Бейбіт келіссөзде Астананың үлесі үлкен

1197
0
Бөлісу:

 Астанада Сириядағы жанжалды реттеудің кезекті отырысы басталды. Негізгі мәселеге көшпес бұрын тараптар алдын ала кеңес өткізді. Өйткені түйткілді мәселені талқыға салмай тұрып, басты мәселе жөнінде келісіп алу керек-тұғын. 2011 жылдан бері жүріп жатқан соғыста ел күйзелді, экономика құлады.

300 мыңнан астам адам мерт болды. Миллиондаған адам босқын атанды. Ал соғысқа әлі нүкте қойылар емес. Сондықтан елде жүріп жатқан азамат соғысына қалай да тоқтау қою үшін Мәскеуде, Женевада және Астанада келіс­сөздер жүргізілді. Соның ішінде Астана келіссөзінің орны бөлек. Сириядағы текетіресті реттеу үшін Астанаға келген Еуропарламент депутаты Андрей Мамыкиннің айтуынша, Астана үрдісі Сириядағы қанды қырғынды тоқтатуға арналған бірден бір тетік болып отыр. «Қазақстанның бас ордасы Астанада осы елдің президенті және дипломаттары жанжалдасқан топтарды бір үстелдің басына отыр­ғызып, келісімге келуіне мүмкіндік беруі, осы мәселе бойынша Жене­вада өтетін кездесуге түрткі болды» дейді Еуропарламент депутаты.
Сондай-ақ Мамыкиннің айтуынша, тараптар арасындағы келіссөздің сәтті болуына Астанада өткен алғашқы кездесу себеп болғанға ұқсайды. Сол кезде бір үстелдің басына отырып келіссөз жүргізген жанжалдасқан топтар қазақстандық дип­ломаттардың сұңғылалығының арқасында бір келісімге келіп, Шам жеріндегі атысты тоқтатуға уағдаласқан көрінеді. «Бұл табысқа 23 қаңтарда Астанада өткен алғашқы отырыс­тың кезінде қол жеткізілді. Өйткені Қазақстан Президенті мен осы елдің дипломаттары соғысып жатқан оппозициялық топтарды және оның қарсыласы Башар Асадтың өкілдерін бір үстелге отырғызып, бейбіт келісімге келуге жол ашты. Бұл үлкен жетістік еді. Сондықтан Қазақстан дипло­матиясының бұл табысын елеусіз қалдыруға болмайды. Енді соның кезекті кездесуі жалғасуда. Рас, өткен жылы 30 желтоқсанда жан­жалдасқан жақтарды табыстыру кезінде Еуроодақ шет қалған еді. Енді олай болмасы хақ. Қалай десек те, Астана бейбіт келісімнің алаңы ретінде өз рөлін жалғастыра береді деп ойлаймын» дейді Еуропар­ламент депутаты. Қазақстанның Бельгия және Люксем­бургтағы төтенше және өкілетті елшісі Алмас Хамзаев Астана үрдісін Еуроодақ өте оңды бағалауда деген пікірде. – Сирия мәселесіне байланысты өтіп жатқан «Астана үрдісін» Еуроодақ назардан тыс қал­дырмауда. Себебі, сириялық­тардың тек осы алаңда ғана бейбіт келісімге қол жеткізетінін біледі. Өйткені Қазақстанның бұл салада тәжіри­бесі барына көз жеткізген. Бұған дейін Иран мәселесіне байланысты Қазақстанда сәтті кездесу өткізілді. Ендігі кезек – Сирия мәселесі. Қазақстанның дипломатиялық қарымы мықты. Мамандар өте білікті. Содан болар жанжалдасқан қарулы топтар Астанаға еш қарсылықсыз келді. Егер де Еуропаның бір қаласында осындай келіссөз өтеді десе, ешқандай топ аттап баспасы анық. Демек, біздің дипломаттар өздерінің тәжірибелігін осын­дай күрделі кездесулерде нақты көрсете білді. Бұл – үлкен жетістік, – дейді Алмас Хамзаев.

БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Мирослав Енчи де Қазақстанның Сирияда тыныштық орнауына негіз болғаны жөнінде жылы пікір айтты.
«Астана – 1», «Астана – 2» үрдісінен кейін Сирия мәселесі жөнінде Женевада тағы да келіссөз өтті. Оның сәтті болуы Астанада өткен келісімнің әсері десек артық айтпағаным» дейді ол. Сондай-ақ «БҰҰ Сирия мәселесі бейбіт жолмен шешіледі деп Астанаға үлкен үміт артады» дейді БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі. Дегенмен Астанада өтіп жатқан кезекті келіссөзге Сирия қарулы оппозиция тобының өкілдері келмеді. Мұны оппозиция Үкімет әскерлерінің оқ атып бірнеше мәрте бейбіт бітімді бұзғанымен түсіндіруде. Ресми Дамаск қай топ тыныштықты қалайды, тек солармен ғана келіссөз жүргізуге даяр екендіктерін алға тартуда. «Келіс­сөзді оппозиция болмаса да жалғастыруға тура келеді. Барымен базар еткен жөн. Оппозиция бойкот жария­лағанымен Сириядағы бейбіт бітімді біз одан ары жалғастыруға тиіспіз» дегенді айтады Ресей Қорғаныс және қауіпсіздік федеративті кеңесі төрағасының орын­басары Франц Клинцевич. Дегенмен Астанада өтіп жатқан бейбіт келіссөздің үшінші раундына қарулы оппозиция топтары бойкот жариялағанымен, жалпы бейбіт диалогтан бас тартып отырған жоқ. Алдағы уақытта Сириядағы қанды қырғынды саяси жолмен шешу үшін бұл топтар Ресей, Түркия, Иран, ресми Дамаск және БҰҰ өкілдері, сондай-ақ өзге де халықаралық ұйымдармен бірлесе жұмыс жасайтыны анық. Өйткені Сириядағы соғысты тоқтатпай Таяу Шығыста ешқан­дай тыныштық болмайтынын бәрі де түсінеді.

Темірлан БАЯЗИТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*