Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!

1799
0
Бөлісу:

Бірнеше күн қатарынан бұлттанып, қыстың әлі қайта қоймаған ызғары сезіліп тұрған еді, күн мен түн теңесетін қасиетті Наурыз келген Ұлыстың ұлы күні Талдықорғанның аспаны шайдай ашылып, айнала нұрланып сала берді. Облыс орталығындағы салтанаты келіскен сәулетті нысандар: Спорт сарайы, Оқушылар сарайы, Жастарға қызмет көрсету орталығы, Журналистер үйі сынды руханият ордалары орналасқан Қонаев көшесінің атшаптырым бөлігінің бойына қоныстанған ақшаңқан киіз үйлі қалашықтың көркі мен берекесі де алыстан көз тартады.

Талдықорған қаласындағы әз Наурыз мейрамы шаһар маңын­дағы орманды алқаптағы бастауда «Бұлақ көзін ашу» рәсімімен бас­талып, негізгі шаралар «Жастар» саябағының іші мен саябақты жанай өтетін Қонаев көшесі бойына арнайы тігілген киіз үйлі қалашықта жалғасты.
«Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» деген шырайлы да шуақты атаумен көпшілікті өзіне тартқан мерекелік шараға жиналған қала тұрғындары мен қонақтары да есеп болмады. Тойшыл қауым облыс­тық мекеме, ұйымдар тіккен киіз үйлер алдына қойылған түрлі көрмелерді тамашалады. Атап айт­қанда, халық дәстүрлері, қолөнер және қылқалам шеберлерінің «Ше­берлер ауылы», балалар көр­кемөнер мектебі тәрбиеленушілері туындылары, Қазақстан халқы ассамблеясының ұлттық мәдени орталықтарының «Достық алаңы», сол сияқты кәсіпорындар мен ша­ғын және орта бизнес нысан­да­рының «Қазақстанда жасалған» көрмесі жұртшылық назарына ұсынылды. Сондай-ақ ұлттық спорт­тық ойындардан ұйымдас­тырылған сайыстар да көрермен талғамынан шықты.

Облыс әкімі Амандық Баталов ақ ордалар алдында өт­кі­зіл­ген ұлттық салт-дәстүрлер рәсіміне қатысып, бірнеше балдырғанның тұсауын кесті.
«Жастар» саябағындағы маз­мұн­дылығымен еріксіз баурай­тын көр­мелермен танысқан облыс басшысы далалық үлкен сахнаға шы­ғып, көпшілікті Наурыз мере­кесімен құт­тық­тады.
– Ұлыстың ұлы күні Шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл саналуымен қатар, ежелден жаңару мен жаңғырудың, береке мен молшылықтың басты белгісі ретінде қалыптасқан. Тамыры тереңнен нәр алған осынау жалпы­халықтық құндылықтар бүгінгі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшы­лы­ғымен еліміздің дамуы­на мықты іргетас болып отыр.
Біздің бүгінгі басты мақса­тымыз – Президент алды­мыз­ға қойған тапсырмаларды, «Қазақ­станның үшінші жаңғы­руы: Жаһандық бәсекеге қабілет­тілік» атты Жолда­уын­дағы жүк­теген міндеттерді жү­зеге асы­ру. Бұл орайдағы мақсат­тарымыз­ға об­лыс тұрғында­рымен бірге жұмыла жұмыс істеудің арқа­сында жететінімізге сенімдімін.
Наурыз мерекесінде ақ дастар­қан дәмге толып, үлкендер «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, бәле-жала жерге енсін!» деп ақ бата берген. Осындай шынайы тілек, ізгі лебізден асқан жақсы сөз бар ма?! Сон­дық­тан барша­ңызға мықты денсаулық, бейбіт өмір мен молшылық тілеймін! – деген облыс басшысы мемлекет қолдауының арқасында Алматы облысы тұрғын­дарының әл-ауқаты артып, әлеу­меттік-эко­номикалық жағдайы ілгеріліп келе жатқан­дығын, күні кеше ғана облыстың екі мил­лио­ныншы тұрғынының дүниеге кел­генін айрықша атап өтті.
Бұдан соң «Ана тілі аруы» бай­қа­уының жеңімпаздарын мара­пат­тады. Мереке мазмұнды концерт­пен жалғасты.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*