Биыл 100 мың пәтер беріледі

1058
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғын үй құрылысына қолдау көрсету үшін жаңа «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы әзірленіп, қабылданды. Оған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен Өңірлерді дамыту бағдарламасынан барлық тұрғын үй құрылысының мәселелері енгізілді. 

Жаңа бағдарлама бес негізгі міндетті іске асыруды көздейді. Олар – ипотека­лық кредиттеудің қолжетімділігін арт­тыру; жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру; тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы кредиттік тұрғын үй салу; халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтары үшін сатып алу мүм­кіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үй салу; жеке тұрғын үй құрылысын дамыту.
Мемлекет халық үшін ипотеканың құнын жаңа құрылыстан пәтер сатып алу кезінде 10 пайызға дейін және жеке тұрғын үй сатып алу кезінде 5 пайызға дейін төмендету үшін «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ арқылы субсидиялар беретін болады. Халықтың ипотекалық қарыздарын субсидиялау үшін 10 млрд теңге көзделген.
Азаматтардың тұрғын үй салымдарын және мемлекеттік инвестицияларын «револьверлік» қағидат бойынша пайдалану негізінде несиелік тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру есебінен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушыларын тұрғын үймен қам­тамасыз етуге қолдау көрсету көзделген. 5 жыл ішінде банктің салымшыларына несие беру үшін 24 млрд теңге бөліп тұру жоспарланған.
Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтары үшін сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үй салынатын болады. Жыл сайын жалға берілетін тұрғын үй салуға 25 млрд теңге бөлініп тұрады. 15 жыл ішінде (2017-2031 жылдары) 1,5 млн отбасы үшін тұрғын үй салу, оның ішінде 600 мың жеке тұрғын үй және 972 пәтер салу күтіліп отыр. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 10,0 млн шаршы метрден астам тұрғын үй (100 мың пәтер), оның ішінде мем­лекеттік инвестиция есебінен 1,6 млн шаршы метр (28 мың пәтер) пай­далануға берілетін болады.
Жеке тұрғын үй құрылысына қолдау көрсету – бағдарламаның негізгі бағыты. Азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысына дайын инженерлік инфрақұрылымы бар жер учаскелері бөлінеді. Инфра­құ­рылымды салуды мемлекет қамтамасыз етеді. Тұрғын үй аудандарына инженерлік коммуника­циялар салуға жыл сайын шамамен 80 млрд теңге бөлу көзделген, ағымдағы жылы 83,5 млрд теңге бө­лінді. 2017 жылдан бастап облыс орта­лықтарында жеке тұрғын үй құрылы­сының үлгілік жобасын іске асыру жоспарланған.

Серік САДЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*