Селдің алдын алатын кез келді

Елімізде жыл сайын наурыз айының басында өткізілетін республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. «Көктем – 2017» республикалық оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдары, күштері мен құралдары көктемгі су тасқыны кезеңінде болуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алуға, селдің зардаптарын жою бойынша іс-қимылдарға дайындалады. ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті өткізіп жатқан республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың негізгі көшпелі басқару штабы биыл Қостанай қаласында орналасқан.
Республиканың оңтүстігінде жер қарая бастағанмен таулы аймақтарында, солтүстік, шығыс облыстарында қалың түскен қар енді отыра бастады. Жылдың осы мезгілінде тау беткейлеріндегі нығыздалған сеңдердің мұрты бұзылып, сел жүру қаупі туындайды. Соған байланысты ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті көктемгі су тасқыны кезеңі шарттарындағы төтенше жағдайларды жоюға Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесі мен халықтың әзірлігін және қабілеттілігін арттыру, азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының көктем кезеңіндегі төтенше жағдайларға әзірлігін тексеру мақсатында кезекті республикалық оқу-жаттығуларын өткізіп жатыр.
Еліміздің барлық өңірде «Көктем – 2017» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында азаматтық қорғау авариялық-құтқару қызметтерімен және құралымдарымен тактикалық-арнайы жаттықтыруларын өткізу жоспарланған. Көктемгі төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша ұйымдастырылып отырған оқу-жаттығуға орталық атқарушы органдар, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары сияқты азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің барлық органдары, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жою жөніндегі комиссиялар, облыстық, аудандық және қалалық азаматтық қорғау қызметтері, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары жұмылдырылған.
– Оқу-жаттығуға дайындалу және оны өткізу барысында – көктемгі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою кезінде азаматтық қорғаудың бағынысты күштері мен құралдарын басқару бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарының үйлескен іс-қимылдары және өзара жасалатын іс-қимылдарды жетілдіру, жергілікті тұрғындарды құлақтандыру және байланыс жүйелерінің әзірлігін тексеру, Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің барлық деңгейде жедел кезекшілікті, болжау жұмысы мен диспетчерлік қызметті, мониторинг жүргізуді ұйымдастыру, материалдық-техникалық қор, азық-түлік пен медициналық резервтерді құру, су тасқыны қаупі болжамдарын ескере отырып, аумақтардың қауіпсіздік паспорттарына, ТЖ жою бойынша іс-қимыл жоспарларына, эвакуациялау мен өзара іс-қимыл жасау іс-шараларына нақтылау және түзетулер енгізу, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның, су тасқынына қарсы және эвакуациялау комиссияларының, азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдары жедел штабтарының жұмысын ұйымдастыру, су тасқыны, су басулар мен су жайылулар шарттарындағы іс-қимылдарға түсіндіру және халықты оқытуды ұйымдастыру сияқты жұмыстарды атқарып жатырмыз.
Алматы қаласы бойынша жаттығуға 2 мың адам, 678 техника қатысуда. Қазір Алатау ауданындағы Энергетик елдімекенінде Қарғалы өзенінің арнасын тазалау, су жүретін жерлерді тереңдету, жағаларды бекіту сияқты селден қорғау жұмыстары жүргізілуде. Оған 139 адам, 24 техника жұмылдырылды. Бұрынғы жылдары көктем кезінде мұнда 30 шақты үйдің ауласына су жайылған болатын, – дейді Алматы қалалық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, полковник Қалымбек Ақбұзауов.
Республика бойынша таулы аймақтарда селден қорғау жұмыстары сәл бұрынырақ басталды. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы «Қазселденқорғау» ММ мамандары бұдан бір-екі апта бұрын қар көшкіндерін және сел қаупін қамтамасыз ету мақсатында «Өскемен – Таулы Үлбі – Северное» тас жолында профилактикалық қар көшкінін түсіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, қауіпті жерлерден 21 500 текше метр қар түсіріліп, құтқару қызметі аймақтағы көшкін және сел қаупінің алдын алды. «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық пайдалану басқармасының мамандары Талғар асуының оңтүстік-шығыс баурайындағы «Школьник» шыңында 2000 текше метр қар көшкін түсірді. Қазіргі уақытта Талғар асуының оңтүстік-шығыс баурайында қар көшкіндері және сел жүру қаупі жоқ.
Көктемгі топан су солтүстік облыстарда әлі жүре қойған жоқ. Күннің көзі күрт жылып, еріген қардың суы күрт көбейген жағдайда көптеген елдімекендерге су жайылады. Таулы қыраттардан сай салаға тасып аққан көктемгі су өзендерге, көлдерге келіп құяды. Еріп үлгермеген өзен бетіндегі мұздың үстіне су шығып кетіп, жағалаудағы елдімекендерді басып қалатын жағдайлар жиі болады. Ауа райының күрт өзгеріп, қыс бойына түскен қалың қардың тез еруіне байланысты, Батыс Қазақстан облысының өзендерінде су деңгейінің көтерілу қаупі бар. Өткен жылдары Деркөл және Шаған өзендерінде мұз жүру кезінде мұздың арнаға кептелуі жиі болды. БҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының сүңгуірлік-құтқару қызметінің басшысы А.Еремеевтің мәлімдеуінше, мұз кептелістерін болдырмау мақсатында Батыс Қазақстан облысының ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары су кетудің алдын алу жұмыстарына кірісіп кетті. Олар мұз қалыңдығын әлсірету үшін оны бұрғылап және өсінді бұтақтарды кесіп, су бетіне түскен ағаштарды жинады. Бүгінгі күні Деркөл сағасында, Деркөл, Шаған және Жайық өзендеріндегі бұрылыстарда жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстар 50 мың шаршы метр аумақта жасалды. Үш күн ішінде 5639 ойық бұрғыланды. Облыс бойынша мұз кептелісі болуы мүмкін, су басу қаупі бар жерлерді және қардың қалыпты еруін құтқарушылар үнемі қадағалап отырады.
Республикадағы Сырдария, Есіл сияқты сел жүру қаупі бар барлық өзендердің бойында осындай топан судың алдын алу бойынша қауырт жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қайыржан ТӨРЕЖАН