Ынтымақтастық береке мен бірлік белесіне көтерілді

Қазақ еліне тұңғыш мемлекеттік сапарымен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев келіп қайтты. Кеше мәртебелі мейманымен өз Ақордасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кездесті. Жүздесу кезінде Қазақстан Көшбасшысына қайырылған өзбек басшысы өз елінің Қазақ елін арқа тұтатынын мәлім етті. Елбасы Өзбекстан халқын стратегиялық серіктес, тату көрші әрі бауыр деп атады.
Қос мемлекет басшысы алдымен Ақордада жеке бас қосты. Шағын құрамдағы келіссөз барысында өзара іс-қимылдың басты салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан президентінің қазақ жеріне басқан қадамына сәттілік тілеп, Мемлекет басшысы ретінде Ш.Мирзиеевтің бірінші рет сапарын Қазақстанға жасап отырғанын атап өтті.
– Ұлыстың ұлы күні, бәріміздің ортақ мерекеміз – Наурыз мейрамында келіп отырсыз, – деді қадірменді қонағына Нұрсұлтан Назарбаев. – Бұл сіздің Президент болып сайланғаннан кейінгі тұңғыш мемлекеттік сапарыңыз екен. Мен сізді сайлануыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Бауырлас өзбек халқына, өзіңізге зор денсаулық пен үлкен табыстар тілейміз. Қазақстан өзінің стратегиялық серіктесі, көршісі әрі бауырласы – Өзбекстан халқына бақ-береке тілеп, өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдіреді.
Қазіргі кезде екі ел арасындағы сауда-саттық жаңа қарқын алуда. Қазақстан Президентінің 2016 жылдың қыркүйегінде Самарқанға сапары барысында екі ел басшылығы арасында қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, бүгінде өзара сауда көлемін түбегейлі түрде арттыруға және номенклатураны кеңейтуге бағытталған бірқатар перспективті жобалар пысықталуда. Соның ішінде өзбек-қазақ жетекші кәсіпорындары арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны күшейту жайы да қарастырылуда екен.
– Біз келешекте екіжақты байланыстар аясында жемісті қарым-қатынас орнайды деп сенеміз. Қазірдің өзінде мемлекетаралық әріптестікті нығайту бағытында нақты жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, соңғы айларда елдеріміз арасындағы сауда айналымының көлемі өскені айқын байқалады. Шекараларымыз арқылы өткізу мүмкіндігі артып, өнімдердің жаңа түрлері жеткізілуде, – деді Н.Назарбаев.
Кеше Астанада Қазақстан мен Өзбекстанның 500-дей кәсіпкерінің қатысуымен бизнес-форум қоса өткен болатын. Елбасы екі ел кәсіпкерлерінің ықпалдастығын қуаттады.
– Мұндай форум біздің тарихымызда алғаш рет өткізіліп отыр. Қарым-қатынасымыздың негізін Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов екеуміз қалаған болатынбыз. Ол менің досым еді. Топырағы торқа болсын. Енді біз бір-бірімізге көмектесіп, бауырластыққа негізделген сол игі дәстүрді жалғастырамыз деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанның жаңа басшысына.
Өз кезегінде Ш.Мирзиеев қонақжайлық көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді.
– Сіз былтыр Самарқанға жасаған сапарыңыз кезінде «Қазақстан мен Өзбекстан әрдайым бірге болады!» деп айтқан едіңіз. «Жақсы күндерде бірге қуанып, басқа қиындық түскен сәттерде бір-бірімізге сүйеу боламыз» дедіңіз. Сол сөзіңіз екі елді жақындастыра түсті. Өзбек халқы нағыз достың және бауырдың арқасын, ықыласын сезінді, – деді Өзбекстан президенті.
Ш.Мирзиеев бүгінде Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасы барлық бағытта, соның ішінде халықаралық салада да дамудың жаңа деңгейіне көтерілгенін айтты.
– Сіздің беделіңіздің арқасында Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бұл шын мәнінде тарихи оқиға! Яғни, Орталық Азияның барлық мүддесі сіздің басшылығыңызбен ілгерілейді деген сөз. Барлық бастамаларыңызды Өзбекстанның қолдайтынына сендіремін! Қазіргі кезде өңірлік ынтымақтастыққа зор мән беріліп отыр. Бүгінгі кездесуіміз елдеріміз арасындағы ары қарайғы өзара тиімді іс-қимылға негіз болады деген үміттемін, – деді Өзбекстан президенті.
