№5 жатақхана

1227
0
Бөлісу:

Табан астында тауып айтылған әзіл адамның жанын жадыратып, көңілін көтеретіні белгілі. Осындай тұрғыдан қарайтын болсақ, Жұмағали Арғынбаев та айналасына шарапатын шашып жүрген жандардың  қатарына қосылатыны сөзсіз. Танымал қаламгердің әр кездері айтқан әзіл-қалжыңдарын оқырман назарына ұсынып отырмыз.


Аурудың белгісі

Қала дәрігерлері Жұмағали Арғынбаевтың денсаулығын тексеру барысында оның қуығында үлкен тас пайда болғанын анықтайды. Қалалық аурухананың урология бөлімшесінде ота жасатып, әлгі пәледен құтылған Жұмекең үйге оралады. Бір жетіден кейін коммуналдық қызметтер үшін ақы төлейтін жерге барады. Жұмекеңнің әзілкеш екенін білетін Наталья Александровна есімді кассир әйел:
– Көптен бері көрінбей кеттің ғой, қайда жүрсің? – дейді көз қиығын тігіп.
– Қуығыма тас байланған екен. Ота жасатып, соны алдыртып тастадым.
– Тас байланғанын қайдан білдің?
– Қыз-келіншектерге қарай алмай қалдым, содан білдім…
Наталья мырс етіп күліп жіберіпті.


Қыт-қыттап кетті…

Жұмағали Арғынбаев Әулиекөл ауданының Қазанбасы ауылында тұратын бір жігіттің үйлену тойын басқаруға барады. Той басталар кезде оның жанына бір әйел келіп:
– Мен белгілі жазушы Сейіт Кенжеахметовтың жиенімін. Мынау менің балам, өзі керемет әнші, – деп жанында тұрған жігітті көрсетеді. – Осы тойда маған сөз бер, сосын балам бір ән шырқайды.
Асабаның арқасында қолына микрофон тиген әйел босқа сөйлеп кетеді. Оның «балам – керемет әнші» дегені де құр сөз болып шығады.
Бірер жылдан кейін Жұмекең Сейіт Кенжеахметовпен кездесіп, Секеңнің «жиендері» туралы әңгімені айтып береді.
– Ол әйел кім болды екен? – деп атақты сатирик ойланып қалады.
– Екеуі де қызық адамдар екен. Әсіресе баласын әңгүдіктеу ме деп қалдым. Той үстінде әтеш болып айқайлап, тауық болып қыт-қыттап кетті.
– Әй, олар менің жиендерім емес екен, – депті Сейіт ағамыз.


Ағасын танытыпты

1990 жылдардың екінші жартысы болса керек. Жұмағали Арғынбаев қала ортасындағы бір дүкенге бара жатады. Сауда орнына жақындай бергенде алдынан екі жігіт шыға келеді. Әлгілердің бірі Жұмекеңнің жолын бөгеп, «Сен Қытайдан келдің бе, әлде Моңғолиядан ба?» деп тиісе жөнеледі.
– Оу, жігітім, мен ешқайдан келген жоқпын, өзіміздің Қостанай облысында туып-өскен адаммын, – деп ана пәлені тоқтатпақ болады.
Көше бұзығы енді мұның жеңінен тарта бастайды.
– Оу, айналайын, біздің Қостанай облысында Арғын, Қыпшақ, Керей, Уақ, Найман рулары тұрады. Өзің қай рудан боласың? – дейді оған Жұмекең.
– Арғынмын… – дейді анау былдырақтап.
– Ой, азған ит, мә саған! – деп Жұмекең әлгіні бір тартып, серең еткізеді. Жерде жығылып жатқан тентектің үстіне төніп:
– Әй, оңбаған, ағаңды (Жұмекең де Арғын руынан) таныдың ба? – дегенде ана байғұс «таныдым…» депті бетін қорғаштап.


Гитараның майы

«Түркістан» газетінің меншікті тілшісі болып жүрген Жұмағали Арғынбаев Алматыдан Қостанайға келе жатады. Журналист отырған пойыз купесіне бір қолына шамадан, бір қолына гитара ұстаған жігіт ағасы келіп жайғасады.
– Аға, сіз өнерлі адам болдыңыз ғой, – деп Жұмекең көршісін әңгімеге тартады.
– Әй, шырағым, маған өнер қайдан келсін, – деп қолын сілтейді. – Біздің қолымызда тұрып жатқан немеремізге алып бара жатқан дүние ғой.
– Гитараңызды шертіп көруге бола ма?
– Әй, қарағым, бірдеңесін бүлдіріп алма. Ішектері үзіліп кетпесін.
Гитара қолына тиген Жұмекең атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне басады ғой. Көрші купеде келе жатқан екі жігіт те бұлардың қасына келіп, әнге қосылады. Қостанайлық қаламгердің өнеріне риза болған жігіттер оған біраз ақша беріп кетеді.
Әлгі ақшаның бәрін жанындағы көршісіне ұсынған Жұмекең:
– Аға, мана маған гитараны әрең беріп едіңіз, мінекей, гитараңыздың майы, – депті көзі күлімдеп.


ДҮКЕННІҢ ИЕСІ

Банкадағы суды ішуге үйреніп қалған Жұмағали Арғынбаев «Балкүміс» деген дүкенге жиі барып, «Люкс» деп аталатын суды алып тұрады екен. Күндегі әдетінше дүкенге келген Жұмекең Балғима есімді сатушыға:
– Осы дүкеннің маңдайындағы жазу маған ұнамайды, өзгерту керек, – деп, есік жақты көрсетеді. – «Балкүміс» деген жазуды алып тастап, оның орнына «Балғима» деп неге жазып қоймайсыңдар?
– Ойбай-ау, бұл дүкеннің иесі бар ғой…
– Иесі болса қайтеміз?! Біз өмірі көрмеген Балкүмістен гөрі, өзіміз күнде көріп жүрген Балғима көп артық. Дүкеннің иесі «бал» деген сөзден арғысын оқып жатар дейсің бе…


Жалбағай

Денсаулығынан кінәрат табылған Жұмағали Арғынбаев қалалық ауруханаға барып жатады. Бір күні әйеліне телефон соғып: «Маған үйден халат әкеліп берші. Мына жерде трико киіп, тыриып жүргенше халатпен жүргенім ыңғайлы болар» дейді. Ертеңгі күні жұбайы Түркияда тігілген жеңіл киімді әкеліп береді. Жұмекеңмен бір палатада жатқан Игорь есімді қасқа бас білгіш:
– Халатың керемет екен, – дейді. – Бірақ, бұл халаттың жалбағайы не үшін керек екенін түсінбеймін.
– Жоғары қара, – деп Жұмекең тілім-тілім боп тұрған төбені көрсетеді. – Төбенің топырағы саулап, төбемізге төгіле бастаса, жалбағайымды жауып ала қоямын. Ал, сен не істейсің? Тақыр басыңа топырақ бытырлап түсіп жатқанда быттиып отыра бересің бе?


Гүлнар ЗҰЛҚАРНАЙҚЫЗЫ,
Қостанай қаласы


«№5 жатақхананың» коменданты – Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*