Сан алуан мәселелер сараланды

1385
0
Бөлісу:

Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында парламентарийлер бірқатар депутаттық сауал жолдады. 

«Нұр Отан» фракциясының мүшесі К.Мұсырман Премьер-министр Б.Са­ғынтаевқа жүгініп, жауапты ми­нистрліктерге, өңір әкімдіктеріне бірқатар қоғамдық-саяси шараларды өткізу туралы тапсырма беруді ұсынды. Оның ішінде биыл ХХ ғасырдың
30-40 жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргіннің басталғанына 80 жыл толуына арналған ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыру, білім беру мекемелерінде ашаршылық және жаппай саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдармен кездесулер және ашық сабақтар өткізу, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін мәңгі есте қалдыруға байланысты ономас­тикалық жұмысты жандандыру және оларға арналған мемориалдар мен ескерт­кіштер орнату жұмыстарын жалғастыру және басқа ұсыныстар бар.
«Нұротандық» депутат А.Смағұлов та Үкімет жетекшісіне қайырылып, Сарыағаш, Абай, Қызыләскер елді­мекендерінің маңында жол қатынасын реттеу мәселесін көтерді. «Қазіргі таңда Мақтаарал, Сарыағаш және Шардара аудандарының 700 мыңнан астам 12 елдімекен тұрғындары «Жызақ – Жетісай – Сарыағаш – Жібек жолы» автожолы арқылы қатынайды» деген депутат осыған байланысты «ұзындығы 56 шақырым болатын айналма жол салу және күніне 120 жүк көлігі өтетін Қонысбаев кедендік бекетіне дейінгі 68 км жолды жаңарту қажеттігі туындағанын» айтады. Айналма жолдың техникалық-экономикалық негіздемесін облыстық бюджет есебінен дайындауға әзір екендігі туралы ОҚО әкімдігі Үкімет басшысына 2017 жылғы 2 ақпанда хат жолдапты. Алайда «мәселе әлі шешілмей отыр».
«Нұр Отан» фракциясының депутаты Г.Щегельский Ақпарат және ком­муникациялар министрі Д.Абаевқа депутаттық сауал жолдап, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы бойын интернет пен ұялы байланыспен қамтуды ұсынды. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы «Нұр Отан» фракциясы комиссиясы мүше­леріне ұсынған ақпаратқа сәйкес, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің 390 шақырымы, атап айтқанда, Алматы облысында Шелектен Көкталға дейін – 160 шақырым, Жамбыл облысында Қордай тау асуында – 70 шақырым және Ақтөбе мен Қызылорда облыстары арасында Ырғыз-Сексеуіл телімі аралығында 160 шақырым интернетпен және ұялы байланыспен қамтылмаған. Бұл жолдағы қандай да бір байланыстың болмауы, әсіресе, қыста қолайсыз салдарларға соқтыруы мүмкін» деді депутат.
«Нұр Отан» фракциясының өкілі, депутат Б.Мамраев фармацевтикалық сала мәселелеріне Премьер Б.Сағын­таевтың назарын аударды. «Мамандардың бағалауынша, республикамызда фар­м­өндіріске 50-ден астам жаңа препаратты ендірудің ғылыми әлеуеті бар. Ірі фармком­панияларға жаңа отандық дәрілерді өндіру технологияларын ендіру жаңа технологияны бейімдеу, өндірістік режимдерді оңтайландыру, валидациялық және біліктілік шаралары бойынша елеулі қаржылық шығындар кесірінен бөгеледі» деді ол.
Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*