Терминком талапсыз жазушы жауапсыз ба?

1589
0
Бөлісу:

Негізінде, әлемде қазақ тіліндей бай тіл жоқ. Герольд Бельгер: «Қазақ тілін қарабайыр санайтын надандық бұлтын сейілту үшін мынаны еске алу артық болмас: егер бір ғана «Абай жолында» Әуезов 16 983 сөз қолданса, Шекспир мен Байронның барша лексиконы 15 мың сөзді құрайды. Демек, қазақ әдебиетінің дәмін көрмей жатып, әлемдік әдебиетке қол созудың өзі – ақымақтық» деген болатын. Ендеше, осыншама бай тіліміз бола тұра неге тіліміз жұтаң? Әсіресе, термин сөздерге келгенде дау көп. Қалдыру керек пе?Аудару керек пе?

Қазақ тілінің бай екені рас. Қазақтың тұрмысы, шаруашылығы, салт-санасы, әдет-ғұрпында бір сөздің бірнеше баламасы бар. Бір ғана жылқы атауының өзі жүзге жетіп жығылады. Қазақтың тілі ақсаса – халықаралық терминдерден, аудар­мадан ақсап жүр. Мысалы, маши­на бөлшектерінің қазақша дұрыс атауы жоқ. Сосын әркім әрқалай қазақ­шалап жүр. Біз – техника тіліне кедейміз. Бұл жайлы Нәзір Төреқұлұлы: «Қазақ тілі жетпеген сөзін Ыстанбол мен Қазаннан іздемей-ақ, Ауропадан алады. Үйт­кені қазақ тілі кедей болса, көбінше әзіргі мәдениет, текнике термин­деріне кедей», – дейді.
Бізде аударма саласы да мәз емес. Терминді міндетті түрде қазақша­лағымыз келіп тұрады. Аударсақ, тағы қарық қылмаймыз. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау төріндегі сұхбатында айрықша назар аударып: «Кейбір ұғымдарды орыс тілінен енген деген желеумен біржақты аударуда. Дү­ниежүзіне ортақ сөздердің қазақша баламасын тауып жатыр. Талай жазушылармен, композитор­лармен сөйлесіп жүрмін. «Пианино», «пиано» деген – халық­аралық термин. Оны біз «күйсандық» дедік. Ешқандай жанаспайды. Сандық пен күйдің арасына пианиноны қосуға бола ма? Мысалы, композиторды дүние­жүзінде композитор дейді. Біз «сазгер» деп жүрміз. «Саз» деген басқа мағынаны береді. Мұның бәрі неден шығып жатыр? Өйткені орыстың тілінен арылу керек деп ойлаймыз. Біресе түріктен, біресе арабтан, біресе парсыдан аламыз. Сөйтіп, бұзып жүрміз», – деді.
Қазіргі уақытта бізде жаңа терминдер мен атауларды бекітумен Мемлекеттік терминологиялық комиссия айналысады. Алайда терминком бекіткен терминнің өзін бір ізге түсіру оңай болмай тұр. Аудар­машылар бір сөзді әртүрлі аударып, қазақ тілінің берекесін ке­тіріп бітті. Халықаралық тер­мин­дерді терминологиялық комис­сия бекітіп, «осылай қолдану керек» десе де, мән бермейміз. Өзімізше ақылдымыз, өзімізше жазамыз. Осындайда тер­мин­ком неге талап қоймайды? Бекітіп берген терминді бұзып, басқалай қолдануға неге жол береді? Терминкомның талапшылдығы болмағасын, жазған адам қайтып жауапты болсын?!
Мысалы, терминком «апат» сөзін «аварияның» аудармасы деп бекітті. Бірақ Үкіметтің нормативтік құ­қықтық актілерінен бастап, барлық заңна­мада «аварияны» – «авария», «катастрофаны» – «апат» деп жазып жүр. Авариядан бастап, катастрофа, бедствие, катаклизм, бәрін апат дейміз. Су апаты, дауыл апаты, кеніштік апат, жүйе апаты деген тағы бар. «Катастрофаның» да қазақшасы жоқ. Біресе «үлкен апат», біресе «жойқын апат» деп жазып жүрміз.
Министрліктер мен мемлекеттік мекемелердің құжаттарын қарасаң, басыңды шайқайсың. Ол жерде не жазылғанын адам ұғып болмайды. Бұл бүліну қайдан шықты? Әрине, терминдердің әркелкі жазылуынан. Әркім өз білгенімен түрліше «тәржі­малап» жіберген. Соның салдарынан біріміздің не жазғанымызды екін­шіміз түсінбейтін халге жеттік. Бұл жайлы бір кездері депутаттар Үкімет­басына депутаттық сауал жолдап, терминдерді қолдану тәртібін Тіл туралы заңның шеңберінде реттеуді ұсынған болатын.
