Мемлекет басшысы журналистермен жүздесті

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы қазіргі күн тәртібіндегі мейлінше өзекті сауалдарға жауап берді.
Кездесуге қатысушылар «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауды іске асыру аясында ел экономикасын трансформациялау үдерісінің бірқатар аспектілерін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін, қазіргі саяси жаңғыру кезеңінің ерекшеліктерін, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарын, сондай-ақ басқа да маңызды жайттарды талқылады.
Кездесуге елімізге танымал журналистер – «Айқын» газетінің директор – бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Әсел Төлегенова, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Айтуға оңай» әлеуметтік ток-шоу жүргізушісі Бейсен Құранбек, «Хабар» телеарнасының «По сути» бағдарламасының жүргізушісі Айгүл Әділова, «МИР» телеарнасының корреспонденті Виталий Попов, Еsquire.kz сайтының шеф-редакторы Гүлнар Бажкенова қатысты.