ӘСКЕР БОЛУ – ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ БОРЫШЫ

11441
7
Бөлісу:

Таяу күндері жасы 18-ге толған, жауынгер болуға денсаулығы жарамды жігіттерді мерзімдік әскери қызметке шақыра бастайды. Отан алдындағы борышын өтеуге баратын болашақ жауынгерлерді әскери комиссариаттар салтанатпен шығарып салады. 
Өткен аптада Мемлекет басшысы, Бас қолбасшы «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қыз­меттегі әскери қызметшілерді запасқа шы­ғару және Қазақстан Республи­ка­сының азаматтарын 2017 жылдың наурыз – мау­сымында және қыркүйек – жел­тоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» № 449 Жарлыққа қол қойды. Осы Жарлыққа сәйкес әскерге шақыруды кейін­ге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ. Енді 18 жастан 27 жасқа дейін­гі ер азаматтар 2017 жылдың наурыз – мау­сымында және қыркүйек – желтоқса­нын­да Қазақстан Республи­касының Қа­рулы Күштеріне, Қазақстан Республикасы­ның Ішкі істер министр­лігіне, Қазақстан Республикасының Ұлт­тық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қыз­метіне мерзімді әс­кери қызметке шақырылатын болады.
Биылғы көктемде мерзімді әскери қызметке 1990-1999 жылы туған азаматтар әскер қатарына шақырылады. Қазақстан Қарулы Күштеріне әскери қызметке шақырылуға жататын барлық азамат шақыру қағазында көрсетілген құжат­тармен жергілікті әскери басқару органдарына барады. 2017 жылдың көк­темгі мерзімді әскери қызметке кейінге шақырылуға немесе шақырылудан бо­сатылуға құқығы жоқ азаматтар, 18 бен 27 жас аралығындағы жастар, сондай-ақ оқу орындарынан шығарылған, жасы 27-ге толмаған және шақыру бойынша әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткер­меген азаматтар жауынгер қатарына ша­қырылуға жатады.
– Алматы қаласынан көктемгі мер­зімді әскери қызметке 1000 мыңға жуық сарбаз әскерге аттанады. Сарбаздар ай­мақ­тық бөлік бойынша Алматы қала­сынан тыс­қары жерлерде солтүстік, батыс, шығыс өңірлерінде әскери қыз­метін өткереді. Олар Қарулы Күштерінің қатарына, ҚР Мемлекеттік Күзет қыз­метіне, ҚР Ішкі істер министрлігінің ұлттық Ұлан және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне жібе­рі­леді. Әскерге шақыру­шыларға қойылатын талаптардың бірі – жоғары және арнайы орта білім. Мәселен, Мемлекеттік күзет қызметіне бойы 180 сантиметр және одан жоғары азаматтар алынады, әскери бо­рыш­ты өтеп болғаннан кейін сол жерде ке­лісімшарт бойынша әрі қарай әскери қызмет атқара алады. Әскерге шақыры­лушылардың денсаулық жай-күйі жыл­дан-жылға жақсарып келеді. Салауат­ты өмір салтын ұстанатын жастардың кө­бейіп келе жатыр, – дейді Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, полковник Фархад Құрманғажинов.
Қарулы Күштер қатарына әскерге шақырылушылар заңға сәйкес, міндетті түрде медициналық куәландырудан өтеді. Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша Әскери-дәрігерлік комиссия әрбір болашақ сарбаз жөнінде шешім шығарады. Дәрігер мамандар мынадай белгілер бойынша азаматтардың жарам­дылық санаттары туралы қорытындыны шығарады:
«А» – әскери қызметке жарамды;
«Б» – кішігірім шектеулермен әскери қызметке жарамды;
«В» – әскери қызметке шектеулі жа­рамды;
«Г» – әскери қызметке уақытша жа­рам­сыз;
«Д» – бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыз, соғыс уақытында шектеулі жарамды;
«Е» – әскери есептен басқа әскери қыз­метке жарамды емес. (27 жастан асқандар).
Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша әскерге шақырылушыларға қатысты мынадай шешімдердің бірін қа­был­данады:
1) әскери қызметке шақырылуға жа­тады;
2) әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру.
Жасы 18 бен 27 аралығындағы жігіттерді мерзімдік әскери қызметке ша­қыру тек отбасы жағдайларына байла­ныс­ты, жоға­ры оқу орындарында білім алуды жалғастыру және денсаулық жағдайы бойынша кейінге қалдырылуы мүмкін.