«Мысалға, фортепиано деген сөзді алайық. «Пиано» деген сөзді итальяндар бірінші қолданған. «Көп ішекті соқпалы аспап» деген мағына береді екен. Енді соны «күйсандық» деп алып жүргеніміз қалай? Біздің домбыраны басқа халық өз тіліне аудармақ болса, біз қалай қарар едік?! Немесе бес ғасырлық тарихы бар «календарь» деген сөзді «күнтізбе» деп алғанда не болды? Дүниежүзінің халқы passport деп қолданатын сөзді «төлқұжат» деп айтамыз, ал құжа­тымыздың сыртында «паспорт» деп жазылып тұр. Егер біз қазақ тілін тез үйреткіміз келсе, дүниежүзі қол­данып жүрген сөздерді орынсыз аударып, тіл үйрене алмай жүр­гендерге қиындық туғыза­тынымыз қалай?» дей келе, қазақ тілі тер­минологиясының негізін қалаған Ахмет Байтұрсынов пен Құдайберген Жұбановтың халықаралық тер­миндерді қазақ тіліне аударғанда оның нақты мағы­насын бермеген жағдайда өзгеріссіз қабылдау жөнінде ескерткенін еске салған еді. Бұл сауал да жабулы күйінде қалды.
Халықаралық терминдерді, ғылыми ұғымдарды қазақшалаған бір адам болса, ол – Ахмет Байтұрсынов. Алайда Ахаң аударманы асқан тал­ғампаздықпен, тілді шебер пай­далану арқылы атқарды. Бұл туралы өзі: «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда пән сөздерінің даяр-лығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек» деген болатын. Сол себепті, Ахмет атамыз атауларды қазақ тіліне аударғанда бірізді, бірмағыналы, ықшамды, мазмұнды болуына ерекше мән берді. «Буын», «дыбыс», «нүкте», «жіңішкелік белгісі», «зат есім», «сын есім», «сан есім», «есім­дік», «етістік», «үстеу», «шылау», «қосым­ша», «жалғау», «жұрнақ», «сөйлем», «қаратпа сөз», «қыстырма сөз», «леп белгісі», «сұрау белгісі», «бастауыш», «баяндауыш», «пысықтауыш», «қағида», «емле» секілді жүздеген терминді дүниеге әкеліп, тіл ғылымына үлкен жаңалық әкелді. Сөйте тұра, Ахмет Байтұр­сынов кейбір халықаралық терминдерді сол күйінше қалдыруды ұйғарды. Атап айтқанда, «грам­матика», «фонетика», «морфология» деген сөздерді қазақшалаған жоқ. «Дума», «депутат», «фракция», «док­тор», «фельдшер», «флот», «корпус», «батарея», «шрапнель», «солдат», «пулемет», «завод», «телефон», «телеграмма» деген сөздерді де Ахаң мақалаларында осы күйінде жазды. Байтұрсыновтың бұларды аударуға тіл байлығы жетпей қалды ма? Жоқ, бұларды өзгеріссіз қалдырып, қазақ тілінің қайнарына қосуды мұрат тұтты.
Ал біз Байтұрсыновтан білімді екенімізді байқатып, докторды – дәрігер, заводты – зауыт, солдатты сарбаз деп қазақшаладық. Ақыры дәрігерді қазақшалаған екенбіз, стамотологты – тіс дәрігері, лорды – мұрын мен құлақ дәрігері деп жазады екенбіз, неге онда кардиологты – жүрек дәрігері, невропотологты – жүйке дәрігері демейміз? Тағы да бірізділік жоқ.
Дәрігер дегеннен шығады, медсестраның қазақшасын да қарық қыла алмадық. Медбике (әйел), мейірбике (әйел), мейірболат (ер), мейіргер (ер) деп әртүрлі жазып келеміз. «Медсестраны» «медбике» дедік, ал «старшая медсестра» қалай болады? «Аға медбике» ме? Өзі аға, өзі медбике? Тағы түсініксіз. Онда «медбраттың» қазақшасы қалай? Атақ лауазымында «старшыйды» «аға» деуге болатын шығар. «Аға лейтенант» дейміз. Бірақ мекеме басшысы ер адам болса «төраға», ал әйел болса «төрайым» деп атайты­нымыз қалай? Бәрін бірдей «төраға» дей берсек болмай ма? Міне, тер­минді аударғанда қашан да таласқа келіп тірелеміз. Бүйткенше, халық­аралық терминдерді аудармай, сол күйінде қалдыру керек пе еді?
Темірбек Жүргеновтің 1935 жы­лы «Қазақстанда мәдениет ре­во­лю­циясы» деген латын қарпімен шық­­қан кітабы бар. Сол еңбегінде ав­тор халықаралық терминдерді бас­тапқы күйде қалдыруды ұсынған. Қа­зақшаға аударылған кейбір сөз­дер­ді сынға ала отырып, әу бастағы ма­ғы­насын аша алмағанын алға тартады.
«Мәселен, «хирургия» деген сөзді «сылу» деп алған. Хирургия деген – медицинадағы үлкен бір ілім­нің тарауы. Жер үстіндегі жұрт­тың барлығы бұл түсінікті бір түбірлі сөзбен айтады. Мұны қазақ «сылу» деген. «Сылу» деген сөздің қазақ тілінде өз алдына жеке түсінігі бар. Жараны сылуға болады. Бірақ бұл реттің өзінде де ол сөз хирургия емес, оған жататын әрекеттің жаңа бір түрі» деп жазады Темірбек Жүр­генов.
