Даңқың артсын, дара Димаш!

1876
0
Бөлісу:

Күні кеше отандасымыз Димаш Құдайбергенов «Азияның ең танымал әншісі» атағын жеңіп алды. Қытайда дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген Top Chinese Music Awards – әншінің халықаралық аренада иеленген алғашқы музыкалық жүлдесі. Осыған дейін ән байқауларында көзге түсіп жүрген кең дауысты қазақ баласының музыкалық жүлде жарысына қатысу туралы ұсынысты Dragon TV арнасы тастаған.

Аталған музыка жүлдесі осы­мен 24-рет өтіп жатыр. Бұл бә­секеде топ жарып, лауреат атану – үлкен мәртебе. Димаш Құ­­дай­бер­геновтің Қытайда танымал болуына Im a Singer – 2017 байқауының әсері бар. Өйткені тек қазақ жұрты ғана емес, әншінің әндерін сүйіп тыңдайтын мың­даған тыңдарман ән жарысының әр бөлі­мін асыға күтеді. Осыған дейін 10 тур артта қалды. Жалпы саны 14 кезеңнен тұрады. Оныншы турда О.Бай­сеңгірдің сөзіне жазылған өз әні «Ұмытылмас күнді» орын­дады. Кезең нәтижесінде – Димаш фи­налда. Сонымен, барлық іріктеу кезеңі артта қалып, енді тек ақтық сын қалды.
Әнші келесі 11-кезеңге қатыс­пайды. Себебі, бұл турда жарыс жолынан шығып қалған әншілер арасында жұбаныш бәсекесі болады. Үздік шығуды мақсат етіп, финалға жеткендердің ішінде қы­тайлық әнші Лин Илиан және «Арыстан» тобы бар. Ақтық сын екіге бөлініп, соңғы кезеңі тікелей эфирде көрсетілмек. Финалдың алғашқы бөлімінде Димаш жеке ән айтатын болса, екіншісінде дуэт­пен орындайды. Әзірге қазақ әншісінің кіммен қосылып ән шырқайтыны бей­мәлім. Өйткені жоба басталмас бұрын екі арада келісім жасалады. Соған сәйкес қа­тысушылар байқау кезеңдерінің нәти­жесін құпия ұстауға және БАҚ өкілдеріне жа­рияламауға шарт жасасқан. Димаш Қы­тайдың Бейжің қаласындағы BGTalent продюсерлік орталығымен бірге жұмыс жасап жатыр. Продюсерлік орталық әнші­нің стилі және жо­бада сәтті өнер көрсетуіне көмек­теседі. Байқаудағы жеке продюсері – Қытайдағы үлкен ән байқау­ла­рының қатысушысы, қандасымыз Арай Айдархан.
Димаштың лауреат атанғанын естіген бойда әншінің PR-дирек­торы Алпамыс Шаримовқа хабар­ластық. Әншінің қазіргі көңіл-күйі, байқауға дайындығы жөнінде әңгімелесіп қана қоймай, бірқатар жа­ғым­ды жаңалықтарға қанық болдық.
Алпамыс ШАРИМОВ,
Димаш Құдайбергеновтің PR-директоры:
– Top Chinese Music Awards музыкалық жүлдесіне өздігімізден өтініш берген жоқ­пыз. Бізге Dragon TV ұсыныс білдіріп, ша­қырту жіберді. Қытайдағы ең танымал және үздік әншілерді анықтайтын салта­натты кешке қатысуымызға себеп болған солар. Бұл – Димаш­тың шетелден алған ең алғашқы ірі жүлдесі. Сол себепті, оның бұл жолғы қуанышы өзгерек болды. Бірақ лауреат атанғанында Қанат аға (Димаш­тың әкесі, танымал әнші – Қанат Айт­баев, авт.) екеуміз қаттырақ қуанған секілдіміз. Күллі зал қол шапалақтап, «Димаш» деп ай­ғайлаған сәттегі сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сахнада тұрып «Қолдау біл­діріп жүрген жан досыма рақмет айтамын» деді. Бұл – үлкен бақыт. Енді алдағы уақыт­та осы секілді шараларға көбірек қатысу жос­парда бар. Сондай-ақ Димаш Құдай­бергенов Голливуд фильмінің саундтрегін орындайды. Яғни, «Могучие рейнджеры» фильміндегі Go Go Power Rangers әні Димаштың орындауында жарық көреді. Бұл әннің бейнебаянын сәуір айында тамашалай аласыздар. Жақсы жаңа­лық­тар күтіңіздер.


P.S.

Димаш Im a Singer – 2017 ән байқауының арқасында бүкіл әлемнен жаңа тыңдармандарын тапты. Тіпті Джеки Чан, Лара Фабиан сынды танымал жұлдыздар отандасымызға тілек білдіріп, қолдау көрсетіп жатыр. Шын талантты мойындай білу деп осыны айт. Осыған дейін де бірқатар әлемдік додаларда оза шапқан дарынды Димашқа сәттілік тілейміз. Ақтық сында сүрінбей, дара шықса дейміз. Қазақтың атын жаһанға жария етіп, тума талантымен танылған әншінің алар асуы көп болсын. Естеріңізге сала кетсек, финал 8 және 15 сәуірде өтеді. Бәйгеге баптаған баламыз бас жүлдені басқаға бермесін. Біздің тілек – осы.

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз