Қоңыр қажының күнделігі

1559
0
Бөлісу:

Белгілі журналист Ермахан Шайхыұлының «Қоңыр қажының күнделігі»  кітабы қасиетті Мекке және Мәдина сапары туралы жолжазбадан тұрады. Бұл туындыда кіші және үлкен қажылық туралы, сондай-ақ сол кезде орындалатын барлық амалдар мен  айтылатын дұға-тілектер жайлы егжей-тегжейлі жазылған. Бір сөзбен айтқанда, қажылыққа баруға дайындалып жүрген адамға таптырмайтын көмекші құрал деуге болады. 

Әріптестеріміз Ермахан мен Есей былтыр күзде Жаратушының жарылқауына ие болып, қажылық ұлы парызын өтеп қайтқан-ды. Туған інісі Расулхан Шайхыұлы өзінен бұрын үш рет қажылық парызын өтеп келгендіктен, Ермахан бұл сапарға дайындықсыз емес еді. Расулхан ылғи да ағасына қажылық парыздардың қалай жасалатынын, олардың парыз болу себептерін айтып отыратын. Ағасы ұлы сапарға шығар алдында да інісі арнайы Алматыға келіп, тағы да ақыл-кеңестерін айтып, қажетті құрал-жабдықтарды алғызып, әуежайға дейін шығарып салған-ды. Дегенмен сол жолы Ермахан қажылық кезінде жиі қолданылатын арабша сөздерді жаттап алудың оңай еместігін, ол үшін бірер жыл бұрын жан-жақты ізденген абзал екендігін жан-тәнімен ұғынды. Қажылықтан аман-есен келген соң, жоғарыдағы олқы­лықтың орнын толтыру үшін өзі көрген, сезген, білген нәрселерін қағазға түсіріп, сондай-ақ қажыларға қажетті ақыл-кеңестерді жинақтап, жеке кітапша етіп шығарды. Ол «Қоңыр қажының күнделігі» деп аталады. Қоңыр қажы –Ермаханның өзі. Түркістанның қоңыр өңді баласы. Жарасып тұр. Сапалы қағазға басылып, түрлі түсті сурет­термен көмкерілген мазмұнды кітапшаның таралымы үш мың дана. Күләйша Ұзақбайқызы басқаратын «Аннұр Сапа» баспасынан шыққан.
Қажылық – Жаратқан иенің сүйікті құлдарына деген сыйы. Сондықтан да қажылар Алла Та­ғаланың қонағы болып есептеледі. Олардың арасында әріптестеріміз де бар. Осы орайда жыл сайын ұлы сапарды ұйымдастыратын «Асыл арна» телеарнасының бас директоры Мұхамеджан Тазабек пен «Кәусар-саяхат» туристік компаниясының арқасында парыздарын алаңсыз өтеп қайтатын журналистер қауымы дән риза. Мәселен, былтыр Ермахан мен Есеймен бірге «Ақиқат» жур­налының бас редакторы Аманхан Әлім, белгілі журналистер Сәкен Сыбанбай мен ғалым Айгүл Ісімақова секілді біраз белгілі азаматтар қажылық парыздарын өтеп қайтқан. Бұлардың барлығын аса жауапты да маңызды сапарда бірге болған соң «ақыреттік достар» деп айтуға болады.
«Мекке – мінәжат мекені», «Алланың алғашқы үйі», «Әрбір намаз жүз мыңға саналады», «Қажылық – Арафат», «Мұздалифаға түнеу – сүннет», «Үлкен қажы­лықтың сыйы – Жәннат», «Қажылық қалыс болсын!», «Ниет қалыс екен», «Мәдина – өмір сүру қаласы», «Мә­динадағы зиярат ететін орындар» атты бөлімдерге бөлініп, қасиетті Құран Кәрім түскен өңір мен асыл дініміз өркендеген айтулы аймақты барынша танытуға арналған «Қоңыр қажының күн­делігі» жоғарыдағы ұлы сапардан туындаған.
Қажылық – жай барып, қы­зықтап келетін саяхат емес. Мекке – Мәдина жерінде адамның көп­тігіне байланысты кейбір келеңсіз­діктер тууы мүмкін. Онсыз бол­майды, әрине. Бірақ сондай сәтте сабырлық сақтап, уақытша болатын кедергілерге төзімділік таныту керек. Сондықтан онда барған адам иманын оятып, құлшылыққа жүрегін ашуы тиіс. Ермаханның осы кітапшасы әрбір құлшылықтың ықыласпен атқарылуына септігін тигізеді. Сол үшін керек кітап. Кітапшаның соңғы бөлімі «Қажылардың қаперіне саламыз» деп аталады. Бұл бөлімде қажылықтың жөн-жоралғысы түсіндіріліп, қажыларға қажетті сөздік, қажылыққа аттанар кісіге 15 кеңес, қажылыққа үміткерлер өткізуі тиіс құжаттар мен оларға қойылатын талаптар, қажетті заттар мен маңызды істердің тізімі берілген. Қажылық сапары жөнінде кеңірек ақпарат, мәлімет берілгендіктен, оқыған жанның асыл дінге деген ықыласы оянып, иман­дылыққа келері сөзсіз. Қорыта айтқанда, «Қоңыр қажының күнделігі» болашақта қажылыққа ниет еткен отандастарымыздың сұранысын қанағаттандырып, олардың ұлы парыздарын өтеуге міндетті түрде оң ықпал-әсерін тигізеді деген ойдамыз.

Төре ҒАЛИ

Бөлісу:

Пікір жазу


*