Шетелде қазақстандықтар құқығы тиімді қорғалады

1493
0
Бөлісу:

Ел Парламентіне конституциялық реформаға қатысты заң жобалары келіп түсті. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыстарында Мәжіліс депутаттары ол құжаттарды жұмысқа қабылдады. Палата сондай-ақ өткен жылы Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысында түзілген жер қатынастарына қатысты заң жобасын да қарауға алды. 
«Кейбір конституциялық заңдарға мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конс­титуциялық заңның жобасы мен «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілет­тіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Елбасының 2017 жылғы 25 қаңтардағы арнайы Үндеуінде жариялаған тапсырмасын орындау мақ­сатында әзірленген. Олар саяси жүйені демократияландыру, атқарушы билік ор­гандарының жауапкершілігі мен тиім­ділігін арттыру мақсаттарын көздейді. Мә­жіліс бұл жобалар бойынша қоры­тын­ды әзірлеуді палатаның заңнама және сот-құқық­тық реформа комитетіне тапсырды.
Бірінші заң жобасы Президенттің бірқатар басқарушылық өкілеттіктерін қайта бөлуді көздейді. Олар төменгі басқару деңгейлеріне – Үкіметке және өзге де уәкілетті меморгандарға берілуі мүмкін. Тиісті өзгерістер «ҚР Президенті туралы», «ҚР Үкіметі туралы», «ҚР сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі ту­ралы» конституциялық заңдарға ен­гізіледі. Екінші заң жобасы Президенттің эко­номика, бюджеттік жоспарлау және кәсіпкерлік қызмет салаларындағы ұйым­дастырушылық-құқықтық өкілеттіктерін қайта бөлуді көздейді. Тиісті өзгерістер мен толықтырулар 4 кодекске және 22 заңға енгізіліп отыр, – деді аталған ко­митет төрағасы Н.Әбдіров.
Ал «Кейбір заңнамалық актілерге жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Мәжілістің аграрлық мәселелер комитеті қорытынды әзірлеп, палатаның қарауына шығарады.
Комитет төрағасы С.Омаровтың ай­туынша, бұл жоба былтыр Елбасы тапсырмасымен құрылған және төрт ай бойы жұмыс жасаған Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының қоры­тындысы бойынша әзірленіпті. Ол «жер пайдалану құқығын беру бойынша конкурстық комиссияның қызметін егжей-тегжейлі реттеу арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді берудің айқын тетіктерін белгілеуді», сондай-ақ «осы жерлердің тиімді пайдаланылуына тұрақты мониторинг жүргізу арқылы жер пай­даланушылардың өз міндеттемелерін орындауын бақылауды күшейтуді» қарастырады.
Бұған қоса, заң жобасымен мемор­ган­дарға «қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатын­дағы жер учаскелерінің шекті, ең жоғарғы көлемін анықтау» бойынша құзырет беріледі. Шекара маңындағы аумақтарда жерлерді ауыл шаруашылығына беру талаптары анықталады. Заң жобасы Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелері талап еткендей, жергілікті атқарушы органдар қызметінің және ауыл шаруа­шылығы жерлерін берудің ашықтығын арттырады.
Осы күні қалаулылар «Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага кон­ферен­циясының жарғысын ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады. Әділет министрі Марат Бе­ке­таев­­тың түсіндіруінше, осы халық­аралық құжатты ратификациялау әлемдегі 81 ел және Еуропалық одақ мүше Гаага кон­ференциясына Қазақстанның қатысуына жол ашады.
– Гаага конференциясы аясында 39 конвенция жасалған. Олар азаматтық іс жүргізу шеңберінде құқықтық көмек көрсетуге бағытталған. Қазақстанның оған қатысуы біздің азаматтар құқық­тарының шетелде неғұрлым тиімді қорғалуын қамтамасыз етеді. Бұл біздің мем­лекет үшін жаңа халықаралық шарт­тарды жасасуға, ұйымның басқа мү­шелерімен жеке аза­маттық құқық саласында ынтымақтастықты дамытуға, халықаралық деңгейде өз мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді. Гаага кон­ференциясының жарғысында Қазақстан Конституциясына қайшы келетін нормалар жоқ. Ұйымға қосылу жыл сайынғы мүшелік жарнаны – 6850 евро төлеуді көздейді, – деді министр.
Депутат Павел Казанцев одан: «Азаматтарымыз өз мүдделері мен құ­қықтарының шетелде қорғалатыны туралы ақпараттандырыла ма?» деп сұрады. «Бұрындары ақпараттандыру үшін әуежайларда жадынама таратылатын. Қазір бұл тәжірибеден кеттік. «Элек­тронды Үкімет» порталында шетелге шығатын барлық азаматтары­мызға ар­налған жадынама бар. Біз сон­дай-ақ виза алу кезінде құлақтандыруға ты­рысамыз, тиісті ақпарат ілініп тұрады. Жадынамада шетелде өзін-өзі қалай ұстау керектігі, егер қиын жағдайға тап болса, қандай мүмкіндіктері барлығы жазылған. Мұның сыртында ұялы операторлар аза­матымыз шетелге келгенде смс-хабар жі­береді, оны көбіміз ендігі алған шығар­мыз, онда сол елдегі консулдық бөлім­де­ріміздің нөмірі мен мекенжайлары көр­сетіледі» деген М.Бекетаев қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға көмектесу үшін Әділет министрлігінің арнайы бюд­жеттік бағдарламасы барлығын қосты.
– Гаага конференциясының жар­ғысына сәйкес, мүшелік «құқықтық актілерді әзірлеуге қатысуға, сондай-ақ осындай жобаларға бастамашылық жасауға» мүмкіндік береді. Қазақстан қандай нормативтік құжаттарды кон­ференция бекітуіне ұсына алады? Оның күн тәртібіне еліміз қандай мәселені шығара алады? – деп сұрастырды депутат Бақытбек Смағұл.
– Ұйым жұмысы барысында әр мем­лекет өзі маңызды деп санайтын мәсе­лелерді көтереді. Біз бұл ұйым аясында қан­дай мәселелерді көтеру маңызды болатынын қазір сараптап жатырмыз. Мысалы, ұсыныстардың бірі ретінде алимент өндіріп алу бойынша ынты­мақтастықты дамытуды қарас­тырудамыз, – деген министр М.Бекетаев Қазақстан­нан Германияға алимент өндіру бойынша Алматы қаласы және Ақмола облысы соттарының екі үкімі бағытталғанын, ал шетелден Қазақстанға 66 атқару өндірісі түскенін хабарлады. Атап айтқанда, Ресейден – 48, Өзбекстаннан – 7, Беларусьтан – 5, Әзірбайжаннан – 2, Украина, Қырғызстан, Польшадан – бір-бірден құжат келген. «Гаага кон­вен­цияларын ратификациялау алимент алушылар құқығын қорғауға жәрдем­деседі» деді Әділет министрі.
Жалпы отырыста дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша тү­зетулерге арналған заң жобасы да екінші оқылымда қолдау тапты.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*