Орталық Азия тұрақтылығының темірқазығы

1504
0
Бөлісу:

Нью-Йорктегі жұмысқа депутаттар да атсалысады.
Мәжілісте, «Үкімет сағаты» аясында Қазақстанның әлемдік аренадағы іс-қимылдары мен дипломатиясы туралы баяндаған сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қалаулыларды елең еткізген осындай мәлімдеме жасады. Ол сондай-ақ алдағы жылдың қаңтарында еліміз өз тарихында тұңғыш рет жаһандық қауіпсіздікке жауапты құрылымға – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық ететінін жариялады.
Қазақстан Республикасы биыл БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жыл­­дар­дағы мүшесі қызметіне кіріс­кені мәлім. Осы­лайша, қазақ елі әлем­дегі қауіпсіздік жайын анықтап, оған төнген сын-қатерге қар­сы тұру мә­селелеріне ықпал ететін 15 мем­ле­кеттің біріне айналды.
Еліміздің сыртқы саясат ве­дом­ство­сы­ның басшысы БҰҰ Қауіп­сіз­дік кеңесіндегі жұ­мысқа «шектеулі, арнайы мәселелерді пы­сықтау үшін» тиісті отандық министр­лік­тер мен ведомстволардың сарапшылары қатыстырылатынын жеткізді.
– Сондай-ақ терроризмге қарсы кү­рес мә­селелері, бітімгершілік, ді­ни экст­ре­мизм мен радикализмге қар­сы күрес бойын­­ша әртүрлі құ­зыр­­лы меморгандар жәр­демдесуде. Бұған қоса, басымдықты мә­селелер бойынша Қазақстан Пар­ла­мен­тінің де­путаттары да Нью-Йорктегі жұ­мыс­­қа қатысуы мүмкін. БҰҰ Қауіп­сіз­дік кеңе­сінің отырысына өз та­қы­рып­тарыңыз бойын­ша сіздерді де ша­қыру біз үшін үл­кен құрмет. Оты­рыс­тарға депутаттардың қа­тысуы қа­жет болған жағдайда, біздің ми­нистр­лік Парламентті алдын ала ақ­­параттандырады және тиісті іс-ша­раға ат­салысу бойынша ұсыныс­тар береді, – де­ді депутаттық корпус­қа қайырылған Қай­рат Әбді­рах­манов.
Ол еліміздің жаһандық «элитар­лық клуб­­қа» жетекшілік етер мерзі­мін атады.
– Біздің Қауіпсіздік кеңесіндегі тұрақ­­ты емес мүшелігіміздің шырқау шегі – ай сайын ротациялық түрде жаңа­ратын тө­ра­ға­лық болмақ, ол Қа­зақстанның үлесіне 2018 жылдың қаң­тарында тиеді! – деген сырт­қы іс­тер министрі қазақстандық тө­ра­ға­лық жеке құжат қабылдаумен әдіп­телетінін айтты. Бұл – БҰҰ Қауіп­сіз­дік кеңе­сінің арнаулы қарары болуы мүмкін, бірақ ол жағдайда Қа­зақстанға жаһандық ұйымның осы жоғарғы органына тұрақты мү­ше 5 мемлекеттің (АҚШ, Қытай, Ре­сей, Ұлыбритания, Франция) жә­не еліміз сияқ­ты екі жылға уақытша кі­ретін 10 елдің бә­рінің келісімін алу­ға тура келмек. Дәл қазір БҰҰ ҚК-нің тұрақты емес мүшелері қа­та­рында Қазақстан сыртында, Бо­ливия (2018 жылға дейін), Египет (2017), Италия (2018), Сенегал (2017), Украина (2017), Уруг­вай (2017), Швеция (2018), Эфиопия (2018) және Жапония (2017) бар.
Болмаса, тағы бір нұсқа ретінде «Ор­­та­лық Азия және Ауғанстан бойын­ша кеңес төрағасының мәлім­демесі» қарас­ты­рылуда екен.
Жалпы, мүшелік аясында мем­ле­кетіміз кө­теретін мәселелер топ­та­ма­сы белгі­лен­ген. Мұның сыртында тө­рағалық бастал­ғанға дейін Қазақ­стан мүдделі мәселелерді Қауіпсіздік кеңесінің мүшелерімен пы­сықтау және келісімін алу бағытында жұ­мыс жүргізіледі.
– БҰҰ ҚК-ның және бүкіл әлем жұрт­­шылығының назарын Орталық Азия бетпе-бет келіп отырған сын-қа­терлер мен қауіп­терге аударуға ба­ғытталған біздің бар­лық қадам­да­рымыз осы өңірдегі серік­тестері­міз­бен тығыз үйлесімде жүргізілетін бо­­лады. Қазақстанның Қауіпсіздік кеңе­сіндегі 2018 жылғы қаңтар бойы жү­ре­тін төрағалығы аяқталған соң, қол жет­кі­зілген уағдаластықтарды имп­лемен­тация­лау-тәжірибеге ен­діру жүзеге асырылады, – деді Қ.Әбдірахманов.
Әйткенмен, «Үкімет сағатында» па­лата аты­нан қосымша баяндама жа­саған Мә­жілістің Халықаралық істер, қорғаныс жә­не қауіпсіздік ко­митетінің төрағасы Мәу­лен Әшім­баев мемлекеттің бұған дейін Орта­лық Азияны (ОА) «қараусыз» қал­­­­дырғанын сынға алды. Ол Үкі­мет­те күн сайын ОА мәселелерімен шұ­ғылданатын же­ке мамандар то­бын құруды ұсынды.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*