Ұлттың ұлағатты ұстанымы

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысынан кейін сөз алған Президент әкімшілігінің басшысы – Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ә.Жақсыбеков «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасында ұсынылып отырған өзгерістердің мән-жайын Парламент депутаттарына түсіндіріп берді.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Парламент қарауына тапсырған заң жобасында «азаматтардың көпшілігі қолдайтын ұсыныстар ескеріліпті».
– Үкіметті қалыптастыру кезінде Мәжілістің рөлін кеңейту, сондай-ақ Парламенттің Үкімет пен оның мүшелерінің қызметін бақылау өкілеттіктерін күшейту ұсынылады. Халыққа үндеуінде Мемлекет басшысы биліктің барлық тармағы тиімді әрі жауапты жұмыс жасауы үшін, сондай-ақ олардың арасында тиісті теңгерім мен қарсы салмақтарды құру үшін осындай қадамға барып отырғанымызды атап көрсетті, – деді Әділбек Жақсыбеков.
Ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер Парламенттің рөлін арттыруға бағытталады. Осы орайда Үкімет құрамын қалыптастырудың келесі тәртібі көзделіп отыр: Премьер-министр Парламент Мәжілісімен кеңескен соң, Мемлекет басшысының атына Үкімет мүшелерінің кандидатуралары туралы ұсыныс енгізеді. Елең еткізгені сол, заң жобасы бойынша Президент тек екі министрді ғана өзі тағайындай алады екен.
«Тек Сыртқы істер және Қорғаныс министрлерін ғана Президент өз бетінше тағайындайды» деді Президент Әкімшілігінің басшысы. Рас, кейбір депутаттар осы тұрғыда заң жобасына төл өзгерістерін қосып, Ішкі істер министрін де Президент-Жоғарғы бас қолбасшы дербес тағайындайтын норма енгізбек ниетте. Себебі, Ұлттық ұлан әскерлері осы ведомствоға қарайтыны мәлім.
Тағы бір тұғырлы өзгеріс бар: Үкімет енді жаңадан сайланған Қазақстан Президентінің алдында емес, жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғарады.
«Билік тармақтарының тиімділігін арттыру мақсатында Үкіметтің Парламент палаталарына есептілігі және солар тарапынан бақылауға алынуы тетіктері күшейтіледі. Конституцияның 64-бабының 2-тармағында Үкімет өз қызметінде Президент және Парламент алдында жауапты деп бекіту ұсынылады. Конституцияның 67-бабының 4-тармақшасының жаңа редакциясына сәйкес, Премьер-министр Үкімет қызметінің негізгі бағыттары және аса маңызды шешімдері туралы тек Президентке ғана емес, сондай-ақ Парламенттің қос палатасына да баяндауға міндеттеледі.
Ә.Жақсыбеков тағы бір принципті жайтқа тоқталды. Ата заңның 57-бабының қолданыстағы 6-тармақшасы бойынша Мәжіліс не Сенат қандай да бір министрдің есебі ұнамаса, көпшілік дауыспен сол Үкімет мүшесін қызметтен босату туралы Президентке өтініш жасай алады. Бірақ өз кезегінде бұған Мемлекет басшысы қарсылық білдіріп, вето қойып тастауы мүмкін. Ондай жағдайда бұл мәселеге тек жарты жылдан кейін орала алады.
Ал конституциялық реформа нәтижесінде, бұл бап түбегейлі түрде өзгеруде. Жаңа заң жобасына сәйкес, министрдің өз қызметіндегі есебін тыңдау қорытындысында, Мәжіліс не Сенат өз депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен, республика заңдарын орындамаған Үкімет мүшесін қызметтен босату туралы ел Президентіне өтініш жасауға хақылы болады. Бұл жағдайда енді Мемлекет басшысы еш сөзге келмей, ол министрді бірден орнынан алып тастайды.
Осындай күрт өзгерісті күтпесе керек, бірқатар қалаулылар оны сескене қабылдады. «Бұл өкілеттік Үкімет жұмысының тұрақтылығына нұқсан келтірмей ме?» деп сұрады сенатор С.Ершов.
– Үкімет жұмысының тұрақтылығына депутаттардың алаңдаушылық білдіруі – сіздер осы нормаға өте жауапты қарайсыздар және бірінші кезекте, ел мен мемлекет мүддесін назарға аласыздар деген сенім туғызады! – деді Әділбек Жақсыбеков.
Оның хабарлауынша, бұл түзету жұмыс тобының отырысында да біраз пікірталас туғызыпты, оған қатысушылар «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын, Жоғарғы кеңестің Мемлекет басшысы мен ел Үкіметіне терең реформалар бастауға мүмкіндік бермегенін» еске түсіріпті.
