Көрмеге шетелдіктер көп келеді

Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін тамашалаушылар қазірдің өзінде 670 мыңға жуық билетті сатып алыпты. Бұл деректі Елордада өткен брифингте «Астана ЭКСПО – 2017» ҰҚ» АҚ коммерциялау департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев мәлім етті. Оның айтуынша, күні бүгінге дейін сатылған билеттердің 13 пайызы шетел азаматтарының үлесіне тиеді екен.
Елордада өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесіне билет сату өткен жылдың 10 маусымнан басталған. Бірақ ол билеттің басым көпшілігі онлайн жүйемен сатылып келген еді. Биылғы наурыз айынан бастап еліміздің барлық облысы мен Ресейдің ірі қалаларында көрме билеті арнайы кассаларда сатыла бастады. Яғни, бұдан былай көрмеге арналған билетті облыс орталықтары мен Астана, Алматы қалаларындағы 17 ресми билет сату кассасынан алуға болады. Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларындағы ірі сауда, ойын-сауық кешендерінде 2016 жылдың желтоқсан айынан бері жұмыс істеп тұрған кассалар да билет сатуды жалғастыра бермек. Сондай-ақ көрмеге билеттерді сату ісімен «Қазпошта» АҚ-ның 981 бөлімшесі және бірқатар сауда желілері де айналысып келеді. Енді оған темір жол кассалары да қосылатын болады.
Дәулет Еркімбаевтың сөзіне қарағанда «Астана ЭКСПО – 2017» ҰҚ»АҚ шетелдерде де билет сатуды әрмен қарай жалғастыра бермек. Бірақ нақты қандай мемлекеттерде ашылатындығы әзірге белгісіз. Ресейде көрмеге билет сататын арнайы 38 орын ашылған. Билет сататын кассалар Мәскеу, Санкт-Петербор, Сочи, Нижний Новгород, Қазан, Екатеринбург, Новосібір тәрізді бірқатар ірі қалаларда ашылыпты. Соның нәтижесінде, көрмені тамашалауға алыс-жақын шетелдерден келетін қонақтардың да қарасы көп. Дегенмен көрмеге қызығушы шетелдіктердің саны қазірдің өзінде ұйымдастырушылардың күткен межесіне жеткен. Ұлттық компания өкілінің сөзіне қарағанда, «ЭКСПО –2017» көрмесін тамашалауға шетелдіктердің 15 пайызы ғана болатын шығар деген болжам бар. Оның өзінде көрме өтетін үш айда келетін қонақтардың болжамы жасалса керек. Қазірдің өзінде шетелдіктер сатып алған билет саны жалпы сатылған билеттің 13 пайызын құрағанын Дәулет Еркімбаев жоғары нәтиже ретінде бағалап отыр. Шамасы, көрмені ұйымдастыруға жауапты компанияның өкілдері әу баста «арық айтып, семіз шығудан» үмітті болғанға ұқсайды. Әйтеуір шетелдіктердің қызығушылығы мол болғанына разы екендіктерін байқатты. Алда әлі үш айға жуық уақыт бар екенін әрі көрме кезінде де билет сатып алуға болатынын ескерсек, Астанаға ағылатын шетелдіктердің қарасы әжептәуір молаюы мүмкін. Оның үстіне көрме барысында билет таусылып қалады-ау деген қорқыныш болмақ емес. Өйткені шараны тамашалауға ниет еткендер бір-екі күнде топырлап келе қоймасы анық.
Билет құнына келер болсақ, ең қымбат билеттің бағасы – 8 мың теңге. Оларда нақты бір мерзім көрсетілмейді. Нақты уақыты көрсетілген билет бағасы демалыс күндері – 6 мың, жұмыс күндері – 4 мың теңге. «ЭКСПО – 2017» көрмесін тамашалағысы келген отандастарымыз үшін жеңілдіктер қарастырылған. Студенттер мен оқушылар, зейнеткерлер мен көпбалалы аналар үшін билет құны 50 пайызға арзан болмақ. Соғыс ардагерлері, 6 жасқа толмағандар мен жетім балалар көрмеге тегін кіре алады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған кез келген топтағы мүгедек жан көрмені тамашалау үшін ақы төлемейді.
А.ІЗГІЛІК