Көңіл айту жеделхатын жолдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің премьер-министрі Тереза Мэйге Лондон қаласында болған террорлық актіге байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.
Жеделхатта Ұлыбритания Парламенті маңындағы террорлық акт салдарынан бейбіт тұрғындардың қаза болғаны туралы хабарды Қазақстан Президенті зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған.
–Бұл қастандық әрекетті бүкіл өркениетті әлемге қарсы бағытталған террорлық акт деп санаймыз. Біріккен Корольдіктің халқы мен үкіметіне, сондай-ақ зардап шеккендердің туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын, – делінген жеделхатта.
Сонымен қатар жеделхатта Қазақстан терроризмнің кез келген түрін қатаң айыптайтыны, халықаралық қоғамдастықты зұлымдықпен күресу үшін күш жұмылдыруға шақыратыны жөнінде атап өтілген.
Телефон арқылы сөйлесті
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті.
Мемлекеттер басшылары әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастықтың ахуалы мен перспективаларын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі қызметі және оны бұдан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Елдер көшбасшылары күн тәртібіндегі өңірлік және халықаралық мәселелер, соның ішінде Украинадағы жағдай туралы, сондай-ақ Астанада 14-15 наурызда өткен Сирияға қатысты халықаралық кезекті кездесу қорытындылары жөнінде пікір алмасты.
Жаңа басшы тағайындалды
Наурыз мерекесі қарсаңында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Оңдасын Оразалинді Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары етіп тағайындады.
О.Оразалин осыған дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған болатын.
Чемпионды құттықтады
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Геннадий Головкинге WBA (Super), WBC, IBO және IBF тұжырымдары бойынша кәсіпқойлар арасындағы бокстан әлем чемпионы атағын қорғап қалуына байланысты құттықтау жолдады.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Г.Головкиннің қарымды қарсыласпен жанталасқан жекпе-жекте асқан шеберлік, қажымас қайрат және нағыз спортшыға тән мінез көрсетіп, чемпиондық атақтарын тағы да лайықты қорғап қалғанын атап өтті.
– Сенің жеңісің барша қазақстандықтарға зор қуаныш сыйлап, олардың жүрегін елімізге және отандық бокс мектебіне деген мақтаныш сезіміне бөледі, – делінген құттықтауда.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Г.Головкинге мықты денсаулық тілеп, спортта жаңа жетістіктерге жетуіне ниеттестік білдірді.