«Айқын» – ОТАУ ИЕСІ

2576
0
Бөлісу:

«Айқын» газетінің шыр етіп жарық дүниеге келгеніне – 13 жыл. Қазақша өлшеммен алғанда бір мүшел. Осы бір мүшелге толғанша газетіміз талай тар жол, тайғақ кешуден өтті… Дүбірі жер жарған кезеңі де болды. Дүбірінен күбірі көбейген күндерді де өткізді… Ой мүжіген журналистеріміз аз емес: олардың бәрінің аты-жөнін санамалау міндетті болмас, дегенмен «Айқынның» қабырғасында қызмет істейтін қаламгерлердің оншақты кітабы шықты; сол кітаптың әрқайсысында газет бетінде жарияланған мың сан мақаланы қайта ұшыратуға болады, бұл – «айқындықтардың» кілең өміршең тақырыптарды қозғағанының айқын дәлелі. «Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» деген қанатты тіркес бар. Сол мың күндік сөзді жазу үшін ойдың кенін қазу керек. Ал бұл оңай шаруа ма?

Неге таксист отыра қалып, өлең жазбайды? Неге шах­тер қайласын тастап, қолына қалам алмайды? Неге етікші бізін тастай салып, көркемсөзді кестелемейді?
Қолына қалам ұстаған жандардың кеудесіне Алла Тағала сөздің нұрын сепкен: әйтпесе сан жетпес сәулелі сөз қайдан шығады? Талайдың тіл ұшына ілінетін толайым тіркес қайдан туады? Көкіректе сөздің сәулесі болмаса – ақ қағазға қаз-қатар түскен талай сөйлемде жан да, жылу да, қуат та болмас еді ғой!
«Айқын» – отандық журналистиканың озық жам­поздары жиналған редакция. Редакция қызметкерлерінің жүрегінде отаншылдық, мемлекетшілдік, ұлтшылдық сезім бар. Қазақ елінің Тәуелсіздігі – басты құндылық саналады; ал елдік, ұлттық мұрат басты қаперде тұрады, халықтың мұңы мен мұқтажын, арманы мен аңсарын қаузап жазудан қалыспайды; жаңа тақырып, жақсы бастамалар мен тың идея төңірегінде топтаса қимыл­дайды. Газет журналистерінің өзіндік ізденісі жыл сайын қатары толығып отыратын оқырман қауымның қол­дауына ұласады. Жаһандық журналистика көшінен қалыс қалмай, осы заманғы талаптар үдесінен шығуды мақсат тұтады.
Халқымызда «Он үште – отау иесі» деген мерзім өлшемі бар ғой. «Айқын» да сол жасқа жетіпті. Ежелгі жыр-дастандардағы ай мен апта сайын емес, күн һәм сағат сайын өсетін батырларша «Айқын» да сәт санап, сағат санап ерте өсті. Жарыққа шыққан күнінен бастап Қазақ­станның ақпарат нарығында өз орнын алуға ұмтылды. Газеттің қаз басып тұруына, аз уақытта қалыптасып кетуіне Ерлан Бекхожин, Сайын Есмағи, Серік Жанболат секілді азаматтар белсене атсалысты. Серіктен кейін Бауыржан Омаров секілді сөз зергері басшылық тізгінін ұстады. Баспасөз бәйгесі мен бәсекесінде оза шауып, төске өрлеген күндері көп; аптығы басылып, солығы көбейген кезеңдердің өзінде айтар сөзін айтып-ақ келеді; «айт­қызбасым – айтқызбас» дегендей, құрық басына сырық жалғанған уақытта да ұлт мүддесі жолындағы айқын бағытын сақтап отыр; айбарынан жел еспесе де айдарынан айырылмауға тырысып келеді…
Қазақ баспасөзінің ұлт пен уақыт алдындағы үштаған айқын бағдары өзгермек емес. Ол – ақпараттық, ағартушылық және танымдық бағыттар. Ақпараттық жағынан қазір әлеуметтік желіге ең жылдам деген ТВ-ның өзі ілесе алмай қалады; сол себептен де басылым бетінде ағартушылық және танымдық бағыт-бағдарға сай дүниелер көбірек болады.
Кез келген басылымның арқа сүйері – қалың оқырман қауым. «Айқынның» алғашқы нөмірінен бастап, бүгінгі күнге дейін шыққан барлық санын жеп отқан нанын қоя сап, тұтас сақтап отырған шын жанашыр, шынайы тілектес оқырман қатары жеткілікті. «Ықылас – халас» деген, біз де сол мәртебелі оқырман қауымның көңіл көкжиегінен алыстап қалмау қамындамыз. Тәуелсіз елмен бірге өсіп, азат ұрпақпен қатар ел егемендігін, Тәуелсіздік тұғырын баянды етуге бар күш-жігерімізді жұмсауға еріктіміз.
«Айқынның» мүшел жасы құтты болсын!