Осы сын әсер етті ме, кім білсін, қазір ешкім хирургияны «сылу» демейді. Алайда қазір бізде «опе­рацияны» «ота» деп қазақшалап жүргендер бар. Былай қарасаң дұрыс аударма секілді. Отау, құрту дегеннен шыққан. Алайда Жүргенов айт­қандай, ота операцияның жараны сылып алып тастайтын бір ғана ма­ғынасын береді. Ал ішкі құрылыс­тарға операция жасау, яғни ағзаны ауыс­тыру немесе денедегі жараны алып орнын қайта тігу, ешқандай да ота емес.
Темірбек Жүргенов жоғарыдағы кітабында халықаралық терминнен қашу, қандай сөз болса да қазақ­шалауға тырысып, қазақтың басқа түсінігі бар сөзіне екінші бір мағына беру, қазақ сөзі мен сөйлемін орыс тіліне жалғау деген секілді бірнеше мәселені алға тартады. «Жаңадан термин іздегенде қазақ тілінің өзінің ішіндегі бар сөздерге көп назар салынсын. Жаңадан табылған терминдер халықтың түсінігін екінші мәнге алып кетпейтін, сол терминнің өз түсінігін беретін болсын. Жат сөз болса, барлығын бірдей термин қылып, тілді матап қоймай, болмаса бар­лық сөзді қазақшаға бірісін қал­дырмай аударамын деп әуре болмай, аударманың халыққа түсінікті болуы мен оригиналдың толық мәнісін беру жағын қарастыру керек» дейді.
Ал Нәзір Төреқұлұлы Жүргеновке сәл кереғар пікір білдірген. Нәзір «Қазақ тіліне кірген жат сөз болса, қазақтың тымағын киген жалпақ қазақ сөзі болып кірсін» деген ұстанымда болды. Терминология турасында Ахмет Байтұрсынұлының бастамасын қолдады. Нәзір Төреқұлұлы
1926 жылы араб қарпімен басылған «Жат сөздер туралы» еңбегінде халықаралық терминдер мәселесі, шет тілдерінен термин қабылдауда назарға алатын құнды пікірлер келтіреді. Ол еуропалық сөздерді қазақ тілінің ыңғайына қарай өзгерту керек дегенге табандап тұрып алған.
«Жат сөздің қайдан, қайсы елден, қайсы тілден келген болса да, мәселенің ең қиын жері – қазақ тілінің қисынын табу. Жат сөздердің тексерілуі қазақ тілінің қисынын табуға жәрдем береді. Жат сөздер бұл іске үлкен пайда беретүн материел… Ауропа сөздері де араб-парыс сөзде­ріндей өзгеруге тиіс. Бұл да қазақшаға қарай қойылған принсіп емес, бар­лық тілде жалпы заң. Пыран­соз­дың la station деген сөзін түрік «стасион» деп, орыс станция деп, қа­зақ ыстанса деп алып отыр» дейді ол.
Жат сөздерді тілімізге лайықтап алуды Халел Досмұхамедов те қолдады. 1924 жылы шыққан өзінің «Қазақ тілінің сингармонизм заңы» еңбегінде: «Жат сөздерді қолдан­ғанда, тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге ылайықтап алу керек. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер, дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады. Бұл туралы Аурупа тілдерінен алдымызда үлгі келтіреміз. Жат сөздерді өзгертпестен алып, бас­тапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз деген – шатасқандық. …Аурупа сөздері бізге орыс арқылы жалғасады. Сондықтан, Аурупа сөздерін, орыстың айтуынша қолданып жүрміз. Бұл дұрыс емес. Аурупа сөзін асыл нұсқасынан алып, өзгертіп қолдану керек. …Аурупа сөздерін алғанда, сөзді қазақ-қырғыз тілінің заңымен өзгертіп, сіңуге қолайлап алу керек. Аурупа тілінен бізге әсері көп тиетін тіл – орыс тілі, орыс сөздерін ықтиярсыз көп қолдануға керек болатын дәуірде тұрмыз. Сондықтан, орыс сөздерін қолдан­ғанда, өте сақтық керек», – дейді Халел Досмұхамедов.

Бізге қайтпек керек? Ахмет Байтұрсынов айтқандай, термин сөздерді қазақшалап, «ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек» пе? Әлде Темірбек Жүргеновше «барлық сөзді қазақшаға бірісін қалдырмай аударамын деп әуре болмаған» дұрыс па? Мүмкін Нәзір Төреқұлұлы, Халел Досмұхамедовтің жолымен терминдерді араб-парсы сөздеріндей сындырып, қазаққа сіңдіру керек шығар? Осыны бір ізге түсірмесе болмайды. Болмашы нәрсе секілді көрінгенмен, бірте-бірте тілдік қорымызды бүлдіріп, бағытымыздан тайдырып жіберуі әбден мүмкін.

Серікбол ХАСАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*