Ұжымдық қауіпсіздік нығаяды

1329
0
Бөлісу:

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстан делегациясы Санкт-Петербургте өткен ТМД мен ҰҚШҰ ұйымдарының парламентаралық құрылымдарының жұмысына қатысты.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) Парламенттік ассамблеясы Кеңе­сінің отырысы болып, күн тәртібі «Ұжымдық қауіпсіздік шартына» қол қойылуының 25 жылдығына, ҰҚШҰ құрылуының 15 жыл­ды­ғына және ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясы құрылуының 10 жылдығына арналды.
Өз сөзінде Қ.Тоқаев ҰҚШҰ-ны «Еура­зиядағы әскери-саяси тұрақтылықтың маңызды факторына айналған беделді халықаралық құрылым» деп бағалады.
– ҰҚШҰ әлеуетін және біздің ұйым аясындағы әріптестігімізді нығайту Қазақстан Республикасының мүдделеріне толықтай сай келеді. Сондықтан ол Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұдайы назарында. Біздің Елбасы осы ұйымның қызметін жандандыруға бағытталған бірқатар нақты ұсыныстар енгізген болатын, – деп атап өтті Сенат спикері.
Қ.Тоқаев ҰҚШҰ жаһандық және аймақтық қауіпсіздіктің негізгі буындарының бірі ретінде өз рөлін нығайтуға тиіс деп санайтынын жеткізді: «Белсенді ынтымақтасу мен өзара іс-қимылсыз халықаралық терроризмге қарсы бірлесе қарсы тұру, Ауғанстанды тұрақтандыруға жәрдемдесу, ұзаққа созылған қақтығыстарды реттеу және тұтастай алғанда, қауіпсіздік, қарусыздану және сенім шаралары мәселелері бойынша кең ауқымды диалог құру мүмкін емес» деп нықтады қазақстандық делегация басшысы.
Қ.Тоқаев ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құқықтық тұрғыда қамтамасыз етуге, мем­лекеттеріміздің заңнамасын жақындас­тыру мен үйлестіруге бағытталған ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясының қызметіне жоғары баға берді. Ол Қазақстан Парламенті ҰҚШҰ аясында қол қойылған барлық негізгі келісімдерді уақытында ратификация­лағанына назар аудартты. Сенат төрағасы өз әріптестерін «Қазақстан делегациясы парламенттік дипломатияның әлеуетін ны­ғайтуға бағытталған жұмыс­тарды жалғастыра беретініне» сендірді.
ҰҚШҰ ПА Кеңесінің отырысында ұйым қызметінің қорытындылары мен келешегі, соның ішінде ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құқықтық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер делегацияларының халық­аралық парла­менттік құры­лым­дардағы қызметін одан әрі үйлестіру мәселелері қаралды.
Қазақстан делегациясы, сондай-ақ ТМД Парламентаралық ассамблеясы құрылым­дарының жұмысына және Халықаралық терроризммен күрес жөніндегі парламенттік конференцияға қатысты.
Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*