциялық өңдеуден кейін жалпы отырыс тарапынан түпкілікті бекітілетін болады.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*