Алғашқы нөмірге «Литер Медиа» ЖШС директоры Ерлан Бекхожин: «Қадірлі оқырман! Биылғы наурыздың айтулы жаңалығының бірі қолыңыздағы – «Айқын». Еліміздің ақпарат саласында қазіргі заманғы оқырман талғамына сай келетін, қазақ тіліндегі объективті газетті шығаратын уақыт баяғыда келген. Кез келген күрделі мәселені халыққа түсіндіріп отыру, қарама-қайшы пікір туғызған проблемаға объективті ақпарат беру, елең еткізерлік жаңалықты бұрын жеткізу – көктеммен бірге келген «Айқын» газетінің басты мақсаты», – дейтін құттықтау сөзін жазыпты. «Айқынның» мүшел жасқа келген туған күні қарсаңында газеттің бүгінге дейін жарық көрген сандарын бір парақтап шықтық. Басылымның бүгінге дейін түрлі форматта, әртүрлі айдармен көтерген мәселелеріне тоқталсақ, бірнеше томдық кітап болары сөзсіз. Десек те, «Айқындағы» қызықты деректерге тоқталуды жөн көрдік. 


Қызықты дерек

«Айқынның» болашағы қандай болады?
Басылымның құрылғанына бір жыл толған уақытта редакция ұжы­мы тәжірибелі жұлдызшы Назарбек Қожамсейітке осындай сауал жол­даған екен. – Менің болжамым бойын­ша, қарапайым оқырманнан бас­тап жоғары лауазымды шенеу­ніктерге дейін ә дегеннен өзін мойын­датып үлгеріп, зор беделге ие болған «Айқынның» алдағы жылдарда БАҚ майданында ойып тұрып орын алатыны сөзсіз. Оған «Айқынның» әр санында жария­ланған мақалалары толық дәлел болады деп айта аламын. Дәл қазір басылымның таралымы да ең іргелі, тарихы тереңде жатқан бірқатар газеттерден әлдеқайда жоғары, көш ілгері. Ал «Айқынның» жұлдызының орналасуына жүгінсек, ХХІ ғасыр – «Айқын» газетінің ғасыры болмақ. Басылым жұлдызының жанатын уақы­ты алыста емес. Бұл – көк тәңірі, жұлдыздарға сүйенгендегі жо­рамал-болжам, – депті бол­жамшы.
Рас, одан бері «Ай­қын» газе­тінің жұл­­дызы жан­­ған сәттері аз бол­ған жоқ. Әлі де бол­са, бір­­қатар басы­лымдардың ара­сында озық тұратыны анық.

«Айқынның» арнайы беттері
«Айқынның» аяғынан тік тұрып кетуі үшін редакция ұжымы күрделі тақырыптарды көтеріп, тың ай­дарлар ашып, арнайы беттер дайын­дауда көп ізденеді. Сол мақсатта «Айқынның Дидар TV газеті», «Ғажайып ғалам» – басылымның ғылыми, діни, танымдық газеті және «Құн» атты арнайы беттері дайын­далады. Қарапайым газет нөмірі 8 беттен жарық көрсе, бұл қосымшалар аптасына 1 рет сол сегіздікке 4 бет болып қосылып отырды. Тіпті әрқай­сысының өз редакторлары да болған. «Дидар TV» – сол кездегі телевизиялық жобалар, журналистік этика, сөз бостандығы және тағы басқа көрерменге айтары көк жәшіктің проблемаларын көтереді. Ал «Құн» – қаржы, нарық, эко­номика және адам капиталына қа­тысты бірқатар түйткілді мәсе­ле­лердің түйінін тар­қат­қан. «Ға­жайып ғаламда» аты айтып тұр­ғандай, діни және мистикалық тақырыптарды ғылыми, танымдық тұрғыда жазы­лып отырған. Кейі­нірек, аптасына 1 рет А3 форматында «Айқынның» арнайы қосымшасы жарық көрген. Бұл қосымша күні бүгінге сенбілік нөмірде басылып келеді.

Дизайн жайында…
«Айқын» газетінің 13 жылдық та­рихында төрт рет стилі мен ди­зайны өзгерген екен. Алғашқы дизайнның авторы сол кездегі жауапты хатшы – Мақсат Әділхан. Бұл уақытта басылымның сыртқы пішінін күлгін және сұр түстерді сәйкестендіру арқылы қалың оқырманға ұсынған. Бұдан кейін 2006 жылы газеттің сыртқы келбеті қанық қызыл сары және қара түс­термен безендірілген. «Айқын» 9 жас­қа толғанға дейін жаңа дизайн­мен оқырманға жол тартқан. Мұн­дағы өзгеріс ашықтау қызыл сары мен қара түс. Ал қазіргі уақытта газет заманауи тың дизайн­мен жарық көруде. Мұнда басылым атауының дизайны мен шрифті өз­гер­ген және жалпы газеттің сырт­қы келбетіне ұлттық ою-өрнек эле­мент­тері қосылған.


Бүгінде «Айқын» – аптасына 4 рет жарық көретін республикалық қоғамдық-саяси газет. Аталмыш басылым 2005 жылы Президент сыйлығын, 2006 жылы «Алтын жұлдыз» сыйлығын жеңіп алды. «Айқын» газетінің негізгі тақырыбы – саясат, экономика, мәдениет, спорт және қоғамдағы әлеуметтік мәселелер. Күнделікті таралымы – 40 000 дана. Сенбі күні 24/32 беттік «Айқын-апта» қосымшасы жарық көреді. Сонымен қатар басылымда жарық көрген мақалалар aikyn.kz сайтында шығады.

Айдана Нұрмұхан

Бөлісу:

Пікір жазу


*