Шахмат шеберлері «Айқынның» жүлдесіне таласты

1396
0
Бөлісу:

Алматыдағы Оқушылар сарайында журналистер мен блогерлер арасында шахматтан турнир өтті. Aikyn media open сайысына жалпы саны 30 адам қатысты. Демалыс күнін тиімді пайдаланған БАҚ өкілдері ой сергітіп қана қоймай, ұйымдастырушылар тарапынан берілген сыйлықтарға ие болды. Бұл шара газетіміздің 13 жылдық мерейтойына орай өткізілді. 

Алғаш рет ұйымдастырылып отырған сайыстың тұсауы сәтті кесілді. Турнирдің ашылуында газетіміздің Бас редакторы Нұртөре Жүсіп, Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахетов, әйелдер арасында ең жас грос­с­мейстер Жансая Әбдімәліктің анасы Алма Әшірова, Air Astana әуекомпаниясының өкілі Тілек Әбдірахимов, Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясының PR және маркетинг менеджері Әнуар Нұрпейісов пен «Айқын» газетінің жауапты хатшысы Асқар Беков сөз сөйледі.

Нұртөре ЖҮСІП,
«Айқын» газетінің Бас редакторы:
– Газетіміз биыл бір мүшелге келіп отыр. Осы айтулы мерекені қалай өткізсек деп көп ойландық. Нәтижесінде, шахматтан турнир өткізуге бел байладық. Бұл арқылы журналистердің қолынан шахмат ойнау келетіндігін көрсетіп, мықтылар ойынын кеңірек наси­хаттағымыз келді. Аграновс­кийдің «Ең мықты журналист – ойлы журналист» деген сөзі бар. Осы ой бәсе­кесінде қазақтың алатын асуы әлі алда деп ойлаймыз. Әріптестеріміз қатысып, олжалы орындар, бағалы сыйлықтар алып, ұпайларын түгендеп жатыр. Бұл жерде мәселе тіпті жүлде де емес. Шын мәнінде, миды қозғау, сол арқылы қазақтың сөзін ұстап отырған азамат­тарының ойын ұштау мақсат болды. Елімізге белгілі жас шахматшы Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясы ашылды. Ұсынысымызды жерге тастамай, осы жерде өткізуімізге келісім берді. Осы шараның өтуіне ат салысқан барша жандарға алғыс білдіргіміз келеді. Турнирді алдағы уақытта дәстүрлі түрде ұйымдастырып тұрамыз деген жоспармыз бар.
Төртінші билік иелерінің басын қосқан турнирге жас журналистерден бастап ардагерлерге дейін қатысты. Ең жас қатысушыларымыз – 19-20 жастағы жас тілшілер. Сонымен бірге, Аян Нысаналин, Тәжібай Жанаев, Ағыбай Мұқатайұлы, Жұмат Әнес секілді белгілі ардагер журналистер турнирге ат салысып, көркін қыздырды. Жыл сайын өткіземіз деген жоспарды естіген ардагерлер ұйымдас­тырушыларға жақсы ұсыныстар білдірді.

Аян НЫСАНАЛИН,
ардагер-журналист:
– «Айқын» газеті – «мемлекеттік басылым қандай болуы қажет?» деген сауалға толықтай жауап беретін бірден-бір басылым. Себебі, осы он үш жыл ішінде өзін мойындатып, мәнді мақалалар жариялап келеді. Журналистер арасында шахматтан жарыс жасауының өзі ұжымның жан-жақтылығын көрсетті. Мұндай шаралар жиі ұйымдастырылып тұруы қажет. Себебі, күні бойы жұмыстан бас алмайтын журналистердің бір сәт сергіп қалғандары жақсы. Шахмат – ойындардың төресі. Өз тарапымнан айтар ұсынысым бар. «Айқын» газетінің ұжымы келер жылы тағы өткізетін болса, турнирді Тәкен Әлімқұловтың құрметіне қойса екен. Өйткені қаламгер-журналистер арасында дәл Тәкен ағаға тең келер қарсыластар болмаған. Өз арамызда кішігірім сайыстар жиі өтіп тұрады. Ардагер болсақ та, мүм­кіндігінше қатысамыз. Турнир барысында бірнеше мықты шахматшы-журналис­термен ойнап, бақ сынадық. Ұйымдас­тырушыларға рақмет айтқым келеді.
Оқушылар сарайында Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясы ашылды. Аталған жерде өткізілген алғашқы турнир – Aikyn media open. Жөндеу жұмыстары жаңа біткен ойын бөлмелері заманға сай жабдықталған. Жас шахматшының анасы Алма Әшірова – турнирді ұйымдастыруға ат салыс­қандардың бірі.