Екі ел көшбасшылары бұл сапар Қазақстан мен Өзбекстанның кең ауқымды ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Сонымен бірге, екі ел басшылығының өзара барыс-келісі жалғасатынға ұқсайды. Жиі кездесіп, ақылдасуға ынталы екенін білдірген Шавкат Мирзиеев Нұрсұлтан Назарбаевты Өзбекстанға сапар жасауға шақырды. «Нұрсұлтан Әбішұлы, мен сізге өзіңізге ыңғайлы кез келген уақытта Өзбекстанға келуге шақырамын. Сізді Өзбекстанда қуана-қуана қарсы аламын!» деді ол.
Ақордадағы «кеңейтілген құрамдағы» келіссөз барысында тараптар күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық бағыттарын талқылады. Келіссөздерді ашқан Нұрсұлтан Назарбаев бұл сапар елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толған кезеңмен тұспа-тұс келіп отырғанын қаперге салды. Қазақстан Президенті ширек ғасырлық ынтымақтастығымыз аясында түрлі саладағы 100 келісімге қол қойылғанын, соның ең негізгілері – «Мәңгілік достық туралы шарт» пен «Стратегиялық әріптестік туралы шарт» екендігін айтты.
– Тарихымыздың, тіліміз бен дәстүріміздің ортақтығы, халықтарымыздың көршілестігі қазақ пен өзбектің мәдени-гуманитарлық саладағы өзара тығыз іс-қимылының қалыптасуына алғышарт жасады. Қазақстан мен Өзбекстанда тұратын диаспора өкілдері қарым-қатынасымызға ерекше сипат дарытып отыр. Олар екі ел арасындағы дәнекер болып саналады. Сіздің елмен достық пен ынтымақтастықты нығайтуға негізделген бағытымыз өзгермейді! – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Астана мен Ташкент арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты «екіжақты қатынастың өзегі» деп бағалады. Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы нарықтағы бағалардың 9%-ға құлдырағанына қарамастан, елдеріміз арасындағы сауда көлемінің 16%-ға өскенін тілге тиек етті.
Мемлекет басшысы бұған дейін Ш.Мирзиеевпен Самарқанда өткен кездесуден соң өнеркәсіп, бизнес, энергетика, көлік, сондай-ақ ғарыш және туризм салаларындағы екіжақты байланыс айтарлықтай жандана түскенін айтты. Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықтың жаңа серпінге ие болғанын, соның ішінде жүрдек пойызға арналған «Астана – Ташкент» темір жол қатынасы, жаңа әуе жолы және автобус рейстері іске қосылғанын ерекше атап өтті.
Өзбекстан биыл елордадағы «ЭКСПО – 2017» жаһандық көрмесіне «кең ауқымда» қатыспақ. Осы орайда кеше Өзбекстан президенті әлем басшылары арасында алғаш болып, құрылысы аяқталып қалған ЕХРО кешенін аралау құрметіне ие болды. Нұрсұлтан Назарбаев Шавкат Мирзиеевке көрме нысандарын көрсеткен. Елбасы ЭКСПО көрмесіне қатысу арқылы Өзбекстанның ең үздік жетістіктерін әлем назарына ұсыну мүмкіндігін иеленетінін айтты.
Келіссөздер кезінде Өзбекстан басшысы екі мемлекет халқының достығын нығайту ісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін атап өтті. Сондай-ақ Ш.Мирзиеев парламентаралық және өңіраралық байланысты жандандырудың маңыздылығына тоқталды.
Кездесу соңында президенттер қос елдің ақпарат құралдары өкілдері үшін бірлескен брифинг өткізді.
Елбасы журналистерге келіссөздер барысында өзбек әріптесімен «мәдени күндер өткізу» жайында уағдаласқанын мәлім етті. «Сондай-ақ Қазақстан Өзбекстан жастарын, студенттерін біздің жоғары оқу орындарында оқуға шақырады. Мұндай алмасу жасау қажет-ақ. Біздің тығыз мәдени-тарихи байланыстарымыз достық қарым-қатынасымыздың маңызды факторы саналады. Миллионнан астам этникалық қазақ Өзбекстанда тұрып жатыр. Шамамен 500 мың өзбек екі мемлекетті де өз отаны санайды» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ол Қазақстандағы өзбектердің өз мәдени орталықтары, театрлары бар екендігін, ҚХА, Парламент құрамында да мүшелері сайланғанын, қажеттілік бар елдімекендерде өзбек тіліндегі мектептердің жұмыс жасайтынын еске салды.
