Жетісу тұрғындарының саны 2 миллионға жетті

1567
0
Бөлісу:

Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел-жұрт болып, ұлан-асыр етіп тойлаған Алматы облысында мереке күндері ұлы жаңалық тіркелді. Соңғы бірнеше жылда халқының саны 1 миллион 900 мыңнан асып, 2 миллионның есігін қағып тұрған өңірде Наурызды тойлау кезінде сол 2 миллионыншы тұрғын іңгәлап өмір есігін ашты. Нәресте Еңбекшіқазақ аудандық перзентханасында дүние келді. Өмірдегі ең ізгі мамандықтың бірі әрі бірегейі – ұстаздықты таңдаған ерлі-зайыпты педагогтар Жарқынай Еменақынова мен Диас Шормановтың отбасын кезекті рет қуанышқа бөлеген шақалақ – аталған шаңырақтың екінші сәбиі. Облыстың екі миллионыншы тұрғыны өмірге келгенін естіген облыс әкімі Амандық Баталов шаттыққа бөленген шаңырақтың қуанышына ортақтасып, арнайы барып құттықтады.

– Наурыз мейрамы – ежелден жаңа өмірдің, тың тіршіліктің, үміт пен сенімнің бастауы. Сондықтан Наурыздың шығыс халықтарында, оның ішінде біздің елде жыл басы – Жаңа жыл ретінде аталып өтілуі – өте орынды. Биылғы Ұлыс­тың ұлы күні Алматы облысында екі мил­лионыншы тұрғынның өмірге ке­луімен айшықталып, Жаңа жылымыз жақсы­лықпен басталып отыр. Сәбидің жарық дүниеге келуі – отбасы үшін үлкен қуа­ныш, ерекше атап өте­тін жаңалық. Облыстың екі миллио­ныншы тұрғы­нының өмірге келуі – отба­сының, ауыл­дың ғана қуанышы емес, өңіріміз үшін тарихи сәт. Сәбидің ата-ана­сын шын жүректен құттықтаймын. Біздің кіш­кентай нәрестелеріміздің бола­шағы жарқын болып, еліміздің айшықты ертеңі үшін еңбек ететін азамат боларына сене­мін! – деген Амандық Ғаббасұлы жас отба­сына екі бөлмелі пәтердің кілті мен нәрес­теге қажетті заттар жиынтығын тарту етті.
– Әрбір ана үшін сәбиді өмірге әкелу – үлкен мереке. Мен үшін де бүгінгі күн ерекше маңызды. Екі бөлмелі пәтер сыйлап қуанышымды еселедіңіздер. Отба­сымның атынан ана мен балаға, дені сау ұрпақ дүниеге әкелуге барлық жағ­дайды жасап отырған Мемлекет бас­шысына зор алғысымды білдіремін. Сә­биіміздің несі­бесі шығар, баспанаға қол жеткіздік. «Әр бала өз несібесімен туады» дегенді бабала­рымыз бекер айтпаған екен. Еліміздің, Жетісу өлкесінің дамып, гүлденуіне шын жүректен тілектеспін, – деді жас ана. Сол жерде сәбиге Нұрсұлтан есімі қойылды.
Облыстың екі миллионыншы тұрғы­нының анасы Жарқынай Еменақынова Есік гуманитарлық колледжінде оқытушы болса, әкесі Диас Шорманов – Еңбек­шіқазақ ауданындағы О.Жандосов атын­дағы мектепте директордың оқу ісі жө­ніндегі орынбасары. Жас отбасының үш жасар қызы бар, енді ол інілі болды.
Алматы облысында соңғы 5 жылда туу көрсеткіші біршама артты. Жыл сайын облыста орта есеппен 110-115 мың бала дүниеге келеді. Халықтың өсімі­не әсіресе, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Іле, Жамбыл, Талғар аудандарының қосып отырған үлесі зор. Бұл аудандарда жыл сайын 4 мыңнан 6 мыңға дейін нәресте дүние есігін ашады.

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*