Алма ӘШІРОВА,
Ж.Әбдімәліктің анасы:
– Шахмат турнирінің ашылуымен құттықтай отырып, қатысушыларға сәттілік тілеймін. Журналистер арасында мұндай шахмат байқауларын бұрын-соңды ұйымдастырған тәжірибеміз бар. Жаңадан ашылған академиямызда өткізуге ұсыныс тастағандарыңызға қуаныштымыз. Шахматпен кәсіби айналыспаса да, қы­зығушылық танытатын БАҚ өкілдеріне қолдау білдіруге дайынбыз. Әр жексенбіде турнир өткізіп тұрамыз. Қолдарыңыз қалт етіп, уақыттарыңыз бола қалса, келіп, қатыс­саңыздар болады.
Ойын швейцар үлгісінде өткендіктен, жеңіске жету мүмкіндігі жоғары еді. Яғни жалпы саны 7 турда жинаған ұпай сандары есептеліп, қорытынды шығарылады. Суырылып үздік шыққан тілшіге Air Astana әуекомпаниясы Тегеранға бизнес-класқа екі билет табыстады. Жеңімпаз аталған жолдамамен Иранның астанасына осы жылдың аяғына дейін қалаған күнінде бара алады.
Осыған дейін БАҚ өкілдері арасында өткізілген талай турнирде топ жарған Арсилан Алахуновқа бас жүлде бұйырды. «Ұйғыр авази» республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісіне ғана есе жіберген жас блогер, шахматтан І разрядқа ие Қуаныш Сүлейменге екінші орын бұйырып, «Кернеу Limited» атынан планшет табысталды. Қола жүлдеге талас қызу болды. Жарыс қорытындысында ұпай сандары тең түскен төрт ойыншыға да үшінші орын берілді. Дегенмен коэффициент бойынша Құмар Бақдәулет басым түсіп, планшет иегері атанды. Қола жүлдеге қол салғандар қатарында Асқат Байпейісов бар. Оған №159 мектеп-гим­назиясының басшысы Аягүл Миразованың арнайы сыйлығы табысталды. Ұпайы бірдей болған Қанат Қаматаев пен Нұрбек Түсіпханға да демеушілер тарапынан сыйлықтар табыс етілді. Жарысқа қа­тысқандардың дені ер-азаматтар болғанымен, ортасында қос қызғалдақ болғанын атап өту керек. Ұпай саны бойынша жоғары тұрған жас журналист Дана Маратова редакцияның арнайы сыйлығын иеленді. Турнирдің ойдағыдай өтуіне үлес қосқан «Тамшы» және «Медиа Орда» қоғамдық қорлары мен қаржылай демеушілік білдірген газет жанашырлары Итен Қарымсақов пен Бейсенбай Тәжібайға алғыс білдіреміз. Жарыс аяқталған тұста келушілердің барлығына Нұртөре Жүсіптің «Мың құмырсқа және БІЗ» кітабы мен Ермахан Шайхының «Қоңыр қажының күнделігі» кітабы сыйға тартылды.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Фото: Айтжан МҰРЗАНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз