Жаңа тағайындаулар

941
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар кадрлық өзгерістер жасады.

Осыған байланысты Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Ақтау қаласына жұмыс сапарымен келіп, облыстық мәсли­хаттың кезектен тыс сессиясына қатысты.
Отырыс барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Маңғыс­тау облысы әкімінің лауазымына Ералы Тоғжановтың кандидату­расын ұсыну туралы хатын оқып берді. Жергілікті депутаттар Прези­дент ұсынған кандидатураны бі­рауыздан қолдады.
Мемлекет басшысының Солтүстік Қазақстан облысы әкімі лауазымына Құмар Ақсақаловты тағайындау туралы жарлығын Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков таныстырды.
– Елбасымыздың көрсет­кен жоғары сеніміне алғысымды білдіремін. Біз алдағы уақытта да халық игілігі мен өңірдің дамуы үшін Елбасының қойған тапсыр­маларын бірге орындайтын боламыз, – деді Қ.Ақсақалов.
Жаңа тағайындауға дейін
Қ.Ақса­қалов Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президенті Әкімшілігі басшы­сының орынбасары қыз­метін атқарды.
Петропавлда өткен облыстық мәслихаттың XII кезектен тыс сессиясында халық қалаулылары Елбасының ұсынысын бірауыздан қолдады. Бұдан кейін Президент Әкімшілігінің басшысы жаңа әкімді таныстыра отырып, бұрынғы әкім Ерік Сұлтановқа жемісті еңбегі үшін алғысын білдірді. Өңірдің соңғы жылдарда үлкен эко­но­микалық табыстарға жетке­нін атап өтті. Өз кезегінде Ерік Сұлтанов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа білдірген сеніміне және облыс активіне бірлесіп атқарған жемісті жұмыс үшін алғысын білдірді.
– Ең алдымен туып-өскен өңірімізді көркейту жолында үш жылдай қызмет еткенім үшін Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев­қа алғыс білдіремін. Осы уақыт ішінде қолдау көрсеткендеріңіз үшін сіздерге шексіз ризамын. Алдағы уақытта да Елбасының сенімін ақтап, халқымызға адал қызмет етуге бар күш-жігерімді саламын, – деді Е.Сұлтанов.
Президент Жарлығымен Нұр­мұхам­бет Әбдібеков Қарағанды облысының әкімі қызметінен бо­сатылып, Республикалық бюд­жет­тің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
Ведомствоны бұған дейін Қозы-Көрпеш Жаңбыршин басқарған болатын.
Сондай-ақ Мемлекет бас­шы­сының өкімі­мен Дархан Мың­бай Қазақстан хал­қы ассам­блеясы Төрағасының орынбасары, Қа­зақ­стан Респуб­ликасы Президент Әкімшілігінің Қа­зақстан халқы ас­самблеясы Хат­шылығының мең­ге­рушісі қызметін атқаратын болды.
Ол Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайының директоры қызметінен босатылды.

Бөлісу:

Пікір жазу


*