– Бірақ бұл жаңалық Парламенттің рөлін нығайтуға бағытталып отыр. Қалаулылар Парламенттің Үкіметке, министрге ықпал етер тетіктерінің аздығына қынжылыс білдіріп тұрады. Әрине, Үкімет мүшелерін орнынан кетіру туралы мәселе бекер көтерілмейді. Бұл идеяны палата депутаттарының басым көпшілігі – үштен екісі қолдауы керек. Нәтижесінде, Сенаттың да, Мәжілістің де рөлі артады. Жұмыс тобының байламынша, бұл түзету Үкімет жұмысының тұрақтылығын нығайтуға, оның заң шығарушы органмен үйлесімді, келісімді жұмысын күшейтуге қызмет ететін болады, – деп түйді Әділбек Жақсыбеков.
Оның байламынша, осының арқасында Үкіметтің де жауапкершілігі артады, әрбір министр өз саласы үшін дербес жауапкершілік арқалайтын болады.
Серік АҚЫЛБАЙ, Сенат депутаты:
– Стратегиялық ойлау қабілеті бар саясаткер ретінде Мемлекет басшысы Қазақстандағы демократиялық негіздерді одан әрі нығайту мақсатында Парламент пен Үкіметтің рөлін елеулі арттыруды ұсынды. Елдің дамуы мен өсімі тұрғысынан бұл табиғи және эволюциялы қадам. Бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан кешіп жатқанда, Қазақстан байыпты, батыл қадам жасауда.
Людмила ПОЛТОРАБАТЬКО, Сенат депутаты:
– Қазіргі уақытта судьяларды іріктеудің тәртібі, сот қызметінің құқықтық негіздері, судья лауазымына үміткерлерге талаптар конституциялық заңдарда бекітілген. Сондықтан біліктілік талаптарын Конституцияда термелеп жатуға негіз жоқ деп санаймын.
Мәулен ӘШІМБАЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Конституцияға енгізілетін өзгерістер саяси жүйенің тиімділігін, тұрақтылығын және икемділігін арттырады. Сонымен бірге, президенттік басқару жүйесі де әлсіремейді. Елбасы ел дамуының стратегиялық мәселелеріне, сыртқы саясатқа, ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне басымдылық беріп, ден қоятын болады.
Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Парламентке Президенттің барлық заң шығарушылық өкілеттіктері беріледі. Бұл Парламент рөлін арттырады. Конституциялық түзетулер ел дамуына ықпал етеді.
Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, Мәжіліс депутаты:
– Конституцияның 41-бабында ел Президенті лауазымына кандидаттарға қойылатын біліктілік өлшемдерінің ішінде жоғары білім жайы ескерілмегені мүлдем ақылға қонымсыз. Тіпті мемлекеттік қызметтің ең төменгі сатысы үшін де жоғарғы білім болуы қаралған. Ал елді басқаратын Президенттікке кандидат үшін бұл қаралмаған. Сондықтан да Президенттік кандидатқа қойылатын басты талаптар қатарында міндетті түрде жоғары білімнің болуын Конституцияға енгізу қажет деген нақты ұсыныс бар.
Татьяна ЯКОВЛЕВА, Мәжіліс депутаты:
– Қос палаталы Парламент өзін өзі ақтады. Әсіресе, қазіргі жұмыс жағдайында. Меніңше, жұмыс тиімділігі артты. Бірақ бұл – менің жеке пікірім. Халық та өз пікірін айтты. 2 миллион адам қатысып, 6 мыңнан астам ұсыныс жолдады.
Екатерина НИКИТИНСКАЯ, Мәжіліс депутаты:
– Конституциялық реформаға байланысты саяси партиялар халықтың барынша көп дауысын жинауға ұмтылады. Электоралды белсенділік артады. Жауапкершіліктің артуымен бірге бәсекелестік те күшейеді.
Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, Мәжіліс депутаты:
– Конституциялық реформа арқасында Парламенттің және Үкіметтің рөлі күшейеді. Үкімет Парламент алдында есепті болады. Осыған байланысты бәрінен көп дауыс алған парламенттік партия өз тұғырнамасын Үкімет арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА, Мәжіліс депутаты:
– Президенттің ұсынуымен Сенат Адам құқығы жөніндегі уәкілді сайлауы қажет. Сондықтан мен Сенаттағы әріптестерімнің Конституцияның 55-бабын толықтыру туралы түзетуін қолдаймын. Осылайша, уәкілдің позициясы конституциялық деңгейге көтеріледі.
Наталья ЖҰМАДІЛДАЕВА, Мәжіліс депутаты:
– Біз ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтау және дамыту Конституцияның негізгі принциптерінің бірі болуға тиіс деп санаймыз. Сондықтан мен әріптесім Роман Кимнің тек ұлтаралық қана емес, сондай-ақ дінаралық келісімді де қорғаудың конституциялық кепілдіктері қажеттігі туралы бастамасын қолдаймын.
Айхан ШӘРІП