Сондай-ақ Н.Назарбаев пен Ш.Мирзиеев шекарааралық өзендерді тиімді пайдалану жөнінде уағдаласты. Өйткені осы екі ел өңірдегі ірі өзен-сулардың төменгі жағында орналасқан. Ал бастау жақтағы Тәжікстан мен Қырғызстан электр қуатын молырақ өндіру мақсатында олардың бойына бөгендер салып, судың ағу көлемін шектеуге кірісуде.
– Келіссөздер барысында біз су-энергетика кешені мәселелеріне айрықша назар аудардық. Орталық Азияның шекарааралық су ресурстары ортақ құндылық болып саналатындығын тағы бір мәрте қуаттадық. Біз бауырлас көршілеріміздің суды пайдалану ниеттеріне толықтай түсіністікпен қараймыз және оған қатысуға дайынбыз. Бірақ аталған өзендердің төменгі сағасындағы барлық елдерге нұқсан келмеуге тиіс! – деп нықтады Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы шекарааралық суларды ақылмен пайдалану миллиондаған тағдырларға, Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылық пен әл-ауқатқа ықпал ететінін атап көрсетті.
«Біз Арал теңізі төңірегіндегі ахуалды да талқылап, кезекті мәрте «Арал теңізін құтқару халықаралық қоры бұл проблеманы шешетін және біздің елдерімізді байланыстыратын негізгі платформа» деген ортақ пікірге келдік» деді Елбасы.
Қазақстан Көшбасшысы қазіргі кезде екі ел арасында шешімін таппаған мәселе жоқтығын мәлімдеді.
– Бүгінгі келіссөздер нәтижесіне мен өте жоғары баға беремін! Шавкат Мирзиеевтің елімізге алғашқы мемлекеттік сапары ынтымақтастық пен әріптестіктің жаңа белесіне жол ашты деп санаймын. Өзбекстан өсіп, өркендей берсін! Бауырлас өзбек халқына бақ, береке тілеймін! – деп қорытты Президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Ақордадағы келіссөздер қорытындысында бірнеше маңызды құжат бекітілді. Атап айтқанда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету және тату көршілікті нығайту туралы бірлескен декларацияға» қол қойды.
Сондай-ақ келіссөздер қорытындысы бойынша бірінші вице-премьер Асқар Мамин мен өзбекстандық бірінші вице-премьер Ачилбай Раматов «Өңіраралық ынтымақтастық туралы келісімді», «2017-2019 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық жөніндегі стратегияны», «Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау туралы келiсiмге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы» өз қолтаңбаларымен рәсімдеді.
ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен ӨР Сыртқы экономикалық байланыстар, инвестициялар және сауда министрі Элёр Ганиев «Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы», ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов пен ӨР Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов «Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2017-2018 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын», ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов пен ӨР Қорғаныс министрі Кабул Бердиев «Қорғаныс министрліктері арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді» бекітті.
Бұл құжаттардың мән-жайын еліміздің сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов түсіндіре кетті. Оның хабарлауынша, Мемлекет басшылары қол қойған бірлескен декларация – серіктестік пен тату көршіліктің негізгі құжаттарының бірі.
«Ал Экономикалық ынтымақтастық стратегиясы – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық қатынастарды өркендету үшін орасан зор мәнге ие. Бұл үкіметаралық құжат 2017-2019 жылдардағы өзара стратегиялық іс-қимылды белгілейді. Астана мен Ташкент арасындағы қосарланған салық салуды болдырмау туралы қолданыстағы келісімге түзету енгізетін хаттама екі елдің іскерлік ортасы үшін аса қажетті әрі өте маңызды. Халықаралық автокөлік қатынасы туралы 2006 жылғы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізетін хаттама болса, біздің қарапайым адамдарымызың алыс-берісі мен барыс-келісін жақсартып, жеңілдетпек. Қазақстан мен Өзбекстан өзара көлік байланысын дамытуды жалғастырады. Екі елдің қорғанысына жауапты ведомстволар да өзара ынтымақтастық құруға уағдаласты» деді ҚР СІМ-інің басшысы.
Қайрат Әбдірахманов өзбек әріптесімен өзара ынтымақтастық бағдарламасын бекіткеніне назар аудартты: «Бауырлас, көрші саналғанымен, біздің елдеріміз арасында мәселелердің үлкен тізімі бар. Олардың бәрін сыртқы саясат ведомстволары басты назарда ұстап отырады. Бұл біздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүшелігіміз кезінде де ескеріледі».
