Ислам қаржыландыруы – маңызды бес бағыттың бірі

1193
0
Бөлісу:

Елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен REDmoney Group бірлесіп IFN ТМД форумын өткізді. Форумның негізгі мақсаты – ТМД елдеріндегі исламдық қаржыландырудың дамуына, аймақтағы инвестициялық мүмкіндіктерді зерттеуге ықпал ету, сонымен қатар қатысушыларға өзара байланыс орнатып, серіктестік қарым-қатынастарды бекітуге мүмкіндік беру. 
Басқосуға қатысқандардың тізіміне қарап бұл форумның қаншалықты салмақты екенін аңғару қиын емес. Бұл күні әлемдік қаржы саласының білгірлері өз ойларын ортаға салып, келелі кеңес құрды.
«Астана» халықаралық қаржы орта­лығы­ның басқарушысы Қайрат Келімбетов:
– Бүгін біз Ислам қаржыландыруы форумында бас қосып отырмыз.
Қазақстан – ТМД-дағы ислам қаржысы бойынша өз заңдылығы бар жалғыз мемлекет. «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) үшін ислам қар­жыландыруы – аса маңызды бес бағыттың бірі. Біздің мақсатымыз – 2020 жылға таман Қазақстанның ТМД, Орталық Азиядағы ислам банкингі бойынша негізгі хабқа, орталыққа айналуы. АХҚО осы бағытта қолайлы жағдай туғызу үшін жұмыс істеп жатыр. Өздеріңіз де көріп отырсыздар, қазіргідей ғаламдық қаржылық өзгерістер кезінде ислам қаржы институттары өздерінің тұрақтылығын көрсетіп отыр. Исламдық емес қаржы орталықтары Лондон, Люксембург, Гонконгта ислам қаржыландыруына аса мықтап көңіл бөлуде. Біздің аймақта исламдық қар­жыландыруды дамытудың мүмкіндігі мол деп есептейміз. Сондықтан да АХҚО осы саланы негізгі бағытының бірі етіп таңдап алды. Бүгінгі форумға аса мәртебелі қонақтар келіп отыр. Олар сессиялар кезінде аймақтағы ислам қаржылан­дыруының өсіміне бағытталған өз ұсы­ныстарын білдірмек. Сондықтан осындай басқосулар ислам қаржы нарығының аса белсенді қатысушылары арасындағы диалогты онан әрі жандандырып, серік­тестік қарым-қатынастарды бекітуге мүмкіндік береді деп есептейміз, – деді.
АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов исламдық қаржыландыру АХҚО жұмы­сындағы бес негізгі бағыттың бірі, қазіргі күні осы бағытта ислам қаржыландыруы институттарына құқықтық және ре­гуляторлық қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс жүргізіліп жатқандығын айтты.
Жеке секторды дамыту жөніндегі Ислам корпорациясының басшысы Халид әл-Абуди ислам қаржыландыруының ТМД-дағы мықты әлеуетіне тоқталып, ислам қаржыландыруының ин­фра­құрылымдық жобаларды қар­жыландыруды әртарап­тандыруға мүмкіндік беретініне тоқталды. Оның айтуынша, ислам микронесиелеуі кедейшіліктен арылуға әсер ететін негізгі құралдардың бірі.
Форум аясындағы «ТМД-дағы ислам қаржысы дамуы жолындағы кедергілерді еңсеру» сессиясы кезінде дисскуссия қатысушылары аймақтағы ислам қар­жыландыруының өсіміне бағытталған өз ұсыныстарын айтты.
«Ислам қаржыландыруы алғы­шарт­тарына сәйкес капиталды тарту арқылы аймақтық дамуға ықпал ету» атты сессия кезінде ТМД елдері орта және шағын бизнес өкілдері ислам қаржысын тарту бойынша қандай тиімділікке қол жеткізе алады, мұнай-газ, энергетика, ауыл шаруашылығы, халал индустрия салалары бойынша аймақтық ресустардың дамуына ислам қаржысының қаншалықты әсері болатыны туралы талқылады.
Аймақтық қаржылық реттеушілер кездесуі өтіп, онда қатысушылар құқықтық және нормативтік база дамуы мәселелерін қарастырды. Сарапшылар ислам қар­жыландыруының өсімін қамтамасыз ететін қосымша іс-шара­лардың қабылдануы мүмкіндігін де айтты. Қазақстанның ТМД-дағы ислам қаржы саласы бойынша заманауи заңы бар ерекше рөліне тоқталды. Қатысу­шылардың пікірінше, осы ерекшелік аймақтағы өзге елдерге ислам қаржы­ландыруының дамуына әсер ететін қозғаушы күш болмақ.
Форум кезінде Nasdaq Dubai, Emirates NBD, Norton Rose Fulbright ұйым­дастыруымен «Сукук – активтердің балама түрі» атты семинар өтті. Семинарда сукук нарығының (сукук – облигация­лардың исламдық баламасы») кең қамтылған шолуы қатысушыларға ұсынылды, онда сукуктың шығарылуы, листингі, әртүрлі кейстер бойынша ай­тылды.
Форум аясында ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қойылды.

 

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*