127 мың гектар Суармалы жер айналымнан неге шықты?

1816
0
Бөлісу:

Алматы облысы  жер мен судан кенде емес. Тиімді  пайдаланса, егістік пен жайылымға қолайлы  жер де, ылғалдан тарықтырмайтын арналы сулар да жетерлік. Өкінішке қарай, кезінде ерекшеліктері ескерілместен қылдай бөлініп, таратылып кеткен астықты  алқаптың көбі қараусыздықтан құнарын жоғалтып, арамшөп басып, кәдеге аспай қалды. Соңғы жылдары Елбасының нақты тапсырмасымен ауыл шаруашылығына арналған жерлерге түгендеу жүргізіліп, елді айтпағанда, иесінің өзіне пайда әкелмей тусырап жатқан жер телімдері мемлекетке қайтарылып, игеріле бастады. Соған қарамастан, өңірлерде мыңдаған гектар алқап бос жатқаны да рас. Бір ғана Алматы облысының өзінде егістіктерді айтпағанда, айналымнан шығып қалған 127 мың гектар суармалы  жер бар екен. Бұл жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сексенбай Бекішов мырза баяндады.

Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арнаған биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында алдағы кезде аграрлық сектор ел экономи­касының жаңа әрі қуатты көшбасшысына айналуы керектігін айрықша атап көр­сетіп, соған сай атқарылуға тиісті мін­деттерді айшық­тап өткен еді. Маңызды мақсатқа қол жет­кізу үшін 6 кешенді стратегиялық міндет айқындалып, олар­ды жүзеге асыруға жол нұсқайтын агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы өмірге жолдама алды. Субсидиялау қайта қарастырылып, демеуқаржыны бұған дейінгідей бастапқы жоспар мен жұмысқа емес, ақтық нәти­жеге ғана төлеу жолға қойылды. Өз кезегінде ауыл шаруашылығын қолдауға бағытта­латын мемлекеттің миллардтаған қаражаты мақсатты әрі тиімді жұм­салуын қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, өсімдік шаруашы­лығын және осы сала­дағы өнімді қайта өңдеуді субсидиялау тү­сім мен сапаны арттыруға, яғни жаңа технологиялар ен­гізуге, егіс кезінде жоғары сапалы тұқым мате­риалын пай­далануға, минералды тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын кеңінен қолдануға, озық ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығын сатып алуға, өнімді тұрақты өткізуге ынта­ландырады.
– Мәселен, күріш және азықтық да­қылдар шығыны гектарлық субсидиямен өтелінсе, майлы дақыл, қант қызылшасы бойынша қайта өңдеу орнына өткізілген нақты өнім субсидияланады. Жылыжай іске қосылған бастапқы 2 жылда кеткен шығын толығымен өтеледі де, одан кейін­гі жылдары жыл сайын демеуқаржы 20 пайызға кеміп отырады. Көктемгі дала жұмыстары «Аграрлық несие корпора­циясы» АҚ арқылы несиелендіріледі. Күзде жиналған өнімді «Азық түлік келі­сімшарт корпорациясы» АҚ арқылы ке­пілді форвардтық сатып алу жүргізіледі. Тауар өндірушілерге су жеткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтер құнын субси­дия­лау қалыптасқан тетікпен жалғасты­рылады.
Минералды тыңайтқышты субси­дия­лауда – «отандық және шетелдік» жік­теулері алынып, сатып алынған хими­кат­тың ең төменгі құнының 50 пайызы өте­леді. Гербицид, биоагент және биопре­паратты субсидиялау нормативі өткен жылғыдан 10 пайызға төмендетілді (2016 жыл – 50%, 2017 жыл – 40%).
Мал шаруашылығын субсидиялауда асылтұқымдық және селекциялық жұмыс жүргізуге, кооперативтер желісін дамытуға, бордақылау және тауарлы-сүт фермала­рының әлеуетін көтеруге басымдық бе­ріледі.
Қой шаруашылығында селекциялық асылдандыруды субсидиялау әртарап­тандырылған, яғни тауарлы аналық басқа – 1500, ал асылтұқымды аналық басқа – 2500 теңгеден өтеледі (бұрын тек 1500 теңге болған). Сексенбай Төлеубайұлы Жолдау­дағы тағы бір маңызды міндет – жеке үй шаруашылықтары мен шағын қожалық­тарды біріктіріп, кооператив же­лісін да­мытуға қатысты атқарылып жатқан жұ­мыс­тарға да тоқталды.
Бағыттағы инвестициялық шығынды субсидиялауда сүт қабылдау, мал сою, құс шаруашылығы пунктін ашу және жеміс-көкөніс, картопты қабылдау, сақтау, ша­ғын құрама жем зауыты, сервистік-даярлау орталығын құру, техника сатып алу, тағы да басқа жобаларды іске асырушы ауыл шаруа­шылығы кооперативтеріне басым­дық берілген. Алматы облысында осы орай­да мақсатты жұмыс жүргізіліп, бар­лығы 450 құрылтайшының бірігуімен 69 ауыл­ шаруашылығы кооперативі құрылып, жеке ауыл шаруашылықтарының қаты­суы­мен 6 сүт және 4 көкөніс қабылдау пункті ұйым­дастырылып, отбасылық 429 борда­қы­лау алаңы мен 6 жылыжай ашылыпты. Егер жұмыстар осылай жалғаса беретін болса, мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылға дейін 60 мың агросубъектінің бірігуімен 600-ден астам ауыл шаруа­шылығы кооперативін құру жоспарланған.
Жалпы, биылға жаңа бағдарлама ар­қылы жүргізілетін мемлекеттік қаржылық қолдау шараларын тиімді пайдалануға, инвестициялар тартуға және ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілерін барынша кең қамтуды ұлғайтуға 24,4 млрд теңге қаражат бөлінсе, оның ішіндегі субсидия көлемі 19,2 млрд теңгені құрайды немесе 79 пайызы – демеуқаржы.
Суармалы егіс көлемін айналымға ен­гізудің маңызы да алға жылжыған жыл­дармен бірге артып келеді. Алматы облысында айналымнан шығып қалған 127 мың гектар суармалы жер бар. Осынау аса өзекті проблеманы шешу үшін «Ислам даму банкі» есебінен облыстағы 16 аудан­ның суландыру жүйелеріне екі кезеңмен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масының басшысы журналистер тара­пынан қойылған сауалдарға жауап беру барысында өткен жылы жүгері мен қант қызылшасынан жоғары өнім алынғанын, тәтті түбір өткізушілермен зауыт арасын­дағы түсінбестіктің түйіні тарқатылғанын жеткізді. Сонымен қатар биыл қант қызыл­шасының гек­тары 9 мыңға жететінін, күзде «Ақсу» қант зауытының іске қосылатынын мәлім етті. Сонымен бірге, облыс шаруа­ларының майлы дақылдарға, оның ішінде майбұр­шаққа ден қоя бастағанын, соған сай өңірде майбұршақ өңдейтін кәсіпорын­дар қатары көбейіп отырғанын да айтты.

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*