ҚР СІМ-нің дерегінше, Шавкат Мирзиеев сапары аясында Қазақстан халқы ассамблеясы мен Өзбекстанның Интернационалды мәдени орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мен Өзбекстанның сауда-өнеркәсіп палатасы арасында келісім бекітілген. Бұл екі құрылым Іскерлік кеңес құрады. Кеңес қос ел кәсіпкерлеріне істерін өркендетуге ықпал етер әралуан ақпарат беріп отырады.
Өзбекстан президентінің сапары аясында Астанада қазақ-өзбек бизнес форумы өтті. Әдеттегідей қонақ үйлердің бірінің залында емес, Тәуелсіздік сарайында ұйымдастырылған бұл кең ауқымды бизнес-жиын қорытындысында жалпы құны 1 миллиард долларға жуықтайтын 100-ге тарта келісімшартқа қол қойылды.
Ресми мәлімет бойынша 2016 жыл қорытындысында екі ел арасындағы өзара тауар айналым 2 миллиард доллардан асқан екен. Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларында өзбек капиталы салынған 800-ден астам кәсіпорын жұмыс істеуде. Өзбекстанда қазақ капиталы қатысатын 260-тай кәсіпорын бар көрінеді. Қазақстанның астығының көрші елге экспорты 30 пайызға, ел елімізге келетін өзбек жеміс-жидегі мен көкөнісінің көлемі 25 пайызға артқан.
Бизнес-форумда Өзбекстан сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Әлішер Шайхов екі елдің сауда айналымын 5 млрд долларға жеткізу мүмкін екенін мәлімдеді. Ол сонымен қатар Өзбекстанның Қазақстан шекарасы маңында еркін экономикалық аймақтарды дамытатынын жеткізді. Өзбектер сондай-ақ өз көліктерін Қазақстанда құрастыруға, сөйтіп, Еуразиялық одақ нарығына емін-еркін шығуға ынтық.
«Атамекен» ҰКП басшысының орынбасары Н.Әлтаев бизнес-форумда өзбек автоөнеркәсібімен бірге, «құрастыру кәсіпорнын құру» туралы келісімге қол қойылғанын жеткізді. Өзбекстан қазіргі кезде жеңіл және ауыр көліктерді, автобустарды, ауыл шаруашылығы техникаларын шығарады. Бұл ел дайын тоқыма бұйымдарын, электр техникалық және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін, құрылыс материалдарын және басқаларын экспорттау көлемін арттырмақ ниетте.
Өз кезегінде Қазақстан металды прокат, ферроқорытпа, ағаш және ағаш материалдары өнімдерінің ассортиментін кеңейту мүмкіндігіне ие екен. Мұның сыртында екі ел азық-түлік, өнеркәсіп, фармацевтика, мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу салаларында үш бірлескен сауда үйлерін ашуда. «Сауда үйлері» екі тарапта да жеңілдетілген режимде сауда жүргізуге мүмкіндік беретін көрінеді.
Қорыта айтқанда, өңірдегі ең ірі саналатын қос мемлекет – Қазақстан мен Өзбекстан басшылығы өзара ынтымақтастықты дамыту арқылы Орталық Азияны да ілгері бастауға ден қойды. Бұл сапар екі елдің Орталық Азия аймағының қарқынды әрі орнықты дамуындағы өз жауапкершілігін айқын сезінетінін көрсетті.
Өзбекстан басшысының мемлекеттік сапары «мәдени бағдарламамен» тәмамдалды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеев Астананың бірқатар көрнекті жерлерін аралады. Атап айтқанда, мемлекет басшылары «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрына бас сұғып, отандық және шетелдік артистердің «Қыз Жібек» операсына дайындығын тамашалады.
Осыдан кейін Назарбаев университетіне барған президенттер еліміздің жетекші ғылым ордасының бас жоспарымен, өнеркәсіпті автоматтандыру зертханасымен, оқу орнының зерттеу жобаларымен және физикалық-математикалық зертханасымен танысты. Ш.Мирзиеев университеттің құрметі қонақтары кітабына тілек жазып, қолтаңбасын қалдырды.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеев кеше ЭКСПО кешенін аралау аясында ресми түрде ашылу салтанатын өткізген MEGA Silk Way сауда, ойын-сауық орталығын, сауда-көрме павильондарын қарады.
Сондай-ақ екі ел көшбасшысы үшін Cirque du Solei артистері шағын театралдық қойылым қойып, акробаттық шоу көрсетті.
Астананың көрнекті жерлерін қызықтау сапарын қос мемлекет басшылары «Астана ЭКСПО – 2017» көрме кешенінің макетімен және құрылыс барысымен танысумен аяқтады.
Айхан ШӘРІП