Сонымен қатар басқа да себептер бойынша соның ішінде отбасы жағдай­лары бойынша – басқа адамның көмегiне мұқтаж немесе толық мем­лекеттiк қамсыздандыруға алынбаған отбасы мүшелерiн күтумен айналысатын, сондай-ақ жақын туыстары немесе басқа да адамдар болмаған кезде отбасы мүшелерін асырауға мiндетті азаматтарға жеңілдіктер беріледі. Ондай азаматтарға әскерге шақыруды уақытша кейінге қалдыру ұсынылады.
Алматы қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің басшысы, майор Кристина Новикованың айтуынша, басқа адамның көмегiне, күтіміне мұқтаж отбасы мүшелерi: әкесi, анасы, әйелi болса, сондай-ақ әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған жағдайда, зейнеткер жасына толған немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын атасы мен әжесi, егер олар оның асырауында болса; ата-анасы болмаған жағдайда, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын немесе он сегіз жасқа толмаған аға-інілерi, апа-сіңлілері әскерге ша­қырылушыдан басқа бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын немесе он сегiз жасқа толмаған бiр және одан да көп балалары бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) тәрбиелеп отырған анасы (әкесi); өзінің асырауында жасы бойынша еңбекке қабiлетсiз немесе І немесе ІІ топтағы мүгедектер болып табылатын 1 және одан да көп жалғызiлiктi туыстары (әкесi, анасы, аға-інілерi, апа-қарындастары) бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) асырап отырған анасы (әкесi); І немесе ІІ топтағы мүгедек болып табылатын, екіншiсiн өзi асырайтын және әскерге шақырылушыдан басқа 18 жасқа дейінгі бiр және одан да көп бала тәрбиелеп отырған ата-анасының бiрi; өзiнiң асырауында анасыз тәрбиелеп отырған баласы (балалары); 1 және одан да артық балалары бар некеде тұратын азаматтарға әскерге шақыру кезінде жағдайына қарап, жеңілдік жасалады.
Екінші мәселе, білім беру орын­дарында оқып жатқан кезде әскерге шақыру мерзімін кейінге қалдыру – білім беру орындарында жалпы орта білім алатын азаматтарға; тиiстi білім беру орындарында күндiзгі оқу нысаны бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім беру орындарында білім алып жүрген азаматтарға нақты қай жерде оқитынын растайтын құжаттарды ұсынған кезде; жоғары оқу орнынан кейiнгі кәсiби білім алып жүрген азаматтарға; білімін жалғастыру себебі бойынша кейінге қалдырылған азаматтар, білім алу кезінде әскерге шақыру кейінге қалдырылады.
Енді әскери-дәрігерлік комиссияның ұсынысымен кейбір азаматтардың ден­саулық жағдайы бойынша шақыру мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін, ондай жағдайда шақыру комиссиясының шешімімен 1 жылға дейінгі мерзімге әс­кер қатарына шақыру кейінге қал­дырылады.
Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдырудың тағы да басқа бірқатар себептері бар. Мысалы білiм беру орындарының орта білім алғаннан кейінгі немесе жоғары педагогтік білiмi бар және ауылдық жерлерде орналасқан білім ошақтарында мамандығы бойынша жұмыс iстейтiн оқытушыларға, меди­циналық арнайы бiлiмi бар, мамандығы бойынша ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс iстейтiн дәрiгерлерге, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергiлiктi мәслихаттардың депутат­та­рына, алдын ала тергеу процестері немесе қылмыстық істер қозғалған адамдарға, тиісті білімі бар кеме экипаждарының мүшелеріне әскерге шақыру мерзімі кейінге қалдырылуы мүмкін. Бұл жағ­дайда әскерге шақыру мерзімін кейінге қалдыру жұмыстың барлық кезеңіне беріледі, ал қылмыстық іс жағдайында – сот шешімі бойынша тергеу аяқталғанға дейін ұзартылады.
Фархад Құрманғажиновтың айтуын­ша, мерзімдік әскери қызметке биылғы жылы көктемгі шақырылым бойынша Қарулы Күштер қатарына – 400-ден астам, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне – 250-ден астам, Мемлекеттік Күзет қызметіне – 25 адам, Ішкі істер министрлігінің ұлттық Ұланына – 300-ге жуық азамат қызмет етуге барады. Кез келген азамат кез келген уақытта Отан қорғауға қабілетті өз елінің патриоты болуы тиіс. Сондықтан Отан алдындағы борышты өтеу әр азамат өз парызым деп түсінгені жөн.

 

Қайыржан ТӨРЕЖАН

 

Бөлісу:

7 пікір жазылған

  1. ҚР азаматы 2 Сәуір, 2017 at 20:55 Жауап

    Қазіргі таңда Қазақ Армиясы күшті болу үшін Қазақстандықтардың күш салу керек. Армия – азаматты шыңдайды. Айбынды әскеріміз мықты болсын!

  2. Шалқар 26 Қазан, 2017 at 15:23 Жауап

    Сәлеметсіздерме мен әскерге 1 айға барып келгім келеді және отан алдындағы борышымды өтегім келеді өйткені маған тез арада әскери билет қажет жасым 26 да онсыз жұмысқа қабылдамай жатыр денсаулығым бар бойым бар және ата-анамның қамқорлығынсыз калғам өзім тыл жетім өскенмін және көмектесулеріңізді сұраймын!

  3. Дуйсенкул 24 Мамыр, 2018 at 21:24 Жауап

    Балаларымыз əскерден неге өліп келіп жатыр?? Жауап беретін адам барма осыған?

  4. Дуйсенкул 24 Мамыр, 2018 at 21:29 Жауап

    Əскерде тəртіпті қашан орнатады. Балаларымыз дың өлмей тірі келетініне кім кепілдік береді. Кімге барып сұраймыз мұны. Жауап беріңдерші.

  5. Аманат 11 Қараша, 2018 at 20:13 Жауап

    Мен Абилов Аманат жасым 18жастамын неге армияга шакырмай жытыр соны билиндеп едим

Пікір жазу


*